«ӨМІРІМДЕ АТАҚҚА ДА, БАЙЛЫҚҚА ДА ҚЫЗЫҚПАППЫН»

903 Views

«ӨМІРІМДЕ АТАҚҚА ДА, БАЙЛЫҚҚА ДА ҚЫЗЫҚПАППЫН»

Өткен жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының бас жүлдесін Қазақ ауылында тұратын Ниязқұловтар әулеті жеңіп алған болатын. Өз басым бұл әулеттің қамқоршы тірегі, Қазақ ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Өмен Ниязқұловпен үздіксіз байланысып тұрамын. Жақында аузы дуалы ақсақал редакциямызға келді. Тыңдадық. Пікірлестік. Газетіміздің бүгінгі санында ұстаздық қызметте табаны күректей 44 жыл еңбек етіп, «Қазақстан оқу-ағарту ісінің озық қызметкері» атанған Өмен қариямен болған сүбелі сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

–Өмен ата, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық, облыстық кезеңінен үздік шықтыңыздар. Республикалық кезең қалай болды?

–Астанада өткен қорытынды байқауда жеңімпаз атанамыз деген ой мүлде болған жоқ. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ниязқұловтар әулеті дегенде не сенерімді, не сенбесімді білмедім. Маратжан, шынымды айтайын, осы сәтте көзіме жас та келді. Бұл жерде ешқандай тамыр-таныстық орын алмады. Халықтың басым көпшілігі бізге дауыс берген екен. Осы орайда ел-жұртқа, әсіресе, жерлестерімізге өз ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге қолдау көрсеткен облыс, аудан әкімдеріне де зор алғыс айтамын.

–Ақсақал, сіздің 44 жыл ұстаздық еңбек өтіліңіз бар екенін білеміз. Қазір әлеуметтік желіде ұстаздарға берілер атақ жайлы үлкен мәселе қозғалып жатыр. Осындайда қайсар жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Мен» деген қуатты сөз тұлпар мініп, ту алған Махамбетке ғана жарасады. Қалғаны есек мінген ергежейлілер» деген сөзі еске түседі. Сіз бұған не дейсіз…

–Жалпы, Рахаң өте талантты әрі шыншыл жазушы ғой. Әттең, бұл дүниеден өтіп кетті. Әйтпесе, сақа жазушылардың бірі еді марқұм. Сенің жаңағы айтқан сөзің қателеспесем «Жас Алаш» газетіне шықты-ау деймін.

Иә, көзі тірісінде «Жас Алашта» «Көрген-баққан» деген айдармен жазушының өмірден түйген естелік ғибраттамалары жарық көріп тұрды. Сол айдардан оқығанмын…

–Ендеше, Рахымжанның «Пайғамбар жасына келген соң адам Аллаға, ақиқатқа мұқтаж болуы керек. Ал біздің біраз ақсақалдарымыз әлі күнге әкімдерге мұқтаж болып жүр» деген сөзін де оқыған боларсың, қарағым. Не десек те, бүгінгінің ақиқаты – осы. Өз басым өмірімде атаққа да, байлыққа да қызықпаппын. Жалпы, атақ жайлы сұрағың мына сөзді еске салып отыр. Мемлекеттік Әнұранымыздың авторларының бірі, ақын Жұмекен Нәжімеденов «Атақ дегеніміз – ит сияқты. Оны біреулер күшігінен асырап, тер төгіп өсіреді, енді біреулер жол ортадан сатып алады. Осы – ит атаққа жақсылап тамақ беріп, сылап-сыйпасақ, ол керек кезінде ырылдап сені қорғайды» депті. Жұмекеңнен асырып бірдеңе деу қиын болып тұр шыны керек.

–Жүректі шымырлатар өткір сөз екен. Ұстаздық туралы әңгімені әрмен қарай өрбітсек. Білуімше, өзіңіздің алғашқы қызметтік баспалдағыңыз Шу ауданынан басталған. Солай ма?

–Дәл солай. Ең алғаш Шу ауданындағы Ерназар бастауыш мектебінде 3 жылдай мұғалім болдым. Содан соң, 1958 жылы құжаттарымды Алматыдағы педагогикалық институтқа тапсырып, сыртай оқуға түстім. Бірақ жұмысымды 1959 жылы Қазақ ауылындағы бастауыш мектепте жалғастырдым. 1964 жылы жаңағы айтқан оқу ордасының дипломын қолыма алдым. Осы жылдары оқушы санының көп болуы на байланысты Қазақ бастауыш мектебі Мұхтар Әуезов атындағы негізгі мектеп болып өзгертілді, жарқыным. Содан сол, қарапайым мұғалімнен бастап, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры да болдым. Осында 31 жыл еңбек етіппін.

–Директор дегеннен туындайды, бір әңгімеңізде Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы орта мектепті басқарғаныңызды айтқан болатынсыз. Қателеспесем, аталмыш мектепті рейтингтегі 19-сатыдан 5-орынға дейін көтердіңіз. Бұл талаптың арқасы ма, жоқ әлде, еңбекқорлықтың жемісі ме?

–Көптің қолы жете бермейтін мектеп басшылығына мен 30 жасымда-ақ көтерілген адаммын. «Ізгі кісі өзіне талапшыл, нашар кісі өзгеге талапшыл» дейді Конфуций. Данышпан айтқандай, мен алдымен өзіме талапшыл болдым. Мінеки, сексеннің сеңгіріне шықсам да әлі сондаймын. «Айнаға қарап түзелме, адамға қарап түзел» деген сөз бар. Иә, 40 жасымда Құмарық ауылындағы (қазіргі Болтай батыр) Карл Маркс атындағы мектепке директор болып тағайындалдым. Ол 1980-1983 жылдардың аралығы болатын. Сұрағыңда өзің де атап өттің ғой, 19 сатыда тұрған мектеп ұжымын бір жыл ішінде үздік бестіктің қатарына қостық. Ол дегеніңіз — үлкен жетістік еді сол уақытта. Одан кейін Абай ауылына ауысып, 1984-1992 жылдары мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болып қызмет атқардым. Ал 1992-1995 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы негізгі мектепте директордың оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болып еңбек еттім.

–1995 жылы зейнетке шықсаңыз да, екі жылдай жұмыс істепсіз…

–Тағы да Конфуцийдің сөзін еске салып отырсың Маратжан. «Дүниеде мансабым жоқ деп қайғыланба, өмірден өз орнымды таба алмадым ба деп қайғылан» дейді ол. Мен осы қағидамен жүріп-тұратын адаммын. Сондықтан одан ілік іздеудің қажеті жоқ деп санаймын.

–Мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов «Үш нәрседен тазамын. Бірінші – сонша жыл ел басқарғанда, біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, арым таза. Екінші – 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде ұлт зиялыларын атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін, қолым таза. Үшінші – адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген емеспін, жүзім таза» деген екен. Осы ұлағатты сөзді басшылықта отырған іні-қарындастарыңыз қаншалықты ескеріп жүр…

–Қазір біреуге ақыл айтатын заман емес. «Өз ақылың өзіңе» дейді көбісі. Тіпті, мынау қайдан шыққан «данышпан» деп келемеждейді. Шындық қой. Шынд-ы-ы-ық. Мынадай бір әпсана оқып едім кезінде. «Бір патшаға төңірегіңіздегілердің бәрі дүниеқоңыз және сенімсіз, оларды ауыстырып, орнына әлі биліктен бүлінбеген, сенімді адамдарды қойыңыз» деген көрінеді. Сонда патша:

–Мен жақында базарға бардым. Бір бұрышта үсті-басы шыбыннан көрінбейтін қайыршыны көріп, жаным ашып, шыбындарын үркіттім. Қайыршы маған жүдеу жүзбен қарап: «Уа, мырзам, неге олай еттің? Менің үстімдегі шыбындар әбден тойып, құр қонақтап отыр еді. Енді оның орнына аш шыбындар келіп, мені тағы да талайтын болды ғой» деді. Менің жаңадан қойған қызметкерлерім де алдымен өздері тойынуға тырыспас па екен» деп жауап қайырыпты. Нұртас ағамыз да көреген кісі ғой. Айтқан сөзін өзің мысал етіп отырсың. Адал еңбек еткендер ғана осылай сөйлей алады меніңше.

–Әнеукүнгі сіздің шаңырақта әңгімелескен кезімізде Әлихан Бөкейханұлының «Тірі болсам, қазағыма қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзін өмірлік ұстанымыңыздың бірі екенін айтқансыз? Осы қағиданы шәкірттеріңіздің бойына сіңіре алдыңыз ба?

–Ойланатын сұрақ екен. Иә, бүгінде менің тәрбиеммен сусындап, үлкен өмірге қадам басқан азаматтардың көбісін дүйім ел таниды. Тіпті, кейбірі Елбасының сенімді серігіне айналған. Мысалға алатын болсақ, Ерғали Кенжебаев Елордамыз Астана қаласында Президент әкімшілігі аппаратында қызмет атқарады. Ринат Мырзагелдиев, Шоқан Жантаев, Жұмабай Байнатов секілді үш бірдей шәкіртім ілімнің негізін ғылымнан іздеп жүр. Қазіргі таңда бірі –математика ғылымының кандидаты болса, бірі – химия ғылымының докторы, ал енді бірі – атағы дардай Алматы техникалық университетінің академигі, профессор. Сондай-ақ, ауданымызға белгілі беделді кәсіпкер Қонысбай Сағынбеков, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева мен Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі Ораз Танкеев те менің төл шәкірттерім болып есептеледі. Шәкірттеріме өзімнің қағидамды үйрете алған секілдімін. Және олардың қызметі өссе, әркез қуанып отырамын.

–Өмен ата, биыл зайыбыңыз Баян апамызбен отау құрғаныңызға 63 жыл толады екен…

–Қателескен жоқсың. Апаң екеуміз 8 ұл, 4 қыз сүйдік. Қазір тұлымынан жетілдіріп өсірген ұл-қыздардан 33 немере, 21 шөбере сүйіп отырмыз. Бір айта кетерлігі, біздің әулетте бәрі қарапайым. Менменсіну — Ниязқұловтар отбасына жат ұғым. Әулетімізде, керісінше, кішілік, адалдық, сыйластық басым. Өйткені, менің тәрбием сондай. Өзің неге үйленбей жүрсің? Бұның жарамайды, балам. Мен әке-шешеден ерте айырылған азаматпын. Бала күнімді еркелікпен өткіздім дей алмаймын. Өмірім қызу жұмыспен өтті. Еңбек еткен дұрыс әлбетте. Бірақ қазағымның «бас екеу болмай, мал екеу болмайдысын» өзің де білесің. Баян апаң екеуміз ерте отбасын құрдық. Зайыбым дәулетті отбасының қызы тұғын. Іргеміздегі Қарақыстақ ГЭС-нің тұңғыш директоры болған Ртай Малдыбаевты естіген боларсың. Сол кісі Құдай қосқан қосағымның әкесі. Біз отау құрарда қайны атам «тақымыңда қотыр тайың да жоқ екен» демеді. Керісінше, қолдап, демеп жүрді. Өте салмақты жан еді. Сөзге келместен, күйеу баласы ретінде ақ батасын берген болатын. Одан жаман болған жоқпыз. Міне, өзің көргендей, көбейіп жатырмыз. Құдайға шүкір, ауылдағы абыройлы әулеттің біріміз. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан». Сондықтан тезірек отбасын құрғаның абзал, шырағым.

–Ұл-қыздарыңыздың қызметі жайлы мағлұмат білгіміз келеді…

–Оның ешқандай да құпиясы жоқ. Әрісі – Алматыда, берісі – Тараз қаласындағы жоғары оқу ордаларында оқып, білімдерін жетілдірді. Жинаған білімі мен тәжірибесінің арқасында Нұрлан есімді ұлым ішкі істер саласында аянбай қызмет етіп, зейнетке шықты. Ол иығына подполковник шенін таққан нағыз патриоттың өзі. Ербол есімді балам да құқық қорғау саласының қызметкері. Оның шені — майор. Марал қызым мемлекеттік қызметкер.

Бөріхан Ниязқұловты естуің бар шығар. Сол менің балам. Бүгінгі таңда облыста жылу мекемесі директорының орынбасары болып қызмет етеді. Қалған ұл-қыздарымның да қызметтері жоқ емес, бар. Олардың да өз саласының білгір қызметкерлері екеніне қылаудай күмән келтірмеймін.

Мейірхан балама іргесін өзім қалаған «Дулат» шаруа қожалығының құжаттарын толығымен өткізгенмін. Мейірхан бұл шаруаны жалғастырып әкетері сөзсіз. Бізге не керек? Ел аман, жұрт тыныш болса, болғаны. Құдайдан тілейтініміз де сол, балам.

Бақыттысыз ба?..

–«Жүз жылдық жалғыздық» атты керемет шығарма жазған Габриель Маркестің «Бақыт деген тау басында болу емес, сол тауға өрмелеп, биікке көтеріліп бара жатқан сәттің өзі» деген сөзі бар. Ал Қадыр Мырза Әліше айтсақ, «Толық бақытты адам болмайды, оның бақытты сәттері ғана болады».

–Арқаланып өлең оқитыныңызды білеміз? Бүгінгі сұхбатымызды тамаша бір жыр-жолдарымен қорытындыласақ…

–Қайсысын оқысам екен. Әңгіме барысында көп тақырыптар қозғалды ғой. Ақын Күләш Ахметованың «Сен қазақсың» деген рухты өлеңі бар еді. Соның барлығын болмаса да, екі-үш шумағын айтайын.

 

Сен — қазақсың!

Қазақ деген ел бөлек,

Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек.

Киіз үйі жер сияқты жұп-жұмыр,

Шаңырағы күн сияқты дөңгелек.

Сен- қазақсың!

Отаншылсың, тектісің,

Айбарлысың, ақылдысың, беттісің.

Көп болуға, бір болуға тиіссің,

Көрмеу үшін жаттың езгі тепкісін.

Сен- қазақсың!

Қазақ едің туғанда!

Онда дүние тағлымынан үлгі ал да.

Ата жұрттан, Ана тілден айырылма,

Төбеңде Күн, төменде Жер тұрғанда.

Әсерлі әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: