Сүндеттеу – мұсылманның парызы

1 577 Views

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «һибатулла Тарази» мешіті әлеуметтік тұрмысы аз қамтылған отбасы балаларын тегін сүн­детке отырғызу мақсатымен облыс кө­ле­мінде «Сүндетке отыр, балақай» атты іл­кімді шара ұйымдастырды. Алғаш бұл бас­таманың тақырыбын естігенімізде та­ңырқай қарағанымыз жасырын емес. Дегенмен, аудандық емхананың хи­ру­рг-дәрігері Махмуд Тілепбергенов­пен тілдескенімізде іс-шара мақсаты­ның жай-жапсарын түсінгендей болдық.
– Өзіңіз білесіз, сүндет – ис­лам дінінде ер баланың жыныс мүше­сіндегі тері бөлшегін кесу арқылы жасалатын ғұрып. Меккеде ер ба­лалар 3-7 жастарында сүндетке отырғызылады екен. Ілгеріде қазақ халқында сүндеттеуді қожа-молдалар атқарып келді. Қазір заман өзгерді. Медицинаның қарыштап дамуына байланысты сүндеттеу салты медицина қызметкерлеріне жүктеліп отырғанын айтқым келеді. Сіздер келгенге дейін 10-ға жуық баланы сүндеттедік. Меніңше, барлығы медицина талаптарына сай сәтті болып жатыр, -дейді аудандық емхананың хирург-дәрігері Махмуд Сабырұлы жұмысым көп дегендей ыңғай танытып.
Онысын түсіндік. Өйткені, кезек күтіп тұрған ата-ана көп. Сөйтіп, аудандық емхананың аға медбикесі Асель Абильдаеваға жолықтық. Медицина саласында 16 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты аға медбике:
– Ауданымызда тұрмыс жағдайына байланысты аз қамтылған отбасы балаларына аталмыш акция әжептеуір көмек болады деп ойлаймын. Сондықтан мұсылман дініндегілердің орындауға тиісті дәстүрлі парызы әрі міндетті заңы болып есептелетін сүндетке отырғызу шарасы алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасса екен,- дейді.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: