Тәрбиенің өзегі – балабақшадан басталады
14 Views«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол секілді бала тәрбиелеу ісінің алғышарты да балабақшадан басталатыны сөзсіз. Осы ұғымды мақсат еткен аудандық аналар кеңесі…
ЖОЛДАҒЫ ШАЛАҒАЙЛЫҚ
Құлан ауылындағы Жібек жолы көшесіне асфальт төсеу жұмыстары өткен жылы басталған еді. Былтыр ауданның шығыс жағынан басталған құрылыс жұмысы аудандық пошта байланыс торабы мекемесі маңына жеткенде тоқтап қалған. Биыл бұл шаруа толықтай аяқталуы тиіс. Алайда, жергілікті тұрғындар төселіп жатқан асфальттың сапасына көп сын айтып жүргенін өз құлағымызбен естідік. Мәселен, былтыр ғана төселген асфальт жолдың сәулетті тойханалардың бірі саналатын «Алтын сарайдың» маңайындағы тұсы ойдым-ойдым болып қалыпты. Бұны қалай түсіндіруге болады? Сұрақ көп, жауап мардымсыз. Тұрғындар шағымына зер салып, осы мәселеге қайырылуды жөн санаған аудандық қоғамдық Кеңестің төралқа мүшелері өткен сейсенбіде аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Дауытбековты шақырып, жиын өткізді. Қоғамдық кеңестің мәжіліс залында өткен келелі отырысты аудандық қоғамдық Кеңестің төрағасы Пазыл Сүлейменов ашып, жүргізіп отырды.
– Құрметті әріптестер, өздеріңіз білесіздер, өткен жылы басталған жол құрылысы белгіленген меже бойынша аяқталуға жақын. Алайда, осы жолдың сапасына қатысты қоғамдық Кеңеске көптеген арыз-шағымдар келіп түсуде. Сондықтан біз бұл мәселені кейінге шегермей, осында талқылауды жөн санадық. Бүгінгі біздің отырысымызға аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Дауытбеков қатысып отыр,- деді Қоғамдық кеңестің төрағасы.
Бұдан соң аталмыш кеңестің мүшесі Әбдіқадыр Оңалбеков сөз сөйлеп, жол мәселесі турасында жүргізілген зерделеу жұмысының нәтижесін баяндады. Оның айтуынша, алғашқы межеге бөлінген қаржы толығымен игерілсе де, жол жөндеу жұмыстарында шикіліктер жетіп артылады екен. Жол жиегіне орнатылған гранит және бетон тастардың (бордюрлер) астына және екі жақтауына бетон құйылып орналастыруы керек. Алайда, ол жұмыстар түгел атқарылмаған. Одан бөлек, асфальт төселмей тұрып, алдын-ала қалыңдығы 10 см шағал тас төселіп, ол тапталып, оның үстіне сұйық битум төгіліп барып асфальтталуы керек еді, ол жұмыстар да түгел жасалмаған. Асфальт төселіп жатқанда жолдың қақ ортасынан 2 жақ шетіне қарай 5 промиле немесе 20 пайызға дейін ылдилау (уклон) жасалуы керек болған, дегенмен ол бар ма, жоқ па, оны тексерген ешкім тағы жоқ. Жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді міндетті түрде техникалық қадағалаушы күнделікті тексеріп, жұмыс процестерін арнайы журналға жазып отыруы тиіс еді. Бірақ, олай істелінбеген. Керек десеңіз, 2018 жылғы жұмысқа қаржы бөлініп тұрса да технадзор тартылмаған. Осылай жалғастыра берсек, бұл жұмыстардың «көрінбейтін тұстары өте көп» тәрізді. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы осы істерді мұқият қадағалап, жіберілген кемшіліктерді қатаң тексеруі керек еді ғой. Сондай-ақ, бұрындары ауылдық округ әкімдері қажетті жұмыстарға бөлінген қаржыға қарай өздері тендер өткізіп, өздері жұмыс сапасын қадағалап, өздері жауап беретін. Сол себепті, бюджет қаражатының үнемді жұмсалуын қадағалауды жандандыру үшін ауылдық округтерден алынып қойған қызметтерді өздеріне қайыру керектігін ұсынамын»- дейді берекесі кеткен тірлікке ренішін білдірген қоғамдық кеңестің мүшесі. Әбдіқадыр Оңалбековтың бұл уәжіне қарсы пікір айтқысы келген аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Дауытбековтің сөзін Қоғамдық кеңес мүшесі Бақытжан Іңкәрбековтың бөлуіне тура келді. Ол: «Мақсат, сен бізді алғаш көріп тұрған жоқсың. Әйткенмен, сөзіңнің ауанына қарап, мен бүгінгі талқылауға сенің дайын еместігіңді топшылап отырмын. Әбдіқадыр мырза былай десе, сен басқаша айтып отырсың. Осы жиынға келер алдында ағаңмен келісіп, дайындығыңды пысықтап алсаң жарамас па еді» — деді. Содан кейін ғана аптығы басылған сала басшысы кемшілігін сезінгендей болып: «Мүмкіндік болса бұл әңгімені келер аптаға қалдырып, сол уақытта талқыласақ» деген ұсынысын айтты. Кеңес мүшелері бұл ұсынысқа толығымен келісті. Отырыс барысында Көгершін ауылына кіреберістегі жолдың мәселесі де сөз болды. Тыңдап отырсақ, мұнда да заң бұзушылықтар белең алған көрінеді. Осылайша, бір сағаттан астам уақытқа созылған бұл отырыстың негізгі түйінін аудандық қоғамдық Кеңестің төрағасы Пазыл Сүлейменов қорытындылап, алаш зиялысы Әлихан Бөкейханның «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек» деген өнегелі сөзін басшылық қызметте жүрген азаматтардың есіне салды.
Марат ДИХАНБАЙ.