Партиялық жауапкершілікті арттыруды тапсырды

732 Views

Нұрсұлтан Назарбаевтың төраға­лығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Тұңғыш Президент – Елбасының баспасөз қызметі.
Басқосуға Саяси кеңес Бюросының мү­шелері, Үкімет мүшелері, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция өкілдері, партияның өңірлік филиалдарының басшылары және олардың орын­басарлары, бастауыш партия ұйым­дарының өкілдері қатысты.
Кеңейтілген отырыста күн тәртібіне сәйкес партияның сайлауалды бағ­дарламасы мен съездерде қабылданған шешімдердің орындалу барысы, партия жұмысын жаңғырту және Саяси кеңес Бюросының құрамына өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды.
Елбасы ел дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін пар­тияның қоғамды жұмылдыру үдерісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев сай­лау заңнамасын реформалау нәти­желеріне тоқталып, қабылданған пропор­ционалды жүйе озық әлемдік тәжірибеге сай келетінін және демократияны дамытуға септігін тигізетінін айтты.
– Партия проблемаларды нақты шешу жолдарын ұсынып, тиімді жұмыс істеуі керек, сонда беделіміз де артады, халық та қолдайды. Экономика мен саяси даму бағытында көшбасшы атанған елдердің тәжірибесінен сабақ алғанымыз жөн, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
«Nur Otan» партиясының Төрағасы алдағы сайлаудың конституциялық мерзімде өтетіндігін тағы бір мәрте атап өтті.
– Қазір Үкімет пен бүкіл атқарушы билік білек сыбанып, «Nur Otan» партиясы мен жаңадан сайланған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды уәделерін орын­дауға, адамдардың нақты проб­лемаларын шешуге тиіс. Ең алдымен, өңірлерде жұртшылықпен тығыз жұмыс істеу қажет, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды.
Атап айтқанда, Елбасы бағдарламаға сәй­кес партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдауды, барлық деңгейде партия орган­дарының әлеуетін мейлінше жү­­зеге асыруды, биліктің барлық дең­гейінде партиялық жауапкершілікті арттыруды тапсырды.
– Партияның Мәжілістегі фрак­циясының жұмысын барынша күшейту керек. Бұл партия міндеттерін орын­даудың және атқарушы органдарға ықпал етудің негізгі тетігі. Фракцияның мәртебесін көтеру үшін оның жетекшісі лауазымына Мәжіліс Төрағасы Нығматуллин Нұрлан Зайроллаұлын сайлауды ұсынамын. Ол Мәжілістің спикері ретінде алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу және фракция жұмысын қайта жандандыру үшін барлық ресурстарды жұмылдыра алады, – деді Елбасы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назар­баев халықпен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізуді, қарқынды ақ­параттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыруды және партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды ұсынды.
– Қазіргі таңда «жаңа» медиа саласында шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушы арналар көбейіп ке­леді. Жергілікті, қарапайым мәселелер республикалық деңгейге дейін көте­рілуде. Қоғамдық санада жалған түсі­нік қалыптасуда. «Nur Otan» өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қай­та қарауы қажет. Партияның бұқаралық ақпарат құралдары объек­тивті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуға тиіс, – деді партия Төрағасы.
Сондай-ақ, Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті ел алдында тұрған экономикалық проблемаларға тоқ­талып, тұрақты өсімді қамтамасыз ете­тін жаңа шаралар ұсынды.
Атап айтқанда, Елбасы бизнес үшін салық ауыртпалығын төмендету арқылы экономикаға салықтық ынталандыру те­тіктерін енгізуді ұсынды.
– Сондай-ақ, бюджет саясатын қайта қарау қажет. Мемлекеттік сатып алу­лар ашық емес және сыбайлас жемқорлық жаппай белең алған салаға айналды. Құны 1,8 триллион теңгені құрай­тын мемлекеттік сатып алулардың 65 пайызы бір көзден жүзеге асқан. Мем­лекеттік сатып алулар туралы заң­ды өзгерту керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті белсенді сауда саясатын жүзеге асыру және қаржы секторын тұрақтандыру шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
– Қазіргі таңда жасанды интеллект алдыңғы қатарға шықты. Оны тір­шіліктің барлық саласына енгізу ау­қымы жағынан уранның бөлінуі ту­ралы жаңалықты ашумен тең. Жа­санды интеллект денсаулық сақ­таудан бастап, өндіріс пен қаржы секторына дейінгі барлық саланы түгел трансформациялайды. Жасанды интел­лект жаңа әлемдік тәртіп орнатып, жаңа жаһандық көшбасшылар мен аутсайдерлерді айқындайды. Сон­дықтан біз оны қолдау үшін қазірден бастап ауқымды және жүйелі шаралар қабылдауымыз қажет, – деді партия Төрағасы.
Нұрсұлтан Назарбаев жасанды интеллектіні жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін заңнамалық база әзірлеуді, сондай-ақ, осы саланы кәсіпкерлік және ғылыми тұрғыдан қолдау үшін экожүйе қалыптастыруды ұсынды.
– Партияның күнделікті жұмысын айтарлықтай жандандыру керек. Біз үлкен деректер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халықтың сұранысына алдын ала жауап беруді үйренуіміз керек, – деді Елбасы.
Сонымен қатар, отырыс барысында Партия Саяси кеңесі Бюросының жаңа мүшелері ретінде «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Д.Қыдырәлі және «Жас Отан» жастар қанатының көшбасшысы Д.Кәрібек сайланды.

Поделиться ссылкой: