Асылқадырдың әліппесі

668 Views

Спортсүйер қауым Асекеңді ұмытқан жоқ шығар. Өйткені, оның қолынан тәрбие алған талай жасөспірім облысымыздың, тіпті республикамыздың намысын қорғап, кілемге шықты. Асылқадыр Несіпбайұлының өзі де жауырыны жерге тимеген палуан болды. Ол еркін күрес пен самбодан, классикалық күрестен бірнеше дүркін университет чемпионы атанды. Алматыда оқып жүргенде «Буревестник» спорт қоғамының жеңімпазы болды. Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмәмдап елге келген соң Абай атындағы орта мектепте еңбек жолын мұғалім болудан бастады.
Мектепте үш жыл жұмыс істеген соң-ақ, оны білім бөлімінің басшылары аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне басшылық қызметке шақырды.Ол осы жерде табан аудармай тұп тура жиырма төрт жыл директор болды. Осы жылдарда спорт мектебінен тәлім-тәрбие алып, үлкен спортқа жолдама алған Ермахан Ыбырайымов пен Ислам Байрамуковтар байырғы спортшы-ұстаздың беделін көтеріп кетті. -Сол жылдары,- дейді Асекең,-еркін күрестен Бауыржан Бидайшиев деген шәкіртім екі дүркін ел чемпионы атанды. Артынша самбо күресінен Әділет Сұлтанқұлов, грек-рим күресінен Асылхан Әсемов республикада жа­сөс­пірімдер мен ересектер арасында чемпиондық дәрежеге көтерілді.
2005 жылдан бастап Асекең тоғызқұмалақ ұлттық спорт ойынын мықтап қолға алды. Оның Алмара Қаңлыбаева, Жанерке және Назира Уәлиева, Жанар Үмбеталы, Медет Әденов, Елдар Оразов, Қайсар Әбдіқапар, Нұрлан Құрманов тағы басқа оқушылары облыс пен республикада жүлделі орындарды иеленді. Иә, бұл ойын Ресей мен Алтай, Монғолия, Қытайда кеңінен өріс алған. Американың Нью-Йорк қаласындағы Аляска университеті осы тоғызқұмалақ ойынын зерттеумен айналысып келеді. 1974 жылы тұңғыш рет Қазақстанда тоғызқұмалақтан ұлттық біріншілік өткізілді. Ал, 2001 жылы республикамызда тоғызқұмалақ әуесқойларының федерациясы құ­рылды. Асекең 2006 жылдан бері аудандағы қауымдастықтың төрағасы. Ұлттық дәрежедегі төреші. Мұғалімдер арасындағы тоғызқұмалақтан бірне­ше дүркін чемпион. Оның жан жары Түймекүл болса ардагерлер арасындағы облыс чемпионы. Олардың отбасындағылардың барлығы да осы ойынды өмірлеріне серік еткен. Келіні Динара да, полициядағы ұлы Әділбек те, немерелері Арыстан мен Әлихан да тоғызқұмалақ десе ішкен асын жерге қоятын нағыз спортшылар.
Иә, Асекеңнің спорт өмірлік серігі. Сондықтан болар ол күні бүгінге дейін спорттық жарыстардан қалмай қатысып келеді. Спорт шеберлігіне үміткер, зейнеткер-ұстаздың ұзақ жылдар бойғы еңбегі «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен аталып өткен. Біз бүгінгі спорт мерекесімен ардагерімізді шын жүректен құттықтаймыз.

Суретте: спорт ардагері А.Әбілдаев.

Поделиться ссылкой: