6 шілде – астана күні

659 Views

Елорда – ел жүрегі

Белгілі журналист Мұратбек Тоқтағазиннің «Ақмола үшін айқас» деген атаумен жарық көрген жұп-жұмыр кітабы бар. Өзі ел газеті «Егеменде» біраз жылдар еңбек еткен танымал журналист қой. Жақында Мұратбек ағаның сол кітабынан тақырыбы «Кіндік қаланың келбеті»деген мақаланы оқып, дән риза болдым. Қандай теңеулер жазған десеңші. Мәселен, «Көгілдір экранды ашып қалсаңыз немесе мерзімді баспасөз беттеріне көз жүгіртсеңіз Астанаға табан тіреген алыс-жақыннан келген қонақтардың ерекше таңданысына куә болып жатасыз. Шынымен-ақ небары 20 жылда бұрынғы шап-шағын облыс орталығы осындай ұзатылатын қыздай жасанып шыға келгені ме дер еді. Таңданса таңданғандай-ақ. Өйткені, күні-кешегі тың өлкесіндегі шағын қала бүгінгі таңда зәулім ғимараттары аспан тіреген таңғажайып мегаполиске айналды» деп жазады Мұратбек Тоқтағазин.
Иә, ел астанасының тек Орта Азияда ғана емес, әлемдік трендте де беделі жоғары екенін шетелдік БАҚ өкілдері жазып жүр. Ол — ақиқат. Біз мына жайтты ашық әрі қымсынбай жаза аламыз. Айталық, неміс халқы Берлиннің даму көрсеткішіндегі сапалық өзгерістердің бір айналымына – 30 жыл уақыт жұмсалғанын айтады.Рио-де Жанейроның осындай келбетті қала статусына ие болуы үшін бразилиялықтар 25 жыл уақыт сарп етіпті. Ал Исламабадтыкі Рио-де Жанейродан екі есеге көп. 50 жыл. Біздікі ше?
Елордамыз әлемдегі көрікті қалалардың санатында көш бастап тұрған Париж, Рига, Лондон, Брюссель, Мадридпен иық тіресетін деңгейде қазір. Сарыарқаның сайын даласындағы елордамыз менмұндалап айдай әлемге айбарын көрсетіп тұрғаны жасырын емес. Талай мәртебелі жиындар бұрынғыдай Брюссельді бетке алмай, ат басын қазақтың бас қаласына бұратын болды. Бүтін бір елдің тізгінін ұстаған парасатты басшылар мен саясаттағы саңлақ спикерлердің кез келгенінің ел астанасының көркіне тәнті болмаған кезі жоқ. Атағы алты құрлыққа мәлім Вашингтоныңыз болсын, Парижіңіз болсын, Лондоныңыз болсын, Ригаңыз болсын «Нұр-Сұлтан» қаласымен санасатын деңгейге жетті. Бұл мұқым қаза үшін үлкен абырой және зор мақтаныш. Бұл — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасы. 20 жылда ел астанасы Мұратбек ағам жазғандай, «ұзатылатын қыздай жасанып», зәулім ғимараттары көк аспанмен астасқан асқақ елордаға айналып отыр.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: