Қарапайым еңбек адамы

1 587 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан­дықтардың әл-ауқа­тының өсуі: табыс пен тұр­мыс сапасын арттыру» ат­ты Жолдауында халықтың әл-ау­қатының өсуі басты ба­сым­дық­қа айналуы қажет екенін сөз етіп, «Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде жә­не лайықты жалақы алуға не­ме­се жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік бол­ған кезде табысы артады. Мем­ле­кет пен адамдардың күш бірік­ті­руінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз» деген болатын. Бұл сөздің астарында терең мән-мағына жатқанын кейбір жұрттың түсіне бермейтіні өкінішті әрине. Бірақ бұдан ой түйіп, қол қусырып қарап отырмай, мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысын тиімді кәдеге жаратып отырған бір отбасының отағасымен тіл­десудің сәті түсті.
«Журналистің кеңсесі – кең дала» деп Әзілхан Нұршайықов айтпақшы, аудандағы елді­ме­кендерді сан мәрте аралап жүрсек те, Мұса Сұлтанов се­кілді іскер азаматтар күнде кез­десе бермейді. Екеуара әңгімеден айтар ойы нық екенін аңғардық. Сөйлеген сө­зінен оның еңбекқор екені кө­рініп тұрды.
– Менің есімім Сұлтанов Мұса Сәрсенбайұлы болады. Құлан ауылының тұрғынымын. Біз Қарақалпақстаннан көшіп келдік. Қазақ ежелден кең­пейіл халық қой. «Оралмансың» деп өзекке тепкен жоқ. Қайта «Қандасымыз» деп, бауырына тартты. 10 жылдан бері осы ауыл­дың тұрғынымын. Негізі­нен, алғаш қоныс аударғанда Меркі ауданына көшіп кел­генбіз. Сонда 10 жыл тұрып, кей­ін Құланға қоныстандық. 6 баланың әкесімін. Іңкәр, Мөлдір, Меруерт, Аружан, Нұржан және Ғалымжан есімді 4 қыз, 2 ұлым бар, -деді Мұса Сұлтанов бізбен өрбіген блиц-сұхбат барысында.
Ол әр балаға мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеу­меттік көмек жәрдемақы­сын күнделікті қажеттілікке жа­рата салмай, бірді екі етудің қа­мын жасап жүр екен.
«Жасырып қайтемін, ай сай­ын мемлекет есебінен 156 мың тең­ге қаражат аламыз. Үлкен қызым студент. «Бала – бауыр етің» ғой. Солар үшін жер басып жүрген жоқпыз ба, қарағым… Дегенмен, менің 6 балам бар екен деп, «ауызды құр шөппен» сүртіп отырған жоқпыз. Өзім базарда жұмыс істеймін. Бірақ, атаулы әлеуметтік көмекті алғалы бері ойда жүрген көптеген ша­руалар іске асты. Мал шаруа­шы­­лығымен айналыссам дей­мін. Міне, өзің көргендей, мем­лекет тарапынан берілетін жәр­дем­ақыға 2 ешкі лағымен және екі тоқты сатып алдым. Алдағы ай­да тағы да сатып алсам деп ниет етіп отырмын» дейді елуді ең­серген ардақты әке.
Аудандық халықты жұмыс­пен қамту орталығының кон­сультанты Марат Алкереев­­тің сөзіне сенсек, аудан аума­ғын­да атаулы әлеуметтік кө­мек жәр­демақысын 3 мыңға жуық адам алады екен. Әңгіме бары­сын­да Марат Жолдасбекұлы мем­­лекеттік жәрдемақының ма­ңы­зы мен сипатын айта ке­ліп, Мұса Сұлтановқа алға қой­ған мақсатыңызға жетіңіз деген із­гі тілегін жеткізді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: