Жаны жайсан Сыр аға

852 Views

Жаны жайсан Сыр аға

Өмір адам баласына берілетін бір ғана мүмкіндік. Оны жақсы немесе жаман етіп сүру адам баласының өз қолында. «Адам өз өмірінің сәулетшісі» деген сөз осыған байланысты айтылса керек. Иә, адам жақсы өмір сүру үшін қоршаған ортасына сыйлы, қадірлі және құрметті болуы тиіс. Ол үшін еліне аянбай қызмет етіп, нәтижелі жұмыстарды атқарғаны абзал. Сонымен қатар, халық мүддесі үшін тер төгуге де міндетті. Сонда ғана үлкеннің құрметіне бөленіп, кішіге үлгі болары анық.

Ауданымызда еңбегімен есімі ел аузында жүрген жандар көп. Солардың қатарына еңбек жолын ауылда қарапайым ұстаздықтан бастап, талай жылдар бойы партия қызметінде мінсіз қызмет атқарған Сырғатай Махамбетовты айтуға болады. Сырғатай аға Махамбетов 1939 жылы Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Тереңөзек ауылында дүниеге келген. 1946 жылы Тереңөзек бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, ал, 1956 жылы Ақыртөбе орта мектебін үздік бітіріп шығады. Сол жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының химия-биология бөліміне оқуға түсіп, 1961 жылы аталмыш оқу орнын ойдағыдай тәмамдайды. Кейіннен Жамбыл облыстық білім басқармасының жолдамасымен жас маман Калинин орта мектебіне мұғалім болып жұмысқа орналасып, еңбек жолын осында ұстаздық етуден бастайды. Аз уақыт аралығында өзін жақсы қырынан көрсетіп, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Кейіннен отбасы жағдайына байланысты жұмыс орнын ауыстырып, өзі білім алған Ақыртөбе орта мектебіне келеді. Оның іскерлігі мен ұйымдастыру қабілетіне тәнті болған аудан басшылары Сырғатайдың алғырлығы мен еңбекқорлығын жоғары бағалап, 1965 жылы Каменка орта мектебіне директор етіп тағайындайды.

1971 жылы аудан басшылары Сырғатай Махамбетовты Луговой аудандық партия комитетіне нұсқаушы болуға шақырады. Қай жерге барса да өзіне тапсырылған іске асқан жауапкершілікпен қарайтын Сырғатай аға жаңа жұмысын жатсынбай, мұнда да қырағылық танытып, еңбек баспалдағымен көтеріліп, бірқатар жауапты қызметтерді атқарды. Атап айтар болсақ, «Жаңатұрмыс» пен «Путь к коммунизму» колхоздарында партия ұйымының хатшысы, «Абай» және «Путь к коммунизму» колхоздарының басқарма төрағасы болып қызмет атқарған.

Сыр ағаң үшін 1980 жыл өте табысты жылдардың бірі болыпты. Неге десеңіз, дәл осы жылы «Жаңатұрмыс» колхозы астықтан мол өнім алады. Осынау табысқа партком хатшысының да қосқан үлесі ескеріліп, ол Үкіметтің жоғарғы наградасы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Сонымен қатар, Жамбыл облыстық партия комитетінің ІІ хатшысы А.Ф.Шаловтың басшылығымен делегация құрамында Моңғол Халық Демократиялық Республикасына арнайы іс сапармен барып қайтады. Ол сол жылдары аудандық партия комитетінің мүшесі және бюро мүшесі болып сайланады. 1987 – 1990 жылдар аралығында аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланып, сол бір қиын кезеңдерде халықтың игілігі үшін қызмет етеді. Сырғатай Махамбетов Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауданымызда ең алғаш рет өзінің кәсібін ашқан кәсіпкер.

Иә, жасаған нәтижелі қызметі үшін Сыр аға талай марапатқа ие болған. Тәуелсіздігіміздің 10, 15, 20 жылдығында медальдармен, 2005 жылы ауданның «Құрметті азаматы», 2017 жылы облыстың «Құрметті ардагері», 2018 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілермен марапатталған. Бұл Сырғатай Махамбетовтың кеудесіне тағылған марапаттардың бір парасы ғана. Бүгінде ел ағасы 80 жасқа келіп, мерейлі жасқа толып отыр. Сексеннің сеңгірігіне жеткен Сырғатай Махамбетовке зор денсаулық, ұзақ өмір тілейміз.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ, СУРЕТТЕ: ұзақ жылдар

 бойы партия және басқару

 органдарында қызмет істеген

 ақсақалымыз Сырғатай Махамбетов.

Поделиться ссылкой: