ЖЕҢІС КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

1 485 Views

 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында аудан орталығы Құланда салтанатты мерекелік шара өтті. Мерекелік шараға аудан халқы, зиялы қауым өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, Ауған соғысы ардагерлері мен ұжымдар, оқушылар мен жастар шақырылды.

Соғыс жылдарында ауданннан майданға 6235 сарбаз аттанып, 3017 боздаққа туған елден бір уыс топырақ бұйырмады. Біз құрбан болған өз жерлестеріміздің есімін ерекше құрметпен еске аламыз! Мәңгілік жадымызда сақтаймыз!

Елімізде алапат соғыстан аман қайтқан ардагерлер қатары жылдан-жылға сиреп барады. Бүгін облыста 75-тен аса соғыс ардагері болса, ауданда 3 ардагер -Асаубай Сүлейменов, Жахан Мырзахметов, Игенбек Құрбанов аталарымыз ортамызда жүр. Мереке қарсаңында ҰОС ардагерлерімен аудан әкімі Ерболат Садырқұлов кездесіп, сый-сияпат тапсырды. Барлық ауылдар мен білім мекемелерінде тұрғындармен, оқушылармен кездесулер өткізілді.

 9 мамыр күні Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған ҰОС ардагерлері мен жерлес жауынгерлер ескерткішінің басындағы митингіге аудан жұртшылығы, әкімдік, бөлім, мекеме ұжымдары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері жиналды. Митингте аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Қ.Бижанов, Ұлы Отан соғысының ардагері ауданның Құрметті азаматы Ж.Мырзахметов, Т.Рысқұлов ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Б.Әуелбаев құттықтауларын арнады.

Салтанатты шара орта мектептердегі бастапқы әскери дайындық пәні мұғалімдері, колледж студенттері мен мектеп оқушыларының мерекелік шеруімен жалғасты. Жұртшылықты Ұлы Жеңіс күні мерекесімен аудан әкімі Е.Садырқұлов құттықтады.Аудан көркемөнерпаздары мерекелік концерт беріп, көпшілік-мәдени шаралар, ұлттық ойындар өткізілді.

«ҚҰЛАН ТАҢЫ» АҚПАРАТ.

Поделиться ссылкой: