Тағы бір оқу жылы аяқталды
25 мамыр күні аудандағы барлық білім мекемелері соңғы қоңырау салтанатты жиынын жоғары деңгейде атап өтті. Айта кету керек, биылғы оқу жылын аудан бойынша он төрт мыңға жуық оқушы аяқтады. Аудандағы 11 сыныпқа дейін білім беретін 29 мектепті 596 түлек бітірсе, олардың ішіндегі 501-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Аудан бойынша
«Алтын белгі» төсбелгісін алуға 27 түлек үміткер атанса, 14 оқушы үздік аттестаттың иегері атануы мүмкін.
Мереке күні аудан әкімі Ерболат Садырқұлов орталықта орналасқан Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепке арнайы барып, жыл бойы сапалы білім беруді мақсат еткен ұстаздарды және оқу жылын нәтижелі аяқтаған оқушыларды құттықтады. «Биылғы оқу жылы ауданымыз үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Ұстаздарымыз бен оқушыларымыз әр түрлі байқауларға қатысып, бақтарын сынады. Байрақты бәсекелерде жеткен жетістіктер де аз емес. Сол үшін де сіздерге шексіз алғысымды білдіремін. Барлық жас түлектерге сәтті сапар, ақ жол тілеймін! Ұстаздар мен оқушыларға жазғы демалыс жағымды жаңалық пен қуанышты күндерге толы болсын!» деп ақ тілегін арнады.
Алаш ардақтысының есімін иеленген қара шаңырақта биыл 1675 оқушы білім алса, оның 66-сы алтын ұя мектебімен қоштасты. 11-сыныпты 6 түлек «Алтын
белгі» төсбелгісімен бітіруден үміткер болса, 9-сыныпта 6 оқушы үздік куәлік алудан үміткер атанып, олар алдағы мемлекеттік аттестаттау мен ҰБТ сынағына даяр отыр.
Биылғы оқу жылы Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектеп үшін табысты болған сыңайлы. Өйткені, аталмыш мектептің түлегі Нұрлан Нұргерім облыстағы іргелі оқу орындары ТарМПУ мен ТИГУ ұйымдастырған байқауда жеңімпаз атанып, осы оқу орындарына түсуге грант иегері атанған. Ал, Еркін Байекенов Сүлеймен Демирель атындағы Университеттің 30% жеңілдігін иеленіпті. Сонымен қатар, жуырда мектеп оқушыларынан құралған жас театр ұжымы республикалық байқауда облыс намысын қорғап, жүлделі ІІ орынмен оралған. Мұның бәрі мектеп ұстаздарының оқу-тәрбие үрдісіне сіңірген еңбегі деп қабылдадық.
Салтанатты жиын соңы мектеп ұжымы мен оқушылар даярлаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
Тақырып аясындағы мақалалар топтамасын
газетіміздің 4-бетінен оқи аласыздар.