Өз өлкеңді танисың ба?
50 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Жыл басынан бері аудан айнасына айналған «Құлан таңы» газеті үлкен форматта басылып, көптің көңілінен шығуда. Жасыратын несі бар, оны ауылдарды аралаған сәтте тұрғындардың өз ауыздарынан естіп, бір марқайып қаламыз. Бұны еңбектің еленгені деп білеміз.
Аудан тұрғындарының көңілінен газет бетінде жарық көрген мақалалар да шығып жатқан сыңайлы. Өйткені, біз осы жылы өмірі өнегеге толы жандардан сұхбат алып, қоғамда орын алған актуалды тақтырыптар жайында сөз қозғап, көптеген қызықты айдарларды жүргізіп отырмыз. Сонымен қатар, журналисттік зерттеу жүргізіп, ұтымды ұсыныстар ұсынып, оқырман тарапынан қолдау табудамыз. Дәл сондай ұсыныстардың бірі – ақпан айының 12 күні №12 газетте жарық көрген болатын. Аталмыш мақаланың атауы — «Абсент жайлы кино түсірілсе…». Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында жазылған мақала үлкен талқыға салынды десек, артық айтқандығымыз емес. Тіпті, облыстық басылым «Ауыл-аймақта», жастардың жаршысына айналған «Арайда», республикалық «Айқын» газеттерінде аудандық басылымның ұсынысы еш өзгертусіз қайта басылды. Сонымен қатар, оқырманы көп, жылқыға жаны құмар жандарды бір арнаға тоғыстырған «Арғымақ» әлеуметтік порталында да жарық көріп, оқырман назарына ұсынылды. Дегенмен бізге сол бір сәтте мақалада қозғалған ұсыныс тұралап қалғандай көрінді…
Алайда, «Шешінген судан тайынбас» деген сөз бар емес пе қазақта. Қасым-Жомарт Тоқаев лауазымды тұлғаларға әлеуметтік желіде парақша ашуды тапсырған еді. Президенттің аталмыш бастамасы бізге тиімді болды десек, жарасар. Себебі, біз жазылған жайды қайта жаңғыртып, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың фейсбуктегі парақшасына хат жолдадық. «Құрметті Асқар Исабекұлы! Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғындары атынан бір өтінішімізді айтқымыз келеді. Елбасының өткен жылы халыққа жолдаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын негізге ала отырып ауданымызда өсіп, олимпиада жеңімпазы атанған Абсент атты арғымақ жайында кино түсіруіге облыс әкімі ретінде ықпал жасауыңызды сұранамыз. Мақаладағы «Атқа міну мәдениеті» және «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп аталатын бөлімдерін біріктіре отырып, Абсент туралы толықметражды фильм түсіруге болады. Аталмыш бастама БАҚ беттерінде көптеп жарық көрді. Алайда мұны елеп жатқан ешкім жоқ. Нағыз іскер әкім ретінде өз септігіңізді тигізеді деген сенімдеміз» деп облыс әкіміне үлкен үміт арттық. Араға бірер күн салып Асқар Мырзахметовтан жауап келді. Аймақ басшысының жауабында біз жолдаған сауалға Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев толыққанды жауап қайтаратындығы жөнінде айтылған. Шынымызды айтсақ, қатты қуандық. Себебі, Дүйсенәлі Дыбысалыұлы Абсент жайлы деректерге қанық екендігіне, біз көтерген мәселеге бей-жай қарамайтындығына сенімді болдық. Расымен де, біз ойлағандай сенім ақталды. Ендеше, назарларыңызға аймақтың мәдени дамуына жауапты Дүйсенәлі Бықыбаевтың жауабын дәлме-дәл ұсынып көрейік. «Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Облыстық кино орталығы» КМҚК Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласындағы «Атқа міну мәдениеті» мен «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» атты бөлімдерін іске асыру мақсатында Тұрар Рысқұлов ауданынан бір ай көлемінде қазақ топырағынан шыққан ең алғашқы олимпиада чемпионы «Абсент» атты арғымаққа қатысты мәліметтер жинақталды. Қазіргі таңда, ҚР Мәдениет қайраткері, журналист, «Алтын жаршы» белгісінің иегері Қалыбек Атжанның идеясымен фильм сценарийі дайындалуда. Алдағы уақытта аталмыш фильм сценарийінің жобасы ҚР Мәдениет және спорт Министрлігіне жолданып, көркемдік кеңесте қаралатын болады. Сарапшылардың оң шешімін алған жағдайда, деректі фильмнің жобалық-сметалық құжаттары жасалып, түсірілім жұмыстары жүргізлмек». Ашығын айтқанда, осыны естіп, төбеміз көкке жетті. Алайда, Абсент жайлы мәліметтерге әбден қанық, кезінде арғымақтың алғашқы атбегісі Молдаш Әмреевпен сырласып, әсерін қағаз бетіне түсірген жерлесіміз Қалыбек Атжаннан атқарылаған жұмыстың мән-жайын сұрап көруді жөн көрдік.
Маусым айының соңында қаламы қарымды журналистпен аудан әкімдігінде кездесіп қалдық. Амандасып, жөн сұрасқаннан кейін Абсентке қатысты көкейдігі сұрағымызды қойып едік, аталмыш жұмыстар расымен де жүргізіліп жатқандығын айтты.Тіпті, деректі фильмге сценарий жазылып, талқыға салынып жатқанын жеткізді. Оны біз кейін ағамыздың әлеуметтік парақшасына шолу жасап, «Киноға да көз қырымызды салдық…» атты жазбасынан аңғардық. Жерлесіміз жазбасында «Осыдан екі-үш ай бұрын Жамбыл облыстық кино орталығы үздік киносценарийлерге бәйге жариялаған болатын. Жұрт қатарлы біз де бағымызды сынап көруге бел байлағанбыз. Бұрын мұндай жанрға қалам тартып көрмегендіктен бе алғашында жүрексінгенім де рас. Сонымен асыға күткен күн де келіп жетіп байқаудың қорытындысы шығарылды. Менің Әулиета өңірінде кіндік қаны тамған олимпиада чемпионы, текті тұлпар Абсент жайлы жазған шығармам бас жүлдеге ие болды» деп қуанышты хабарымен бөлісіпті. Оны оқып, тағы да бір марқайып қалдық.
Иә, қалай десек те біз ұсынған ұсыныс бойынша алғашқы жұмыстар жасалуда. Ендігі кезекте әдемі жүрісі әрі тектілігімен әлемге аты мәшһүр болған Абсент жайында түсірілген фильмнің жарыққа шығуын асыға күтетін боламыз.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.