Жәрмеңкенің халыққа тигізер пайдасы зор

841 Views

Жәрмеңкенің халыққа тигізер пайдасы зор

Сәрсенбі күні Қарақыстақ ауылдық округінің мәдениет үйінде «Ашық мемлекет» атты жәрмеңке өтті. Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өткен аталмыш жәрмеңкенің мақсаты – мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді барынша оңайлатып, тұрғындарға дәйекті әрі нақты кеңестер беру. Айта кетейік, «Ашық мемлекет» жәрмеңкесі өткен жылы Қорағаты ауылында да ұйымдастырылған болатын.

Жәрмеңкеге аудан әкімдігінің жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ветеринария, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімдерінің басшылары мен мамандары, сондай-ақ, аудандық Әділет басқармасының қызметкерлері қатысып, жергілікті жұртшылыққа қажетті кеңестерін берді. Біз де ауыл тұрғындарының сауалдарына құлақ түріп, тыңдап көрген едік.

Мәселен, ауыл ақсақалы Мұқан Исабаев жайылым жер ала алмай жүргенін айтады. Зейнеткер қарияның сауалы қазіргі таңда өте өзекті тақырыптардың бірі екенін сөз еткен аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұханбет Жанаділов:  -Жер кодексінің 48-бабы бойынша мемлекет меншігіндегі жерлерді халықтың сұранысына байланысты аукцион ойнату ұйымдастырылады. Ол аудандық газет бетінде жарияланады. Сіз біздің бөлімге өтініш жазуыңыз керек. Сосын арнайы құрылған комиссия оны зерделейтін болады,-деді. Ал Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте зертханашы болып жұмыс істейтін Азиза Аруанбекова әлеуметтік жәрдемақы алу мәселесі төңірегінде сұрақ қойды. Көп балалы ананың бұл сауалына аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әлеуметтік көмек көрсету секторының меңгерушісі Айхан Назарбеков жан-жақты мысалдар арқылы сөз қозғап, тұщымды жауап қайырды.

Марат АЯТБЕРГЕН.

Поделиться ссылкой: