ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

702 Views

Егер өткен оқу жылын 14068 шәкірт аяқтаса, енді жаңа 2019-2020 оқу жылына 14350 оқушы келеді деп күтілуде. Бірінші қыркүйекте аудан бойынша 1678 балдырған бірінші сыныпқа келеді. Сонымен қатар, мектептен тыс бес мекеме 4690 бүлдіршінді қосымша білім беруге тартады. Біздің ауданда үш маусымда оқитын бала жоқ. Ал, апатты жағдайдағы Жалпақсаз бастауыш мектебі жанынан сметалық құны 338 миллион теңге болатын 48 орындық жаңа мектеп салынып бітіп, осы 1 қыркүйекке пайдалануға беріледі. Айту ләзім, ауданымызда жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстары жалғасын табуда. Бірінші сыныптан оныншы сыныпқа дейінгі барлық сыныптар жаңартылған мазмұндағы бағдарламамен оқитын болады.
Енді өткен ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне тоқтала кетсем деймін. 2018-2019 оқу жылында жалпы 27 орта мектептегі 596 мектеп бітірушінің ҰБТ-ға 492-сі қатысты. Дәлірек айтқанда бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша 2018 жылғы орташа балл 83,2 пайызды құраса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 88,9 пайыз болды. Демек, былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда оқушылар 5,7 балға яғни, жоғары нәтиже көрсетті. Сөйтіп, мектеп бітіруші түлектердің 73,1 пайызы жоғарғы оқу орындарының мемлекеттік грантының иегері атанды.
Осының барлығы оқу базасының анағұрлым жақсарғандығын көрсетеді. Дәлірек айтқанда барлық мектептер жоғарғы жылдамдықтағы интернет желісіне жүз пайыз қосылды. Қолда бар 866 оқу кабинеті түгелдей компьютермен жабдықталып бітті. Бала бақшаға балаларды кезекке қою және жолдама беру ақпараттық жүйесі де жүз пайызға орындалып, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің базасына енгізілді. Бірінші сыныптарға қабылдау ақпараттық жүйесі де жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, педагог-мамандарды жұмысқа қабылдауды басқару және бос орын кезегін автоматтандыру ақпараттық жүйесі жеті мектептің базасына енгізілді.
Жаңа оқу жылында оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету және оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу үшін 13 баспамен келісім-шарт жасастық. Бұл жерде аудандық білім беру бөлімі бірінші және екінші сыныптардағы оқушы санының өсуін және оқу құралдарының тым тозып кетуін ескеріп, осы сыныптың оқушыларына қосымша оқулықтар сатып алуға келісім шартқа отырдық. Осының барлығы жоспарлы түрде жүргізілуде.
Аудан бойынша 33 мектептің асханасы оқушыларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Мектептердегі білім алушылардың жекелеген санаттарын тегін тамақтандыру тәртібі бойынша аз қамтылған және көп балалы отбасыларымен қатар бірінші сынып оқушыларына да ыстық тамақ беріледі. Атап айтқанда, бірінші сыныпта оқитын 1590 бүлдіршінге, сонымен қатар, аз қамтылған және көп балалы отбасындағы 1172 балаға бір мезгіл ыстық тамақ беруді қолға аламыз.
Оқушыларды тасымалдау мәселесі де назарымыздан тыс қалған жоқ. Қолда бар он бес автобустың екеуі білім беру бөлімінің иелігінде, ал, 13 автобус жеке кәсіпкерлердің меншігінде. Өкінішке орай, жаңа оқу жылында жаңа автобус алуға қаражат қарастырылмаған. Сонымен қолда бар көлікпен 638 баланы тасу міндеті тұр.
Енді қыс болса «әне-міне» дегенше келіп те қалады. Сондықтан мектептердегі қазандықтарды жаңа жылыту маусымына әзірлеу мақсатымен оларға ревизиялық тексеру жүргізіп, қазандықтарға гидравликалық сынақтар жүргіздік. Сонымен мектептер жаңа оқу жылының жылыту маусымына дайын деп толық сеніммен айта аламыз. Дәл қазіргі таңда Луговой отын базасына 5880 тонна көмір түсті. Сонымен қатар, 51071,0 мың теңге қаражат бөліп, 6 мектептің және бір балалар бақшасын жылыту жүйесін газға ауыстыру жұмыстары қолға алынды.

Б.Самылтыров,
аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі.

Поделиться ссылкой: