Адам жанын арашалау – басты міндет

967 Views

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолы – өткен ғасырлық Ұлы Жібек жолының қазіргі заманға лайықталған баламасы. Бұл транзит дәлізін алғаш салу идеясы 2008 жылы 6 ақпандағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Жолдауында бекітілген болатын. Кейіннен құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, көлік тізгіндеген жандарға пайдалануға берілді. Сол сәтте «теп-тегіс тақтадай жол үстімен жүреміз» деп бір марқайып қалған болатынбыз. Бірақ, ерте қуанған секілдіміз. Себебі, аталмыш автодәліз бойында жылдамдықты шектен тыс асырған жүргізушілердің жеке қателігінен жол көлік апаты көптеп орын алуда. Дәл осындай көлік қақтығысынан ауыр жарақат алған науқастар бірден аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізіледі. Өлім мен өмір арасында жатқан жанға алғашқы болып қол ұшын созатын жандардың бірі – Есбол Көрпетаев.

Есбол Сәрсенбайұлы аудан­дық ауруханадағы жансақтау бөлімінің меңгерушісі. Аты аталған емдеу мекемесінде қыз­мет етіп келе жатқанына биыл – 14 жыл. Түркістан қала­сын­дағы оқу орнын 2005 жы­лы бітіріп, бірден аудандық ауру­ханаға дәрі­гер болып орналасты. Содан бері кейіп­керіміз адам жанын өлім­нен арашалап қалуды басты міндеті деп санайды. «Біздің жан­сақтау бөлімінде жол апатына түскен, жедел жүрек қан тамыр ауруымен ауырған жан­дарға емдеу шаралары жүр­гізіледі. Оларға бөлімдегі 4 дә­ріге­р, 10 мейірбике, 4 кіші мейір­бикелер сапалы медици­на­лық қызмет көрсетеді. Бөлім 6 төсек орнына арналған. Айта ке­ту керек, бөлім ішіндегі құрыл­­ғылар заман талабына сай жабдықталған. Мәселен, біз­­де орталықтандырылған от­те­гі жүйесі, төрт бірдей өк­пені жасанды демалдыру, ал­ты төсектік монитор және көп функ­ционалды төсектер та­лап­қа сай жұмыс істеп тұр. Тіп­ті, бізде өзімізге тиесілі қоз­ғал­ма­лы рентген және УЗИ ап­па­раттары да бар. Мұнда нау­қас­тар жасына, диагнозына қара­мас­тан жатқызыла береді. Өйт­кені біздің басты міндетіміз — ауыр халде жатқан әрбір жанға ба­рынша көмек көрсету» дейді бөлім меңгерушісі.

Иә, Гиппократ антына адал, қай кезде болмасын көмек қо­лын созуға әзір тұратын осындай жандар көп болса екен дейсің өмірде.Адам өмірін арашалап қалуға атсалысқан Есбол Сәрсенбай­ұлына алғыстан бас­қа айтарымыз жоқ. Еңбегіңіз ар­қылы есіміңіз еленіп, ел ал­дын­да мерейіңіз арта берсін демекпіз.

Суретте : Бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлзат Үкібаева, жансақтау бөлімінің меңгерушісі Есбол Көрпетаев және аталмыш бөлімнің мейірбикесі Жанат Жанысбаева кезекті ота жасау үшін дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Аурухана ахуалы жыл санап жақсарып келеді

Бүгінде аудандық орталық ауруханада барлығы 795 адам жұмыс істейді. Олардың қата­рында 95 дәрігер, 388 орта буын­ды қызметкерлер, 114 кіші бикелер және басқа санаттағы 98 адам қызмет атқарады. Ау­ру­ханада жалпы тәжірибелі терапевт, педиатр, акушер-гинеколог, инфекционист, нео­но­толог, невропатолог, рентгенолог, кардиолог, ото­ларинголог, офтальмолог, уро­лог, онколог, маммолог, эндо­кри­нолог, стоматолог, психиатр, нар­колог, хирург, травматолог жә­не балалар невропатологы дәрігерлері аудан тұр­ғын­­да­ры­на медициналық  кө­мек көр­се­теді. Олар науқас­тарға жедел-жәрдем және шұ­­ғыл медициналық, квали­фи­­ка­­ция­лық-стационарлық, физио­­терапиялық, кеңестік диаг­нос­тикалық, дертті анықтау-тек­серу, алдын-алу және әлеу­мет­­­тік  көмектерді көрсету жә­не жеке­леген санаттағы тұр­ғын­дар­­ды тегін дәрі-дәрмекпен,  жа­сан­ды тамақпен қамтамасыз  ету бағытында аянбай жұмыс жа­­сап келеді.

Жалпы алғанда аурухана стационарында 107 тәуліктік   төсек бар. Нақты атап айтар болсақ, жүйке   аурулар мен емдеу  бөлімдерінде – 15-тен, балалар  бөлімінде-16, перзентханадағы  жүкті әйелдерге арналған-14, ауданаралық травматология  бөлімінде-22, жұқпалы   аурулар  бөлімінде-25 және реанимация  бөлімі-6 төсек бар. Сонымен қатар, аудандық орталық   аурухананың құрамындағы    бастапқы медициналық    мекемелерінде 100 күндізгі   емдеу төсектері тағы бар.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұр­мыс сапасын арттыру» деп ата­латын Қазақстан халқына Жол­дауында медицина қызме­тіне терең үңіліп, аталмыш са­лаға сапалы өзгерістер қажет екендігіне ерекше тоқталған болатын. «Медициналық қыз­мет сапасы халықтың әлеу­меттік көңіл-күйінің аса ма­ңыз­ды компоненті болып сана­лады. Ең алдымен, әсіресе ауыл­дық жерлерде алғашқы меди­ци­налық-санитарлық кө­мектің қолжетімді болуын қамта­ма­сыз ету қажет. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық ем­ха­налар мен ауруханалар меди­циналық құжаттарды қағаз­сыз, цифрлық нұсқада жүр­­гізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұр­ғындардың электронды ден­сау­лық паспорттарын жасауға, ке­зектерді, бюрократияны жою­ға, қызмет көрсету сапа­сын арттыруға мүмкіндік бе­реді» деген еді. Осы тапсыр­ма­ларды мерзімінен бұрын орын­даған аудандық ауру­ха­на қызметкерлері цифр­лан­ды­ру жүйесімен де тиімді жұмыс жасауда. Заман тала­бына сай олар ауруларды бас­қару (ПУЗ), «Дамумед», автомат­тан­­дырылған ақпараттық жүйе (АИС) сынды бағдарламаларды қолданысқа енгізіп, нәтижелі жұ­мыс атқаруда. Сонымен қатар, науқастардың кезегін болдыр­мау мақсатында сырқат жандарды тіркеу жұмыстары да өзгертіліп, автоматандырылған. Медицина саласын толықтай цифрланды­ру жүйесіне ауыстыру үшін ем­деу мекемелерінің 29-ы (82,9 пайыз) телефон байланысымен толықтай қамтылған. Ал ин­тер­нет желісіне мекемелер 100 пайыз қосылып отыр. Емдеу ме­ке­мелерін цифрландыру жүйе­сіне ауыстыру мақсатында 210 компьютер іске қосылса, 2019 жылы қосымша 25 компьютер алынып, олардың барлығы қа­жетті емдеу мекемелеріне тара­тылып берілген.

Аурухана басшылары соң­ғы жылдары білімді жастарды қатарларына қосу үшін Елбасы бастамасымен қолға алынған «Дипломмен – ауылға» бағдар­ла­масын нәтижелі пайдалануда. Мәселен, 2017 жылы аталмыш бағдарлама аясында 7 жас маман ауруханаға жұмысқа орналасса, 2018 жылы бұл көрсеткіш екі есеге артып, 14 жас маман ау­дандық дәрігерлердің қата­ры­на қосылған. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сендірді аурухана басшылары.

Жауапкершілік жүгін арқалаған жандар

Әлем бойынша қызығы мен шыжығы таусылмайтын сан түрлі мамандықтар бар. Солардың қатарына – жедел-жәрдем қызметкерлерін де жатқызуға болады. Себебі, ауы­рып, сырқаттанып қалсақ, қо­лы­мыздағы телефон тұтқасы­нан «103» нөмірін теріп, бірден осы жандарға хабарласып жата­мыз. Жасыратын несі бар. Бел­гі­лі бір себептермен жедел жәр­дем көлігі кейде кешігіп жетсе, өзіңе қол ұшын созғалы тұрған жан­ды сөзбен түйреп, әдепсіздік та­ны­татын кездеріміз де болады. Де­генмен, ол сөздерді естіген же­дел-жәрдем қызметкерлері мойымай өз көмегін тигізуді жал­­ғастырып жатады. Өйткені ауырған же­ріне шипа іздеген жанға кө­мек­­тессе, кейіннен сол науқас­тан міндетті түрде алғыс алаты­нын біледі. Иә, асқынған ау­руың сәл баяулап, дәрігер еккен дәрі денеңе тараған кезде өң бойың қы­зарып, жанағы ұрысқан ада­мы­ңа рахметіңді айтасың. Ұялға­ныңнан әрине. Сонда ғана бұл жұмысқа төзім қажет екендігін ұғынасын еріксіз.

Осындай жәйттерге көніп, төзімділік танытып өз жұмы­сын абыроймен атқарып жүр­ген жандардың санатына – Жам­был облысына қарасты ау­дан­дық жедел-жәрдем бөлімінің қызметкерлерін жатқызуға болады. Қазіргі таңда бөлімде төрт жедел-жәрдем көлігі бар. Оның екеуі аудан орталығындағы ауылдарға қызмет көрсетсе, үшін­шісі – Луговой ауылының тұр­­ғындарына арналған. Ал, төр­тінші көлік Ақыртөбе ауы­лы­на жақын орналасқан елді­мекен тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, бөлімде 26 фельд­шер, 18 көлік жүргізуші жә­не 2 санитарлық қызметші­лер бар. Бөлімге күн сайын 50-ден астам науқастан шақырту түседі екен. Аталмыш мәліметтерді бізге бөлімнің аға фельдшері Аягөз Төлендібаева баяндап бер­ді. «Біздің қызметкерлер не­гі­зінен шақырған науқасқа 10 минутта баруы керек. Деген­мен, кейде тұрғындар тарапы­нан жіберілетін қарапайым қа­теліктердің кесірінен кеш ба­рып жатамыз. Жедел-жәрдем қыз­мет­керлерін шақырған кезде нау­қас жайында нақты әрі толық ақ­парат жеткізілуі тиіс. Себебі, ша­қы­рушы азаматтарды біз төрт санатқа бөлеміз. Сол бойын­ша емдеу шаралары да жүргізі­леді.Сонымен қатар, бізге қиын­дық туғызатын басты мәселе­лер­дің бірі – үйдің сыртында нөмірдің болмауы. Бірақ қазір аталмыш мәселе қолға алынып, шешілу үстінде. Одан бөлек өкінішке орай, кейбір аудан тұрғындары жедел-жәрдемді күтіп алу, үй жануарларын байлап қою, көмек көрсетілгеннен кейін қайта шығарып салу әрекет­те­рін жүргізбей жатады. Осы қа­ра­пайым ережелерді тұрғын­дар ескерсе, жұмысымыз әлдеқай­да жақсаратын еді» дейді бөлім­нің аға фельдшері.

Иә, жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қо­лын созуға әзір тұратын же­дел-жәр­дем қызметкерлерін қан­ша мадақтасақ та артық етпес. Өйткені, науқастың жа­нын қоярға жер таптырмай азап­таған ауруына алғашқы көмек көрсетіп, айықтыратын дәрігерлердің жұмысын жоғары бағалау қоғамның ортақ міндеті деп білеміз. Сондықтан да, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп жүрген жандарға алғыс айтуды ұмытпайық, ағайын!

Суретте: бөлімнің аға фельдшері Аягөз Төлендібаева, фельдшерлер Теміралы Байтүгелов пен Майра Байганусова жұмыс үстінде

«Ауылда қалып, қызмет еткеніме өкінбеймін»

Орталық ауруханада қызмет ететін ақ халатты абзал жандардың біріЛәззат Сүлейменова. С.М.Асфендияров атындағы медицина университетін балалар дәрігері мамандығы бойынша тәмамдаған ол, қазір аудандық ауруханада жоғары дәрежедегі дәрігерневролог болып жұмыс жасайды. Айта кету керек, Ләззат Ахмединқызы дәрігерневролог болса да, алдына келген ешбір науқасты кері қайтарып көрмеген. Әсіресе, балаларын жетектеген атааналардың көп бөлігі осы кісіге арнайы келіп жолығатынын да білеміз.Бұл дегенімізақ халатты жанның өз жұмысына бар ықыласымен берілгендігін аңғартатындай

«Дәрігер болуды бала кезден армандадым» дейді тәжірибелі маман бүгінде.  «Үйдегі үлкендердің қарсылығына қарамастан, жүрек қалауына құлақ түріп, арман қуып әсем қала Алматыға бардым. Студент кезімде көп іздендім. Бар жинаған ілімім ауылыма қайтып келгенімде өз кәдесіне жарады. Әкемнің «қызым ауылда қалып, тұрғындарға өз жәрдеміңді бер» деген сөзін жерге тастамайбар ғұмырымды науқастарға арнауға тырыстым. Бір қызығы әкем тұмса табиғаттың дәрігері болса, мен адам баласының дәрігері атандым. Ауылда қалып, қызмет еткеніме еш өкінбеймін, қайта қуанамын. Себебі, мұнда жүріп көп тәжірибе жинақтадым. Бірақ бұл мен бәрін білемін деген сөз емес. Менің білгенімнен, білмегенім көп әлі. Сондықтан да, әркез ізденісте жүремін. Себебі, кез келген науқасқа ең бірінші көмек көрсету, дұрыс бағдар беруменің ең жауапты міндетім» деп өз ойымен бөлісті.

«Батаменен ел көгереді, жаңбырменен жер көгереді» деген дара халқымыздың даналы сөзін өз ұстанымына айналдырған Ләззат Ахмединқызы өзі емдеген әрбір науқастың разылығы, берген батасынан асқан алғыс жоқ екендігін тілге тиек етеді. «Түрлі жағдайға душар болған науқас қалыпты жағдайға жеткенінше ұйымшыл ортамыздың, білікті мамандарымыздың қарауында болады. Шынымды айтсам, бөлімде емделіп, сырқатынан айығып, шығып бара жатқан емделушіні көргенде көңілім қатты толқиды. Бұл менің жекелей еңбегім емес, бөлімдегі барша қызметкерлердің ортақ жемісі деп білемін. Ұйыған айрандай ұйымшыл әріптестеріммен бірге талай істің шешімін тапқанбыз. Дәл осындай жандармен бірге қызмет етіп жүргеніме өте қуаныштымын» деп өзі жетекшілік ететін бөлімнің қызметкерлері мен жұмысы жайында сыр шертті. Тәжірибелі дәрігер 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, 1 немеренің қызығын көріп отырған бақытты әже бүгінде. Ісіне адал жанның еңбегі талай рет еленіп, марапаттарға да ие болған. Атап айтар болсақ, 2018 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің ұйғарымымен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атты төсбелгісі кеудесіне тағылған. Сонымен қатар, 2016 жылы облыстық ақ халаттылар бақ сынаған бәсекеде топ жарып, «Үздік дәрігер» байқауының ІІ орын иегері атанған.

Нұрай ЖАЙЛАУБАЙ.

Халықтың алғысына бөленген дәрігер

Өз мамандығына адалдық танытып, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандардың бірегейі ақ халатты абзал жандар десек, артық айтпаспыз. Аяқ қолымыз сыздап немесе жұтқыншағымыз ісіп, көкжөтел тамақтан қысқанда ең бірінші көмек қолын созатын да дәл осы медицина саласының қызметкерлері. Сондықтан, бұл мамандық иелеріне деген ізеттілік пен құрмет әрқашан ескерілуі тиіс.

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында аудандық басылым бетінде Көгершін ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Райгүл Батымбаеваның қызметтік баспалдығы мен адамгершілік болмысы жайында жазуды жөн көрдік. Кейіпкеріміз ару қала Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін үздік нәтижемен бітірген. Райгүл Баймұхамбетқызымен тідескенімізде:

– Мен Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданында дүниеге келгенмін. Шыны керек, біздің жас күнімізде Алматыға оқуға түсу арман болатын. Соның бірі — өзіммін. Марат, өмірде алдыңа мақсат қоя білсең, соған жетеді екенсің. Менің осыған көзім жетті. Мектепті үздік бітірдім. Сөйтіп, 1980 жылы өзім қалаған жоғары оқу орнына да түстім. 1986 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын жақсы нәтижемен бітірдім. Мамандығым – педиатр. Киелі Құлан жерінде 1987 жылдан бері еңбек етіп келемін. Аудандық орталық аурухананың балаларды емдеу бөлімінде біраз жыл жұмыс істедім. Ал Көгершін ауылдық дәрігерлік амбулаториясында 1995 жылдан бері қызмет атқарудамын. Мінеки, 30 жылдан асты, мамандығымызға айрықша жауапкершілікпен қарап, елдің алғысын арқалау үшін қалтқысыз қызмет істеп жүрміз» дейді Райгүл Батымбаева.

«Өз ісіңнің білгірі һәм шебері атану үшін жақсы жұмыс істеп, жетік білуге ұмтылу керек» деген Әбу Насыр әл-Фарабидің ұлағатты сөзін өмірлік ұстанымына балайтын Райгүл Баймұхамбетқызы ауданымыздағы жоғары санатты дәрігерлердің бірегейі. Ол әрқашан жеке бастың емес, қара халықтың қамын ойлайды. Бұл сөзіміздің ешбір дәлелді қажет етпейтіндігін жергілікті жұртшылықта растап отыр.

Мәселен, Көгершін ауылында тұратын зейнеткер ақсақал Базарбай Тұтқабаевтың айтуынша Райгүл Батымбаева өз ісіне адал, ең бастысы, кез келген науқасқа жылышырай білдіріп, табанды түрде көмек көрсете алатын білікті жан екенін айтады. Ендеше, «Гиппократ» медалінің иегері, 3 ұлдың анасы Райгүл Баймұхмедқызының осылай жетістіктерден көрініп, өмірде көрер қуаныштарының көп болуына біз де тілектеспіз.

 Марат Диханбай.

Арнайы бетті әзірлеген Жәнібек Базылбеков

Поделиться ссылкой: