Айт қабыл болсын!

718 Views

Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасатын күнге де келіп жеттік. Еліміздегі барша мұсылмандар күннің аптапты ыстығына қарамастан, рамазан айын жақсы ниетпен, тақуалықпен, оразамен өткізді. Кездескен қиындықтарға сабыр етіп, Жаратушы Иеміздің разылығына ұмтылды. Ми қайнатар ыстықты ауырсынбай ораза ұстауға төзе алған жан – өмірдің басқа да сынақтарына сабырлық таныта алатыны сөзсіз. Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке.

Ораза айты адамдарды бауырмалдылық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады. Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Бұл күні жуынып, үстіне жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет. Әр үйде сәні мен салтанаты ерекше

 мерекелік дастарқан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, мәре-сәре болады.

Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да ерекше маңызды. Өйткені Жаратушы: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған. Дәл осы күні балаларды жаңа киім, тәттілер мен сыйлықпен қуантуды дағдыға айналдырсақ, ораза айтты олар да асыға күтетін болады. Жалпы, Ораза айты қасиетті Рамазан айы аяқталғанының белгісі ғана емес, ол – бір айлық құлшылығымыздың қуанышы мен жемісі. Сол себептен баршаңызды Ислам үмбетінің ең қасиетті де ұлық мерекесі – Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін барша мұсылман шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл мейрам елімізге, жерімізге құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін!

Ораза айт намазы аудандық «Сұлтан» мешітінде 5 маусым күні сағат 6:30-да оқылады.

Сұлтаншәріп қажы ДЖАДРАЕВ,

аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы.

Поделиться ссылкой: