917 Views
«Жүректегі сезімдер әрқашан шабытыма арқау болады»
Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің ән өңдеушісі, Қазақстан ән авторлары қоғамының мүшесі, әнші әрі сазгер Нұрислам Сәменқұлов өткен аптада алғашқы жеке шығармашылық концертін өткізді. Сол күні дарынды композитор Мэлс атамыздың есімін еншілеген мәдениет үйіне көрермен көптеп келді. Яғни, зал лық толы болды. Біз де концертті басынан бастап, тамашаладық. Көрдік. Шындығын айту керек, Нұрислам Сәменқұловтың алғашқы шығармашылық кеші өте жоғары деңгейде өтті. Концерттен кейін сазгер жігітпен әңгімелесіп, сұхбат алған едік. Газетіміздің бүгінгі санында сүбелі сұхбатымыздың жазулы нұсқасын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.
-Нұрислам, мойындау керек, осы уақытқа дейін сыртыңыздан есіміңізге қанық болғаныммен, сазгерлік өнеріңіздің бар екенін өз басым білмеппін. Дегенмен, шығармашылық кешіңізде орындалған әндеріңізді тыңдап отырып, ауданымызда Мэлс ағамыздың жолын жалғайтын дарынды да мықты композитордың жетіліп келе жатқанын іштей сездім. Жалпы, өзіңізді кәсіби сазгермін деп есептейсіз бе?
-Кәсіби сазгермін деп кеуде қаққаным жарамас. (Күліп алды) Бірақ жастайымнан музыкаға әуес болғаным рас. Әкем Жұмабекті өзіңіз де жақсы танисыз. 5-6 жасымнан сол кісімен тойларда ән шырқап жүрдім. Оқушы кезімде Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебіне қабылданып, 7 жыл фортепиано сыныбында музыкалық білім алдым. Қазақтың қара домбырасын да шертемін. Жалпы, осы екі аспапты кәсіби деңгейде меңгергенмін. Дегенмен, мектеп бітіргеннен кейін Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқуға түсуге мүмкіндік болмады. Әдебиетке жаным құштар болғандықтан, Тараз инновациялық гуманитарлық университетіне оқуға түстім. Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Алайда, өнерге деген ынтызарлық мені киелі сахнаға алып шықты десем болады.
— Біз замандас екенбіз, Нұреке. 29 жасыңызда алғашқы ән кешіңізді беріп отырсыз. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейтін дүние ғой. Біраз жұрт естімеген де болар. Сондықтан концертіңіз туралы кеңінен әңгіме өрбітсек…
-Өздеріңізге мәлім, 2019 жылды Елбасымыз «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл концертті өткізудегі басты мақсатымыз да осы еді. Яғни, өнер саласында өз жұмысына адал, бастамашыл азаматтардың бар екенін паш ету. Концерт турасында айтар болсам, алғашқы ән кешім болғандықтан көп іздендік. Тақырыбы «Жасай бер, Құланым» деп аталды. Жауапкершілікті сезініп, күндіз-түні дайындалдық. Сахнадағы декорацияны өзіңіз де көрген боларсыз. Аппараттың барлығын арнайы Тараз қаласынан алдырдық. Мүмкін азды-көпті кемшіліктер де болған шығар. Бірақ өзімнің көңілімнен шықты. Қол ұшын созып, жанымнан табылған азаматтар мен азаматшаларға зор алғыс білдіргім келеді.
— Концерт барысында сіз сахнаға шықпай тұрып, ең алғаш монолог оқылды. Жақсы жазылған екен. Соны қайталап айтып беріңізші…
-Айтайын.«Ән әлемі бұл -шын мәнінде өмір. Өмірде сан алуан жағдай орын алады. Солардың әрқайсысын көңіл-күймен сезіндіре алатын жеті нота. Қуантатын да, мұңайтатын да, қайғыртатын да, жұбата алатын да тіпті, ойға батырып жүрекке қозғау салатын да музыка. Ал оны құрап шығару – ұлы өнер. Маған осындай бақ берген Жаратқанға сансыз шүкірлік. Менің әрбір жазған өлеңімнің өз тарихы бар. Жүректегі сезімдер шабытыма арқау болып, қаншама әндер дүниеге келді. Бұл менің – өнерім, бұл менің – өлеңім, бұл менің – өмірім. Мен адалдықты, еркіндікті, махаббатбен өмір сүргенді ұнатамын. Мендегі елге деген сүйіспеншілік ешқашан ортайған емес. Мен осы өлкеде туғаныма шын қуанамын. Жасай бер, Құланым!»,-деп аяқталады монологтың соңы.
— Нұреке, шығармашылық кешіңізде анаңызға арнап шығарған әніңізді аудандық мәдениет үйінің белді әншісі Нұрлан Әмірбетов орындады. Одан кейін, жан-жарыңызға деген іңкәрліктен туған сазды әнді отбасылық дуэт Асылбек пен Жазира айтып шықты. Сіз ән тарту етер кезде орындаушының кәсіби деңгейіне қарайсыз ба?
-Міндетті түрде қараймын. Сіз атап өткен Нұрлан бауырыммен жақсы араласамыз. Өте керемет әнші. Асылбек пен Жазираны да талғамы жоғары әшілер деп санаймын. Концертте ән айтқан Жангелді Бағдат та, Берік Жорабеков те, Көпшіл Ертаев та, Елдар Төрегелді де сахнаның киесін түсінетін талантты әншілер.
— Асылбек пен Жазираның орындауындағы «Жан жарыма»деген әніңіз маған ұнады. Осы әнді республикаға танымал отбасылық жұптарға неге ұсынбасқа? Мәселен, Жанболат пен Жазираға дегендей…
-Бұл әннің шыққанына да біраз болды. Алайда, ешкімге тыңдатпаған болатынмын. Күндердің күнінде «Жазира әпкем бізге де бір ән жазсаңшы» деп қолқа салған еді. Сосын осы әнді тарту еттім. Концертімде айтылды. Менің ойымша, Асекең мен Жакеңнің шеберліктері ешбір танымал жұптардан кем емес. Ең бастысы, ән тыңдармандарға ұнаса болғаны.
— Әдетте, мұқым қазақ үшін 7 саны киелі екенін білеміз. Ән кешіңізде сіз 9 санын қасиетке балайтыныңызды айтып қалдыңыз…
-Иә, оның себебін концертте қысқаша айтып өттім. Мен 1990 жылы дүниеге келгенмін. 1999 жылы «Әнші балапан» байқауында бас жүлде иелендім. 2009 жылы 19 жасымда Жадыра есімді келіншегіммен отау құрдым. Биыл біздің үйленгенімізге -10 жыл.Құдайға шүкір, қазіргі таңда 3 ұл, 1 қыздың әкесімін.Тұңғышым ұл бала. Есімі – Сәкен. 3 сыныпта оқиды қазір. Одан кейін, Сабина, Санжар, Ердәулет есімді ұл-қыздарым бар. Бұйыртса, келесі айда тағы да бір сәбиіміз дүниеге келгелі отыр. Асып-тасып бара жатқан байлығымыз жоқ. Абай ауылындағы қарапайым ғана көпбалалы отбасының біріміз.
— Осы кейбір композиторларымыз өз сұхбаттарында «пәленше әнім бар» деп мақтанып жатады. Құпия болмаса айтыңызшы, сізде қанша ән бар?..
-Мен күніге ән шығаратын композиторлардың қатарынан емеспін. Қазіргі таңда 40-қа жуық әнім бар. Оның бәрі жарыққа шықты деп тағы да айта алмаймын. Бірақ Ұлы дала баласы Төреғали Төреәлі «Қызғанамын», «Жігіттер» квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов «Теңеуің-ай» деген әндерімді орындап жүр.
— Төреғалидың репертуарындағы «Қызғанамын» әні сәтті шыққан. Осы әннің шығу тарихын айтып берсеңіз?
-Бұл әннің сөзін қызылордалық Айжан Айдарова есімді жас ақын жазған болатын. Алғашында сөзі басқаша еді. Тек бір қызға ғана арналған ән тұғын. Бірде Төреғали бауырымыз жеке концертімен ауданымызға келді. Сол кезде мен оған аталмыш әнімді көрсетіп, тыңдаттым. Шыны керек, ол қатты ұнатып, өзінің ұялы телефонына жүктеп алды. Біраз уақыт өткеннен кейін өзі қоңырау шалып, әннің сөзін өзгертіп орындасақ деген ұсынысын жеткізді. Мен өз рұқсатымды бердім. Сол уақыттарда қазақ қыздары қытай азаматтарына тұрмысқа шығып жатыр деген әңгімелер ел арасында өршіп тұрған кез еді. Негізінен, әлі де кезігіп жатыр ғой қоғамда бұл үрдіс. Жалпы, «қазақтың қыздарын қызғанайық деп шығарсақ» деген идея Төреғалидікі. Бұл ұсыныспен Айжан да толығымен келісті. Бірақ, екінші реттегі ән мәтінін ақтөбелік ақын Аян Сейітов жазып шықты. Осылайша, «Қызғанамын» әні дүйім елге танылып кетті.
— Жеке ән кешіңізде Төреғали мен Бағлан ағамыз келіп, өнер көрсетуі тиіс болған еді. Өкінішке орай, белгілі бір себептермен келе алмай қалыпты. Іштей өкініш жоқ па?
-Неге болсын. Деніміз сау болып, шығармашылығымыз өрістеп жатса әлі талай концерт өткізетініміз анық. Бағлан ағамыз «Қайырлы кеш, Қазақстан» бағдарламасының түсіріліміне шақырту алып, келе алмай қалды. Өзі де «Инстаграмм» әлеуметтік желісі арқылы сәлемдеме жолдап, кешірім сұрады халықтан. Ал «Қызғанамын» әнін шығармашылық кеште өзім орындадым. Халықтың қошеметі ерекше болды. Бұдан асқан қандай бақыт керек.
— Тапсырыспен ән жазасыз ба?..
-Көбіне-көп тегін үлестіремін әндерімді. Ән ешқашан тапсырыспен жазылмау керек деп есептеймін.
— Қыруар ақша ұсынса ше…
-Мен өз сөзімді айттым.Осы ретте, жазушы Зейнеп Ахметованың «Ақша деген – тегі, туысымен досы, ар-ұяты, иісі жоқ, кез келген жерде жүріп, кез келгенге жұмсалатын, адам өз қолымен жасаған бедерлі қағаз. Егер сен ақшаның соңына түссең, тура сондай қасиетке ие боласың» деген сөзі еске түсіп отыр. Зейнеп апамның осы сөзін мен жұдырықтай жүрегіме сақтап алғанмын.
— Нұреке, елімізге белгілі композитор Бауыржан Есебаев бір сұхбатында «Менің әндерімді Мақпал Жүнісова, Рамазан Стамғазиев, Мейрамбек Беспаев сынды мықты әншілер орындаса екен» деп армандаймын депті. Сұхбатымызды мынадай сұрақпен түйіндесек. Әндеріңізді эстрада әншілерінің ішінен кімдер орындағанын қалайсыз?
-Өзіміздің жерлесіміз, өнерде сара жолы бар Досымжан Таңатаров ағамыз менің әндерімді орындаса шіркін. Бауыржан ағам айтқан әншілер де мен шығарған әуендерді орындап жатса, жұлдызымның жанғаны сол шығар.
— Әңгімеңізге рахмет.Өнеріңіз өрістей берсін. Аманшылық болса, тағы да сұхбаттасармыз. Сізге тек шығармашылық табыс тілейміз.
жазушы
Сұхбаттасқан Марат ДИХАНБАЙ.
Поделиться ссылкой: