Келелі жиын өтті
24 ViewsОсы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш кездесуге Қазақстан Республикасының…
Қыркүйек айының 14 мен 22-сі аралығында ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен (грек-рим, еркін күрестен ересектер және әйелдер арасында) әлем чемпионаты өтетіндігі белгілі. Мақтанышпен айта кетерлігі, айтулы додада қос бірдей даңқты жерлестеріміз бақ сынайтын болады. Біріншісі, талай байрақты бәсекелерде белдесіп, тәжірибе жинаған Қазақстанның 3 дүркін чемпионы Әділет Дауланбаев болса, екіншісі, биыл Қытайдың Сиянь қаласында өткен Азия чемпионатында ел қоржынына қола жүлде салған жас пері Әлішер Ерғали екенін айту ләзім. Жақында 97 келі салмақ дәрежесінде белдесетін ұлттық құраманың белді мүшесі Әлішер Ерғалиға «Уатсап» желісі арқылы байланысқа шығып, сұхбат алған едік. «Аламан» айдарының кезекті санында сұхбаттың жазулы нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Әлішер, тамыз айы да түгесілуге жақын. Келесі айда ел астанасында күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталады. Жалпы еркін күрестен Әсет Серікбаев баптайтын ұлттық құрама жігіттерінің дайындығы қалай жүріп жатыр?
– Дайындығымыз жоспарлы түрде жоғары деңгейде өтіп жатыр деп айта аламын. Дегенмен, адамның дегені емес, Алланың қалауы болады ғой. Бұйыртса жарақаттан аман болсақ, барлығы ойдағыдай болуы керек.
– Өзіңмен әлеуметтік желіде сөйлесіп тұрамыз. Жуырда Польша елінде ел абыройын тағы бір мәрте асқақтатып, чемпион атандың. Мен сенің жетістіктеріңді жақсы білгеніммен, жерлестеріңнің көпшілігі ол деректерден бейхабар екенін естіп жүрмін. Сондықтан жетістіктерің турасында сөз қозғайықшы…
– Өзім айтсам мақтанғандай боламын ғой. (Күлді). Дегенмен қолқалап сұраған екенсіз, айтайын. 2016 жылғы Кадеттер арасында ел чемпионы болдым. 2018 жылы жастар арасында да Қазақстан біріншілігінің чемпионы және әлем чемпионатының күміс жүлдегері атандым. Биыл Шымкент шаһарында өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында да тұғыр биігінен көріндім. 2016 — 2018 жылғы Азия біріншіліктерінің күміс және қола жүлде иегерімін. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті денешынықтыру факультетінің студентімін. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін десем, жеткілікті болатын шығар.
– Әрине жеткілікті. Келесі сұрақты өзге арнаға бұрсақ. Сәуір айында Қытайдың Сиянь қаласында өткен Азия чемпионатында еркін күрестен ұлттық құрама балуандары 2 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде еншілеп, айтарлықтай нәтиже көрсетті. Оның ішінде өзің де барсың…
– Жасыратыны жоқ, ол тамаша көрсеткіш болды. Жалпы, ұлттық құраманы баптайтын Әсет Серікбаев ағамыз білікті бапкер ғой. Кім біледі. Бұл — спорт. Әлем чемпионатында осындай нәтиже көрсетіп жатсақ, ел абыройының асқақтағаны емес пе? Біз бозкілемге ақша немесе атақ үшін емес, қарға тамырлы қазақтың намысы үшін шығамыз.
– Ой бәрекелді! Мына сөзің жасыған жанға жігер сыйлайтын сүбелі сөз болды-ау деймін. Дәл осы сөзден кейін менің ойыма мынадай сұрақ келіп отыр. Сияньдағы жарысты бәр сәт еске түсірейікші. Тәп-тәуір белдестің. Бірақ сенің жолыңа ирандық балуан Реза Яздани тосқауыл қойды. Жеңілісті қалай қабылдадың?
– Өмір жалғасады. Сөз арасында да айтып кеттім ғой. Бұл – спорт. Бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Осының бәрін төзіммен қабылдай білу керек.
– Егерде әлем чемпионатында қайта жолығып жатсаң жеңуің мүмкін бе?
– Жалпы, Азия чемпионатында 3 мәрте боз кілемге көтерілген болатынмын. Алғашқы айналымда корей балуанымен күресіп, 6:2 есебімен ұттым. Одан кейін атағынан ат үркетін әлемнің 2, Азия чемпионатының 7 дүркін чемпионы, даңқты Иран балуаны Реза Язданимен белдесіп, 7:3 есебімен ұтылып қалған едім.
– Әлішер сөзіңді бөлгеніме айып етпе, мен сол белдесуді «Youtube»-тан іздеп, толық нұсқасын көріп шықтым. Сен сәтті өнер көрсеткенсің негізі…
– Рақмет, жылы пікіріңізге. «Нұр-Сұлтанда» жолымыз түйісіп жатса, Сияньда кеткен есемді қайтаруға тырысамын. Жалпы, ел астанасында өтетін әлем чемпионатында жұртшылық жадынан өшпейтін із қалдырғым келеді. Әлішердің қандай күрескер екеніне елдің де назарын аударсам деймін. Сол үшін де барымды салып, күресетін боламын.
– Әлішер, сенің бойыңдағы бұла күшті, боз кілемде еркін көсілетін шеберлігіңді отандық баспасөздердің біріне берген сұхбатында еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев та жоғары бағалаған еді. Сенім үдесінен шығып, мемлекеттік Туымызды көкте желбіретесің деген ниеттеміз. Сұхбаттасқаның үшін алғыс білдіреміз. Абыройлы бол!
Әңгімелескен Марат Диханбай.