ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ ӘКІМ ЕСЕБІН  ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

790 Views

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ ӘКІМ

ЕСЕБІН  ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысқа аудандық мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңестің 14 мүшесі, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және мектеп директорлары қатысты. Бұл жиында аудан әкімі Асқар Қырықбаевтың 2018 жылы өлкеде атқарылған ілкімді істері жөніндегі қорытынды әрі алдағы жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық даму перспективасы турасындағы есебін тыңдау жоспарланған еді. Алайда, кеңейтілген отырыстың алдында аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Шорабек Атабаев аудан басшысының шұғыл түрде Тараз қаласына жол жүріп кеткенін мәлім етті.

– Өздеріңізге белгілі, аудан әкімі Асқар Қырықбаевтың 2018 жылы атқарған жүйелі жұмыстарының тезистік нұсқасы жергілікті басылым бетінде жарық көрді. Оның үстіне, аудан басшысының ауылдық округтерде өткен есеп беру жиналыстарынан «Құлан таңы» газетінің журналистері мақала жазып, аудан тұрғындарына ақпарат таратып отырды. Барлықтарыңыз оқыған боларсыздар. Сондықтан кеңейтілген отырысымызды кейінге шегермей, аудан әкімінің қорытынды есебін тыңдалды деп есептесек,-деген ұсынысын жеткізді Шорабек Атабайұлы. Бұл ұсынысты Қоғамдық кеңес мүшелері мен жиынға қатысушылар толығымен қолдады.

 Бұдан соң, Шорабек Атабаев қосымша баяндама жасап, өткен жылы ауданымызда оңды тірліктердің жасалғанын айрықша атап өтті. Сондай-ақ, ол өз сөзінде қазіргі таңда Қоғамдық кеңес халықтың мұң-мұқтажын мемлекеттік органдарға жеткізуші ғана емес, ақылдасу алаңына айналған шынайы бірлестік екенін айта келіп, 2018 жылы аталмыш кеңесте 5 төралқа, 3 қоғамдық тыңдау,18 кеңейтілген отырыс өткенін тілге тиек етті. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына 18 мониторинг жүргізілгені турасында да Қоғамдық кеңес төрағасының баяндамасында айтылды.

 Жарыссөз барысында өз пікірін ортаға салған аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі Түзел Алагөзова аудан әкімінің барлық есепті кездесулерін газет бетінен оқығанын айтып, Асқар Қырықбаевтың іскерлігіне жоғары баға берді. Қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі Мұратхан Ыстыбаев та ардагер ұстаздың пайымды пікірімен келісетінін жеткізді. Жиын соңында сөз сөйлеген аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Есімқұлұлы «Кез келген мемлекетте жақсыны үлгі ете отырып пікір білдіру, қоғамдық дамытудың қозғаушы күші болып табылады. Осы тұрғыдан алып қарағанда үш жыл қызмет атқарған аудандық Қоғамдық кеңес айтарлықтай жұмыс жасады деп айтуға толық негіз бар. Осынау жылдар ішінде кеңес мүшелері өздерінің белсенділіктерін көрсетті. Алда сайланатын жаңа құрам да дәл осындай қарқынмен жұмыс жүргізеді деп ойлаймын. Елдің іргесі берік, жұрттың ұйқысы тыныш болсын» десе, Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Арыстанбеков Қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстарына ризашылығын білдірді.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: