Әкім ардагерлермен кездесті

824 Views

Әкім ардагерлермен кездесті

Елбасы әкімдерге: «Сіздер халық алдында жылына бір-ақ рет кездесіп, есеп бересіздер, бұл дұрыс емес, ай сайын, тоқсан сайын әр саладағы адамдармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын біліп отыру керек» деген болатын Астанада әкімдермен кездескен бір сәтінде. Жаңа келген әкім Ерболат Салқынбекұлы Садырқұлов жоғарғы басқару органдарында қызмет атқарып, өзіне әжептәуір тәжірибе жинақтаған білімді азамат екенін тағы да бір дәлелдеді. 

 -«Қарты бар елдің қазынасы бар» деген сөз рас екен,-деп бастады сөзін әкім.- мен келешекте кез келген мәселені әділетті шешуге тырысамын. Әсіресе, әлеуметтік мәселелерге ыждахаттылықпен қарауға ерекше көңіл бөлемін. Алдымен бюджет мәселесін ретке келтіріп алуымыз керек. Аудандағы мектептер мен орталық аурухананың жағдайын өз көзіммен көрдім. Оқу базасы да, денсаулық сақтау мекемесі де жаңа заманғы жабдықтармен жарақтанған екен, тек халыққа қызмет қалтқысыз болуы керек деп ойлаймын.

Кездесуді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов жүргізіп отырды. Кездесуде байырғы оташы, қазір зейнеткер Базарбай Жаңқабаев, Қарақат ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Үмбет Жанәділов, байырғы ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Түзел Алагөзова, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Фазыл Сүлейменов, зейнеткер Райзо Шәділбеков, қоғамдық кеңестің мүшесі Мұрат Ыстыбаев, коммунистік партия хатшысы С.Қайыпов, Көкдөнен ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Болат Махаметкерімов және тағы басқалар сөйлеп, жаңа әкімнің қызметіне табыс тіледі. Сондай-ақ, өздерін толғандырып жүрген мәселелерге тоқталды.

Аудан әкімі қорытынды сөз алып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының сьезінде айтқан мәселелеріне тоқталып өтті. Биыл 70 көшенің жолы жөнделетінін, елді мекендердің 62 пайызының «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілгенін тілге тиек ете келіп, Мемлекет басшысының монополистердің жұмысын қадағалауды қатты тапсырғанын, әсіресе электр жарығын пайдалану тарифін түсіру жөнінде үкіметке тапсырма бергенін баса айтты. Жаңа келген әкім қазір ауданның елдімекендерін аралап, халықпен етене жақын танысып жүргенін, көптеген толғағы жеткен мәселелерді шешуге болатынын жеткізді.

Кездесу соңында Қожайхан Бижанов аудан әкімінің жұмысына табыс тілесе, баталы кәриеміз Болат Махаметкерімов Ерболат Салқынбекұлына ақ батасын берді.

С.ҚОЖЕКЕ.

Суретте: аудан әкімі Е.Садырқұловтың

 аудан ардагерлерімен кездесу сәті.

Поделиться ссылкой: