Ақыртөбеде атқарылар тірлік аз емес

848 Views

Жамбыл облысы жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмі бойынша әрбір аудан әкімдері ай сайын кем дегенде екі ауылдық округті аралап, ондағы халықтың әлеуметтік жағдайымен жақын танысуы қажет. Осыған орай аудан әкімі Ерболат Садырқұлов мамыр айының басында Тереңөзек жұртшылығымен кездессе, өткен аптада Ақыртөбе ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысты. Жамбыл облысы жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмі бойынша әрбір аудан әкімдері ай сайын кем дегенде екі ауылдық округті аралап, ондағы халықтың әлеуметтік жағдайымен жақын танысуы қажет. Осыған орай аудан әкімі Ерболат Садырқұлов мамыр айының басында Тереңөзек жұртшылығымен кездессе, өткен аптада Ақыртөбе ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Аудан әкімі ең әуелі сапарын Ақыртөбе ауылдық округіне қарасты Малдыбай елдімекенінен бастады. Негізінен Малдыбайда біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан басты үш мәселе бар. Соның ең күрделісі – ауылдағы мектеп. Шындығын айту керек, мектептің бүгінгі жағдайы мәз емес. Тозығы жеткен білім ордасының жай-күйімен танысқан Ерболат Салқынбекұлы ғимаратқа неғұрлым қысқа мерзімде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба дайындау керектігін айтып, бірқатар басшыларға тиісті тапсырмалар берді. Мектептегі тағы бір мәселенің бірі – сапалы кадрлардың жетіспеуі. Бұл бойынша да аудан әкімі жас мамандарды ауылға тартып, оларды тұрақтандыру жұмыстарын бір жүйеге келтіруді тапсырды. Аудан басшысы одан соң ауылдағы жол және ауыз су мәселелерімен де танысты. Аудан әкімі Малдыбай ауылынан кейін Ақыртөбе ауылындағы бірқатар нысандарды аралап көрді. Оның ішінде №18 Ақыртөбе кәсіптік колледжі мен Ақыртөбе орман шаруашылығы мекемелері бар. Қос мекемені көріп, ондағы негізгі мәселелерге тоқталды. Содан соң ауылдағы «Болашақ» және «Аяулым» деп аталатын қос балабақшаның жұмысына қанық болды Балабақшалардағы әр балаға стандарт бойынша берілетін орынның аздығын айтып, ретке келтіруді тапсырды. Одан бөлек бірі – 65, екіншісі – 50 бала тәрбиелеп отырған балабақшалардың тамақтандыру жүйесі бойынша да бірнеше мәселелерді ортаға салды.

Ерболат Салқынбекұлы ауылдық округ тұрғындарына мемлекеттік қызмет көрсететін әкімдіктің аппаратымен де кездесті. Олардың жұмыс жоспарымен танысып, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері жеке-жеке сұралды. Өкінішке орай Айбек Әбішев басшылық ететін қызметкерлер аудан әкімінің тарапынан қойылған сауалдарға толыққанды жауап бере алмады. Нәтижесінде аудан басшысы мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру жұмыстарын жандандыру қажет екендігін алға тартты. Сонымен қатар, аудан әкімі Ерболат Садырқұлов округтің мал дәрігерлерімен де тілдесті. Олардың атқарып отырған жұмыстармен танысып, төрт түлік малы бар ауыл тұрғындарына көрсетіліп отырған жұмыстарды саралап көрді.

Келесі кезекте аудан әкімі ауылдағы 292 ауланы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мекеменің жұмысымен танысты. Темір жол меншігіне қарайтын мекеме жуырда тағы да 11 аулаға су жеткізуді көздеп отыр. Дегенмен, мұнда да бірқатар мәселелердің басы ашылып, оларды мекеме қызметкерлерімен бірге ұзақ талқылады. Аудан әкімі ауылдағы 10 келушіге арналған амбулаторияны да аралады. Мекеме басшысы Нұрсәуле Мұқашевамен бірге халыққа көрсетілетін қызмет түрлері, науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту жұмыстырын сөз етті. Медицина саласындағы жаңалықтар халықтың әрбір буын өкіліне түсінікті болу үшін, ақпараттандыру жұмыстарын жүйелеу керектігін айтты.

Аудан әкімінің келесі аралаған нысаны – Ақыртөбе орта мектебі. Ауылдағы 17 ұлт өкіліне қазақ және орыс тілдерінде дәріс беретін білім ошағы барлық талапқа сай жабдықталған. Аудан әкімі ондағы химия, физика және алғашқы әскери дайындық пәндеріне арналған бөлмелерімен қатар, спорт зал және мектеп асханасын аралап көрді.

Ауылдағы нысандарды аралап көрген аудан әкімі іссапарды қорытындылау мақсатында ауыл тұрғындарымен кездесіп, халықтың ұсыныстарына құлақ түрді. Жиылған жұрт ауылдағы күрмеуі қиын мәселелерді алдыға тартты. Мәселен, Малдыбайда көгілдір отынның құбыры жүргізілсе де, әлі күнге дейін 103 үйдің 42-сіне газ кірмеген. Ал, Ақыртөбеде 501 үйге кіріп, 34 үй газды тұтына алмай отыр. Оған себеп – газ кіргізу құнының қымбат болуы. Осы бойынша жуырда құбырды тартқан мердігермен келіссөздер жүргізіліп, бағасы арзандатылыпты. Жиында осы бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Одан соң аудан әкімі мектеп, жарықтандыру, ауыз су, жол, жайылым мәселелеріне кеңінен тоқталып, шешу жолдарын баяндап берді. Жиын барысында тұрғындар тарапынан сан түрлі сұрақтар қойылып, жайылым жер беру, кооператив құру, ауыз су мәселесі, шағын кәсіпкерлікті дамыту, ауылға мәдениет үйін соғу, банк терминалын орнату, Ақыртөбе колледжінің жабылу мәселесі талқыланды.

Жәнібек СӘДУАҚАС.

Поделиться ссылкой: