Ағаш көшеттері отырғызылды
38 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
«Елге қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген екен Алаш арысы Әлихан Бөкейхан. Мінездің бұл түрін – адам бойында қалыптасатын мінездердің ішіндегі ең асылы дер едім.
Елге қызмет ету жолында тер төккен сондай азаматтың бірі 1930 жылдың 5 мамырында Жақсылық ауылында дүниеге келген Әшімбай Әбдіхалықов. Әкеден 5 жасында жетім қалған ол орта мектепті тәмамдағаннан кейін анасы Күлманияның қамқорлығымен оқуын аяқтап, Алматы қаласындағы КазМУ-дың биология факультетінде «Генетик селекционер» мамандығы бойынша білім алады.
Алғашқы еңбек жолын 1954 жылы Жамбыл облысы, Луговой ауданының Каменка ауылындағы қазақ-орыс мектебінде химия-биология пәнінің мұғалімі болып бастайды. Онда ғылыми үйірме ашып, балаларға алмадан жаңа сорт алу жолдарын үйретіп, Мәскеудегі ауыл шаруашылық көрмесіне 2 орыс қызы мен 3 қазақ баласын алып барады. Әшімбай ата апарған 5 бала да бірдей Одақ көлемі бойынша 1-ші орын алып, үлкен жеңіске ие болады.
– 1958 жылы Қазақ Республикасының оқу министрі А.Г.Загаркин сол көрмеде болып, аралап жүргенде бір топ оқушыларды байқап қалады. Оқушылардың жұмыстарын көзімен көріп танысқаннан соң таң қалып, кейін анықтай келе Жамбыл облысы, Луговой ауданындағы Каменка орта мектебінің оқушылары екенін біледі. Алматыдан бірден мектебіміздегі И.Н.Шерстюк пен менің еңбегіме жоғары баға беріп, 1957 жылы министр өз бұйрығымен бізге алғыс хат жариялады, -дейді ардагер. Одан соң 1958 жылы республикалық слётте Ә.Әбдіхалықовқа «Казсовпрофтың» грамотасы мен арнайы төсбелгісі және ақшалай сыйлығы беріледі.
Ұстаздық – қиын да күрделі маман дықтың бірі. Соған қарамастан шын беріле қызмет атқарып, Каменка, Абай, Калинин орта мектептерінде директор қызметін атқарады. Қызмет барысында оқу жұмысын дұрыс жолға қойып, мұғалімдермен тыңғылықты жұмыс жүргізе отырып, оқу сапасын жақсартуға үлесін қосады. Білім саласымен ғана шектеліп қоймай 1973 жылы Абай ауылында «Қазақ строй» құрылыс бөлімі арқылы 1 жыл 3 айда екі этажды мектеп салдырып, білім алушылар мүмкіндігін арттырады.
Осылайша, 1986 жылы аудандық оқу бөліміне биология пәнінің инспекторы қызметін атқарады. Әшімбай ақсақал қай кезде де, қай жерде де халықты есінен шығарған емес.
Көп жыл үздіксіз қызмет атқарған ұлағатты ұстаз 1994 жылы зейнетке шығады. Бойындағы білімі мен тәжірибесін үнемі пайдаға асыруға дағдыланған ол абаттандыру, көгеріштендіру ісіне белсене араласып, ауылды көркейтуге зор үлес қосады.
Зейнетке шыққаннан кейін де ауыл ақсақалдарымен өткен жиналыс шешімі бойынша 2002 жылы Жақсылық ауылында ақсақалдар алқасының төрағасы етіп сайланады. Сол жылдан бастап, көмекшісі Сағи Ибраимов пен бірлесе 5 жылдық жоспар құрып, жұмысты бастап кетеді. Құрылған жоспар бойынша әр 5 жыл сайын ауыл ақсақалдарына атқарылған іс жөнінде есеп беріп отырады.
2011 жылы Жақсылық ауылында питомник ашады. Ауылға су, газ, жол жүргізуді жоспарлап, сол кездегі аудан әкімі А.Нұралиевтің қолдауымен 250-дей үйге газ, су жүргізіледі. 5-6 көше асфальтталып, оның екі жағына түнгі жарық лампасын қойғызады. Елу үйге жәрдем ретінде газ орнатылып, газ, су жүргізу үшін өз қаражатынан 40 мың теңге төлейді.
Әшімбай атамен кезінде азды-көпті бірге қызмет атқарған інісі Оралбек Махамбетовтен ата жайлы сұраған едім. Ол:
– 1980 жылы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепке мұғалім болып келгенде Әшімбай аға директор еді. 1984 жылға дейінгі бірге қызмет атқардым. 4 жыл ішінде аңғарғаным мұғалімдерге талап қоя білетін, ешкімге ауыр сөз айтпайтын. Мінезі жайлы, салмақты да сабырлы кісі. Көп адамда кездесе бермейтін қарапайымдылықты Әшімбай ағаның бойынан көремін. Мамандығы биолог болғандықтан, мектеп ауласын жайнатып, көгеріштендіру ісіне белсене араласты. Тәрбиелеген, білім берген шәкірттері де талайлар арасынан топ жарып, белді қызметте отыр. Еңбекқорлығы мен білімділігі баршаға үлгі боларлықтай дер едім, -дейді Оралбек аға.
Иә, расында да атаның іс-әрекеті мен сөзіне қарап сондай байсалды, білімді және ең бастысы нағыз халық адамы екенін аңғаруға болады. Жалпы ауданымыз үшін де Жақсылық ауылы үшін де жасаған жақсылықтары жетерлік. Өмір жолын өз пайдасына емес, халық қамына арнаған асыл азаматтардың бірі. Жас келген сайын күш-қуат та кеми беретіні заңдылық. Бүгінде жасы тоқсанды алқымдап қалған Әшімбай атамыз талай аурухананың табанын тоздырып, 3 рет инфарк алып, 6 мәрте ота жасатыпты. Мен үйіне барған кезде де атаның ауруханадан шыққанына көп бола қоймапты. Бір кезде штанга көтеруден чемпион болған атамыз бір уыс болып азып кетіпті. Соған қарамастан атаның алға қойып отырған үлкен мақсаттары бар екен.
Әлбетте, ардақты ұстаздың тәрбиесін көрген шәкірттері де осал емес. Биік белестерді бағындырып халыққа қызмет ету үстінде. Әлемдік додада Қазақ елінің намысын қорғап жүрген атақты спортшы Ермахан Ыбрайымов та Әшімбай атаның алдынан өткен шәкірті. Жан-жақты, талапшыл, еңбекқор Әшімбай атаның тағы бір қыры – спортқа жақындығы. ҚазМУ-де оқып жүргенде спортпен шұғылданып, штангіден 420 кг кір тасын көтеріп, рекорд жасаған.
Әшімбай атамен әңгіме барысында халық мүддесі кеңінен сөз болды. Ел үшін туған ер екенін еріксіз аңғартады. Қандай да бір жетістік шыңына жетсе не біреуге жақсылық жасаса адам бойын мақтаныш деген маңғаз сезім билейді. Тұла бойын қарапайымдылықпен құнттаған атадан ол қасиеттің ұшқыны да сезілмеді. Содан болар, балалары жайлы сұрағанымда асықтай 5 ұл мен, алтындай қыз тәрбиелеп өсірсе де бүге-шүгесіне дейін айта жөнелмеді. Әшімбай атаны танитындардан сұрауым бойынша, балаларының бәрі жоғары білімді, білікті маман. Қызы Балмира Алматыдағы академияда ботаника маманымен білім алып, шетелдерде Германия мен Америкада архитектор мамандығы бойынша білімін арттырып, бүгінде өз ісінің шебері болып отыр. Ұлы Мәлік Әбдіхалықов ауданымыздағы дендро саябағы маңында орналасқан «Құлан» агропаркінде бас агроном болып жұмыс істейді. Мұнымен отбасында бала тәрбиесінде де атаның ықпалы зор екендігін көріп отырмыз. Қазіргі таңда атадан тараған ұрпақтан 36 немере, 4 шөбере бар.
Еліміздің өркендеп, халық қамының жақсаруы осындай арда азаматтарымыздың арқасы. Атқарған осыншама іс-әрекеттеріне қарасаңыз тек аудан көлемінде ғана емес, еліміз үшін жасалған жақсылық деп бағамдауға болады. Көптің қолы бармайтын күре жолмен жүріп келе жатқан Әшімбай атамыз ауданның құрметті азаматына бірден бір лайық адам. Тіпті одан да зор құрметке әбден лайық дер едім.
Нұршат ЕРСАЙЫН.