Асхат республикалық айтысқа жолдама алды

775 Views

Асхат республикалық айтысқа жолдама алды

Иә, кейінгі кезде қарға тамырлы қазақ айтысқа айызы қанғанмен оған төрелігін айтатын қазылардың әділдігіне көңілдері толмай жүргенін әр жер-әр жерден естіп қалып жүрміз. Әрине, облыстық ақындар айтысын атынан ат үркетін ақын Жүрсін Ерманов басқарған жоқ. Айтысқа облыс әкімі баспасөз қызметінің басшысы Біржан Сартбекұлы Сөктай сынды әділ журналист төрағалық етті. Суырыпсалма ақындар Ахметжан Өзбеков, Айтмұхамбет Исақов, Ербол Қанбатыров, Шырын Мамасеріковалар төрелігін берді. Ол рас, отыз ақынның бәрі бірдей қамшы салдырмайтын дүлдүл емес, десек те байзақтық Рай Дөңбайдың ел көкейіндегіні тауып айтатынына сүйсіндік. Қордайлық кер маралдай керілген, сөзі мірдің оғындай Күмісай Сәрсенбековаға жұрт бұрынғыдай қол соға қоймады. Оның үстіне шайырлар енді шабыт ала бастағанда төрешілер айтысты оқтын-оқтын тоқтатып тастап отырды. Әйтпесе, Дидар Басықараев, шулық Айым Көшербаева, Нұрлан Жұмабековтердің сөз саптасы да, қиыннан қиыстырып айтуы да жанкүйерлерге жағып еді. Олардың бәрі де алғыс хат пен ынталандыру сыйлығынан әрі аса алмады. Біздің Тұрар Рысқұлов ауданынан барған екі ақын да нағыз айтыс көрсетті. Айтбек Тұрсынбаев таластық Нұржан ақынды арыстанмен алысқандай сілкіледі. Айтбектің: «Еске алсам өткен бес жылды, көзімнен жасым ағады. Айтқаныңның бәрі рас, жүрегім менің жаралы» деп Ұлы Отан соғыс құрбандарын еске алғанда жұрт тебіреніп кетті. Ол несиенің әлегін де, шетке яғни Сирияға кеткендердің де адасқандығын ауызға алды. Мақамы да, домбыра тартуында да бір міні жоқ Айтбек ақтық айтысқа шыға алмай қалды. Оған осы жолы ынталандыру сыйлығы ғана бұйырды. Ал, екінші жерлесіміздің мұндай айтыстарға бұрыннан-ақ, жүрегі шайлықпай қатысып жүргенін көптен білетіндіктен Баласағұн концерт залында оны бір деммен тыңдадық. Оның қарсыласы Қордайдан келген қырғыз ақыны Таалайбек Бұғыбаев болатын. Ол Асхатқа: «Отыз қарбыз, жеті қарға, тағы біреу» деп жұмбақ тастап еді, Асхат мүдірмей: «Отыз қарбызың отыз ақын да жеті мен сегізіншің қазы болды ғой, онда атам Қылыш болған соң қынымнан қылышымды суырып, отыз қарбызды жарып тастасам қайтеді» деп сөз тауып кетті. Екі ақын «Сен Жамбыл болсаң мен Тоқтоғұлмын» деп, көненің көзін тауып, жезде мен қайын болып тамаша айтыс өнерін көрсетті. Асхат ақын айтыс соңында жұбы табылмай келген тараздық Шапағат Әбдірмен де айтысып, жұрттың айызын қандырды. Сөйтіп, төрешілердің ұйғарымымен екінші орынды еншілеп, Республикалық айтысқа жолдама алды. 

Жамбыл ауданынан келген Нұрлыбек Құрманов пен байзақтық Дархан Әбдіманаптың айтысы да залдағы жұрттың көңілінен шықты. Айтыс қорытындысы бойынша Дарханға бірінші орын, ал, Нұрлыбекке үшінші орын бұйырды. Бас ж ү л д е ж а м б ы л д ы қ Қ а н а т Мырзаханның қанжығасына байланды. Сонымен облыстық «Жамбыл менің жай атым, халық менің шын атым» атты ақындар айтысы мәресіне жетті. Енді жүлделі төрт орынды жеңіп алған төрт ақын республикалық додаға қатысатын болады.

С.ҚОЖЕКЕ,

Тараз қаласы.

Суретте: облыстық ақындар

айтысынан көрініс.

Поделиться ссылкой: