Ағаш көшеттері отырғызылды
28 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Арыста орын алған ауыр жағдайдан кейін ондағы ағайынға қолдау көрсету жұмыстары бір сәтке болса да бәсеңдеген емес. Керісінше еліміздегі әрбір азамат арыстықтарға қолдан келгенше көмегін беруге асық. Өз кезегінде қиын жағдайға тап болған жандар қазақстандықтардың ыстық ықыласына, көрсеткен көмегіне жоғары баға беріп, алғысын айтуда. Әсіресе, Арыстағы қалың жұрт әулиеаталық тұрғындардың қолдауына дән риза. Олай болуының өзіндік себебі бар. Өйткені, апат орын алғаннан кейін-ақ, алғаш болып көмек қолын созғандардың ішінде біздің аймақ тұрғындарының алар орны ерекше.
Жамбылдықтар Арыс тұрғындарына азық-түлік, күнделікті тіршілікке қажетті тұрмыстық заттармен қамтып, қаладағы қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына да белсенді қатысуда. Дәлірек айтқанда, Арыс қаласын қалпына келтіруге бағытталған Жамбыл облысының штабында 4 мердігер мекеменің 500-ге жуық құрылысшылары күннің ыстығына қарамастан еңбек етуде. Жөндеу жұмыстарына одан бөлек 20-дан астам техника жұмылдырылған. Олар өздеріне тапсырылған 3-сектордағы 11 көшені қалпына келтіру жұмыстарын соңына дейін жеткізетін болады. Зерделеу жұмыстары барысында аталмыш секторда 312 жеке тұрғын үймен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бары анықталған. Оларға қатысты барлық құжаттар талапқа сай толтырылып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінге дейін құрылысшылар облысқа тиесілі 190 жеке тұрғын үйді толығымен жөндеп, пайдалануға беріп үлгерді. (облыс әкімінің басапасөз қызметі. 1 тамыз) Осыдан-ақ жамбылдық құрылысшылардың жұмысы жоғары деңгейде жүргізіліп жатқандығын аңғаруға болады.
Айта кету керек, Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына тұрарлық құрылысшылар да белсенді қатысуда. Маусым айының соңында 10-ға жуық азамат аудан орталығынан Арыстағы ағайынға көмек беру үшін аттанған болатын.
Бүгінде Арыстық тұрғындарға көмек қолын созу шаралары әлі де жалғасуда. Сондықтан да аудан тұрғындарын жақсылық жасаудан қапы қалмауға шақырамыз. Өйткені, бір өңірдің басына түскен ауыртпашылық баршамызға ортақ екенін ұмытпайық, ағайын!
Жәнібек Сәдуақас.