Оқы, қазақ!

22 Views

Жуырда қырғыз елінің ғасырдан
астам тарихы бар «Кыргыз туусу» газетінің бас редакторы Алмаз Құлматовпен сапарлас болған едік. Жол үстіндегі
әңгімемізде ол «Оқитын жұртты қайтару» атты тың бастамалары туралы айтып қалды. Сөйтсем, бұл – іргелес
елдің байырғы басылымы қолға алған
төл жоба екен.
«Әзірге қоғамды осы идея төңірегіне топтастырып, зиялы қауымның
қолдауына ие болуға күш салып жатырмыз. Осылайша қажетті қоғамдық-саяси негіз қалыптастырып, алғышарттарын
әзірлеп жатырмыз. Ендігі мақсатымыз – бастаманы мемлекеттік деңгейге көтеру», – дейді әріптесіміз.
Басылымның қолға алған нақты
жұмысы да жетерлік. Ғылыми конференция, пікірталас, студенттер
мен жастардың қатысуымен кездесу,
байқау, челлендж бен подкастар… Мені
осы іс-шаралардың арасында газет
пен сайттарында жарияланған «Әдеби
кейіпкер және заман» атты тұрақты
айдары қызықтырды. Айдар аясында
әдеби шығармалардың кейіпкерлерімен
ойша диалог құрып, көркемсөз оқу мен
басқа да әдеби жобалар ұйымдастырылады екен.
Осыны естігенде Ғабит Мүсіреповтің
«Қазақ солдаты» романындағы милиционер ағайдың Оралға оқуға кетіп бара жатқан балаларға: «Оқыңдар, балалар!
Қазақтың оқуда кеткен еншісі көп! Атаң
үшін де оқы, әкең үшін де оқы, өзің
үшін десең де оқы», – деген сөзі ойыма
оралды. Естеріңізде болар, ол тіпті:
«Мен оқымаған адаммын. Ерте туып,
кеш қалдым. Оқымаған кісі қай алысқа
барады дейсің», – деген өкінішін де
жайып салатын. Кезінде қазақ баласын
оқу-білімге шақырған милиционер
ағайдың осы үндеуі бүгін де маңызын
жойған жоқ.
Рас, заман өзгерді. Оқудың мүмкіндігі
артты, ақпарат көзі көбейді. Бірақ
кітапқа деген ықылас пен газет-журнал
оқуға деген ынта бұрынғыдан бетер
алаңдатып отыр. Себебі телефонға
телміріп, әлеуметтік желілерге байланған, енді жасанды интеллектіге жармасқан жастың да, жасамыстың да қолына кітап ұстату тіпті қиындап барады.
Ақпарат ағыны күшейген заманда
кітап оқу мәдениетін сақтап, оны жастар
арасында насихаттауға бағытталған
нақты істер біздің елде мемлекеттік
деңгейде жасалып жатыр. Президент
биыл 16 мамырда «Кітап оқу мәдениетін
дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру
жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа
қол қойды. Осы құжат аясында кітап
оқуды насихаттау, кітапхана ісін жаңғырту, Ұлттық цифрлық кітапхана
платформасын құру және «Зерделі
ұлт» тұжырымдамасын әзірлеу секілді
жүйелі міндеттер белгіленді. Жеті
бағытты қамтыған «Кітап оқитын
ұлт» республикалық марафонының
да көздегені – кітап оқуды белгілі бір
жастағы балалардың ғана міндеті емес,
бүкіл қоғамның ортақ мәдениетіне
айналдыру.
Жақында Мәдениет және ақпарат
министрлігі бұл ауқымды марафонға
миллионнан астам адамды тарту көзделіп
отырғанын хабарлады. Қатысушылар
арнайы жасақталған тізімдегі қазақ
және орыс тілдеріндегі 300-ден астам
шығарманың арасынан өзіне ұнағанын
таңдап, 15 кітапқа дейін оқи алады.
Бастаманың алғашқы нәтижелері де
көңіл қуантады. Марафон басталғалы
қатысушылар әлеуметтік желілерде
оқыған кітаптары туралы 55 мыңнан
астам бейнепікір жариялап үлгерген.
Байқаудың келесі кезеңінде әр өңірден
үздік 10 оқырман іріктеліп, олардың
арасынан 200 қатысушы Астанада
өтетін республикалық финалда бақ
сынайды. Ал шешуші сында оза шапқан
ең үздік 10 оқырманның әрқайсына 10
миллион теңгеден сыйақы табысталады.
Бұл – кітап оқуды ынталандыруға бағытталған қомақты қолдау ғана емес, оқу мәдениетін қоғам өмірінің маңызды
құндылығына айналдыруға деген
ұмтылыстың да көрінісі.
Бір ғасырдан астам уақыт бұрын
Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!»
– деп ұран тастағанда, көздегені
ұйқыдағы ұлттың санасын сілкіндіріп,
елді оқу-білімге, өркениетке ұмтылдыру
еді. Ұлтты оятқан сол мұраттың мәні
өзгерген жоқ. Керісінше, ақпарат
тасқыны ақыл-ойдың тереңдігін
алмастыра алмайтын, ал экранға
байланған уақыт кітаппен сырласуға
мұрша бермейтін дәуірде оқуға қайта
бет бұрудың маңызы тіпті арта түсті.
Ендеше, «Оян, қазақ!» ұраны ұлттың
санасын серпілтуді мұрат етсе, бүгін сол
сананы кітаппен байыту мәселесі өзекті
болып отыр. Өйткені бүгінде кітапты
сыйлық үшін парақтайтын емес, білімді
байлықтан биік қоятын, оқуды рухани
қажеттілік санайтын ұрпақ керек. Бізге
кітапты ақшадан артық көретін ұрпақ
тәрбиелеу қажет. Өйткені оянған ұлт
оқудан қол үзбеуге тиіс.
Оқы, қазақ!
Білімді ұлт қана төрткүл дүниеге
төрелік айтады.
Бану ӘДІЛЖАН,
журналист.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий