ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ – ұлттық тәрбиенің көрінісі

12 Views

Қазақ халқы ежелден үлкенді сыйлап, қарияны құрметтеуді
адамгершіліктің биік өлшемі санаған. «Қариясы бар елдің – қазынасы
бар», «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген қанатты сөздер халқымыздың
өмір салтында ерекше орын алған. Бұл – жай ғана айтылған сөз емес,
ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиенің негізі.

Қарт адамдар – елдің өткені мен
бүгінін жалғап тұрған алтын көпір.
Олар талай тарихи кезеңді бастан
өткеріп, қоғамның дамуына өз үлесін
қосқан жандар. Сондықтан қарияларға
құрмет көрсету – олардың еңбегін
бағалау ғана емес, өткенге тағзым
жасап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу
болып табылады.
Қазақ отбасында үлкен кісінің орны
әрдайым ерекше болған. Балаларға әже
мен атаның ақылын тыңдау, сәлем беру,
батасын алу, жолын кеспеу, төрден орын
ұсыну сияқты қарапайым әдеттер бала
тәрбиесінің ажырамас бөлігі саналған.
Осындай ізгі дәстүрлер арқылы жас
ұрпақ үлкенді сыйлауды, кішіге қамқор
болуды, әдептілік пен жауапкершілікті
үйренген.
Бүгінгі қоғамда да бұл құндылықтардың маңызы төмендеген жоқ.
Керісінше, қарқынды өзгеріп жатқан
заманда ұлттық тәрбиенің негіздерін
сақтау аса қажет. Қарттарға көңіл бөлу,
жағдайын сұрау, қолдау көрсету – әр
азаматтың адамгершілік парызы.
Қарияға құрмет тек мерекелік
күндермен шектелмеуі керек. Үлкен
адамның хал-жағдайын сұрап, үйіне
барып, қажет кезінде көмектесу, жылы
сөз айтып, әңгімесін тыңдау – үлкен
сауап әрі тәрбиенің үлгісі. Кейде үлкен
кісіге материалдық көмектен бұрын
қарапайым ғана көңіл бөлу мен жылы
қарым-қатынас қажет болады.
Әсіресе жастар тәрбиесінде аға
буынның өнегесі ерекше маңызды. Қарт
адамның өмірлік тәжірибесі – кейінгі ұрпақ үшін құнды сабақ. аталарымыз бен әжелеріміздің әңгімесі арқылы тарихымызды, салт-дәстүрімізді,
ұлттық әдет-ғұрпымызды танимыз.
Сондықтан қариялардың өмір жолын
жастарға үлгі ету – ұлттық тәрбиені
жалғастырудың бір жолы.
Қарттарға құрмет көрсету отбасыдан
басталады. Бала үйінде үлкенге қалай
қарағанын көріп өссе, сол тәрбиені
өз өмірінде жалғастырады. Атаанасын сыйлаған, әжесі мен атасына
қамқор болған бала ертең қоғамда
да мейірімді, жауапты азамат болуға
ұмтылады. Демек үлкенге деген құрмет
– адамның бойындағы ізгі қасиеттерді
қалыптастыратын маңызды тәрбие
құралы.
Қарттарға құрмет – бір күндік науқан
емес, күнделікті өмір салты болуы тиіс.
Өйткені бүгінгі жас – ертеңгі қария. Біз
үлкендерге қандай құрмет көрсетсек,
келешекте кейінгі ұрпақтан сондай
сыйластық күтетін боламыз.
Ұлттық тәрбиенің күші де осында.
Қартын қадірлеген ел өзінің тарихын,
дәстүрін және рухани құндылықтарын
қадірлейді. Ал үлкенге құрмет көрсетілген жерде отбасының берекесі,
қоғамның бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығы нығая түседі.
Сондықтан әрбір отбасында қарияның өнегелі сөзін тыңдап, ақылын
ардақтап, батасын алуға мән берген
жөн. Жастарға үлкенді сыйлаудың мәнін
түсіндіріп, оны тек сөзбен емес, іс
жүзінде көрсетуіміз қажет.
Г.ЖИЕНБАЕВА,
аудандық Отбасын қолдау
орталығының әлеуметтік жұмыс
жөніндегі маманы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий