қақпашы құдайберген немесе «Урожай» командасы хақында
Алпысыншы жылдары бүгінгідей теледидар болған жоқ, Футбол каролі Пеленің ойынын тамашалау үшін ауыл клубы жанындағы биік электр бағанына орнатылған репродуктордан бір-екі сағат бойы тікемізден тік тұрып футбол ойынына құлақ түріп, соны тамашалаушы едік. Сол жылдардағы менің замандастарым футбол десе ішкен асын тастап, таңның атысы мен күннің батысына дейін алаңда доп қуалайтын. Сондай ойынқұмар жігіттің бірі осы каменкалық қақпашы Құдайберген Мүсірәлиев болатын. Осы жылдың наурыз айының он екінші жұлдызында ол 70 жасқа толды. Бірақ, байырғы футболшы базарлы балалық шақтың балдәурен күндерін әлі ұмытпапты. Әңгімесін асықпай-аптықпай бастаған замандасымның маңдайына түскен әжімді көріп, оның ес білмей жатып әкеден, одан соң анасынан, кейінірек жан жары Әсиядан айырылғанын білдім. Құдайға шүкір, қазір екі ұлы, екі қызы, екі немересі бар. Жетпісінші жылдардың ескерткіші болсын деп, ұлына әлемге аты әйгілі Мұхаммед-Әлидің атын беріпті. Ахметбегі үйленген, Алматыда тұрады.
-1965 жылы ғой деймін біздің Каменкаға сонау Одессадан Михаил Алексеевич Орловский келді. Бәрі соның ұйымдастыруымен басталды. Миша ағай да футбол десе бәрін ұмытатын нағыз спортқа берілген жан екен. Өмірге «Урожай» футбол командасын сол әкелді. Өзі біздің сыныптас қызымыз Надямен отау құрды. Сөйтіп, төңірегіне Асланбек (Вася дейтінбіз), Митя, Жайнақ, Гера сынды жалын атқан жастарды жинады. Олардың алғашқы екеуі кейін Қырғызстанның «Алға» командасына кетті. Команда капитаны Қазақ ауылының тарпаңы Әліш Мырзагелдиев еді.Ойыншыларымыз да сайдың тасындай іріктелді. Бақыт Қозыбағаров, Қошан Тәнікеев, Сәрсебай Қошанов, Жекен Кәдірбаев, Жанұзақ Шілменбетов, Мұрат Исабаев, Қанат Әбдіхалықов, Ертай Кәріпбаев, Жұмахан Нұғманов, Берік Кенжебаев, әрине қақпашы мен – Мүсірәлиев болатынмын. Бізге колхоз басшысы Г.Е.Челаев пен парторг І.Шажалиев көп демеушілік көрсетті. Сол кезде ауылдық футболдан Шудың «Дала қайнар» командасы алдына жан салмай келе жатқан, тіпті Одақта бірінші орын алған команда ғой. 1973 жылы осы атышулы команданы жеңіп, Симферополь қаласында өтетін «СССР халықтарының кубогы» жолындағы жарысқа аттандық. Ең үздік қақпашы мен ең үздік қорғаушы деп Әліш екеуімізді жіберді. Сонда Қазақстан құрамасымен бірге барып бесінші орын алып келіп едік. Сенесің бе, сол кезде Польшадан, Чехословакиядан, Германиядан да командалар келді. Біздің Луговойда да ол кезде мықты футбол командалары болды. Мәселен, теміржолшылардың «Локомотив» командасын Тюпин басқаратын. Қорағаты, әскери бөлім мен автобазаның футбол командалары біздің кәдімгідей қарсыластарымыз болды.
Сол жылдары Егоров,, Савочкин, Дамик, Анисимов, Шакиров Борис деген спортшылар болды. Мен 1970 жылы әскер қатарына шақырылып, борышымды Тынық мұхиты флотында спорт ротасында өтедім. Әскерден келген соң тоғыз жыл бойы «Солнышко» санаторииінде физрук болдым. 1982 жылы аудан орталығындағы жасөспірімдер спорт мектебіне волейболдан жаттықтырушы болып ауыстым. Шынымды айтайын, сол кезде талантты волейболшы Таңат Қамбаралиевпен бірге аудан спортын дамытуға үлесімді қостым.1987 жылы шәкірттеріміз облыста чемпион атанса, 1988 жылы республика бойынша «Қайрат» ерікті спорт қоғамының жүлдесін жеңіп алды. Мықты ойыншымыз Гюнтерді Қазақстан құрамасына қабылдады. Командада Ақылбаев, Шаманиди, Ефимов, Сұлтанқұлов, Бабалинов, Байталиев, Нұршанов сынды спортшыларымыз болды. Мен спорт мектебінде 2000 жылға дейін жұмыс істеп, екінші топтағы мүгедек болып зейнетке шықтым. Содан бері осы Құланда тұрып жатырмын,-дейді Құдайберген Мүсірәлиев.
Иә, ол аса мақтануды білмейтін қарапайым жан. Әйтпесе, атақты спортшы Ниязымбетовты тәрбиелеген Жұмахан Нұғманов осы Құдекеңнің шәкірті. Ол бір кезде облыс спортын да басқарды. Расында да Құдекең нағыз спортқа берілген жан. Оның жоғары білімі жоқ, әйтпесе басқалар алып жатқан атақ пен дәрежені ол да әлдеқашан алар еді. Десек те Құдекеңді бүгінгі спорт күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Суретте: спорт
ардагері Қ.Мүсірәлиев.