Білімдінің жүзі жарық

1 288 Views

Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті болатынына  сәрсенбінің сәтті күні тағы да дәлел болды. Дәл осы күні аудан әкімі Ерболат Садырқұлов  алтыннан белгі таққандарды қабылдадыБір қуантарлығы, былтыр оқу жылын аяқтаған 8 түлек «Алтын белгі» иегері атансасол көрсеткіш биыл 27 түлекке көбейген. Сондайақ,  14 мектеп бітіруші түлек жалпы орта білім туралы «Үздік аттестатқа» ие болды. Ұлағатты ұстаздар қауымының жылдар бойы төккен тері өз нәтижесін беріп келеді. Атап айтар болсақ, №1-мектеп лицейі мен  Ә.Бөкейханов атындағы орта мектеп биыл да  әдетінен жаңылмай  ең көп «Алтын белгі» иегерлерін  тәрбиелеп шығарды.

Аталмыш іс-шараға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудан әкімінің  орынбасары Бейсенбек Әлпейісов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Утеулиева,білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжаппаров қатысып, түлектерді құттықтады. Үлкеннің батасын алып үйренген оқу озаттары да қатарластарына ар­найы ақ тілектерін жолдады. Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің түлегі Балнұр Шабденова «Ауданда шәкірт ізденісіне барлық жағдай жасалған» дей келіп, аудан әкіміне ерекше алғысын білдірді.  Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп түлегі Ахмет Қамшыбекте ізгі тілегін жеткізді. «Ізденудің алғашқы баспалдағын аяқтап, ендігі биік шыңдарға көтерілгелі тұрмыз. 11 жыл бойы мектеп қабырғасында жинаған білімімізді еліміздің пайдасына жаратамыз деген ниеттемін»,-деп қатарластарын ел ғұмырын баянды етуге шақырды. Он жетінші республикалық «Абай оқу­лары» байқауының бас жүлдегері, жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиада­ның ІІІ дәрежелі диплом, екінші республикалық Әбіш оқуларының ІІ орын жүлдегері, «Алтын бел­гі» төсбелгісінің иегері Ахмет Қамшыбек облыс әкі­мінің жеке қабылдауында болып, 100 000 теңге сыйақы алғаны тағы бар. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы өз сөзінде   «Мұғалімі қандай болса-мектебі де сондай болмақ» деп тегіннен айтпағаны анық. Сөзіме дәлел болсын, республикалық жарыстарға қатысып, көсіле шауып жүрген шәкірт Ахметтің ұстазы, Шоқан Уәлиханов атын­дағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күләш Құдайбергенова күні кеше ғана облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Аудан абыройын асқақтатқан ұстаз бен шәкірт байланысы талайға үлгі боларлық жайт екені анық.

Шара соңында тұла бойы туған баласымен бір­ге қобалжып, бірге қуанған ана Гүлнар Алдекова барша ізгі ниетті ата-аналар қауымының атынан балаларына жылы лебізін білдіріп, аналық алғысын жаудырды. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов оқу үздіктеріне «Алтын белгіні» табыстап, ел ертеңі егеменді, еркін пікір білдіре алатын ұрпақ екендігін айта кетті. Сондай-ақ, түлектерге жү­рек қалауындағы маман иесі болу жолында аян­бай еңбектеніп, таза жүріп, адал ғұмыр кешуге ша­қырды.

Қимастықпен естелік суретке түскен түлек жанары есіме осыдан дәл үш жыл бұрынғы ерекше сезімді түсірді. Мен де сол уақытта бүгінгі түлек күйін кешкенмін. Мен де дәл сол сезімді сезінгенмін. Белгінің балдай тәтті дәмін татқанмын. Мойныма артылған ауыр міндетті көтергенмін. Үлкендер берген батаға көгергенмін. ҰБТ-ге  барып, барымды салып, бағым мен бабымды бірдей сынға баптағанмын. Жүрегіме құлақ асып, жанымның қалауын жасағанмын. Сол үшін, өзіңе сансыз шүкір, Жасағаным! «Алтын белгі» иегері атанған ару бүгінде «Алтын белгі» иегерлері туралы мақала жазып, іші жылып, іштей тілеуін тілеп отыр.

 Нұрай Жайлаубай.

Поделиться ссылкой: