СЕРТИФИКАТТАР табыс етілді

847 Views

Бүгінде ел экономикасының тұрақты дамуына кәсіпкерлердің қосқан үлесі орасан зор. Осыны нақты түсінген билік басындағылар әрбір елдімекендерде шағын кәсіптің болуын жөн деп санайды. Ол үшін осы бағытта арнайы құрылған ұйымдар мен бірлестіктер қарапайым тұрғындарға бизнес бастаудың қыр-сырын үйретіп, кәсіптен нәсіп табуға баулуда. Одан бөлек олар кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, бизнесті бастау кезінде орын алатын олқылықтарды болдырмаудың жолын көрсетуде. Солардың бірі — кәсіпкерлерді қолдау палатасы. Ауданымызға бұл ұйымның келгеніне көпте уақыт болған жоқ. Алайда, еңсерген істері көңілге қонымды. Тұрғындардың жаңадан кәсіп бастауына немесе істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамуына өз үлесін қосып жүрген аталмыш ұйым бірер жыл бұрын «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Бастау бизнес» жобасын оқытуды қолға алған болатын.
Жуырда осы жоба бойынша дәріс алған 30 адамға кәсіпкерлік палатасының сертификаттары табыс етілді. Оны аталмыш палатаның аудандық филиалының директоры Нұрлан Сапарбеков табыстады. Жиын барысында алғашқы сөзді алған Нұрлан Гиззатұлы оқуға ниет білдіруші жандарға дәріс берген бизнес-тренерлер Талғат Нұрходжаев пен Әсия Іңкәрбекованың еңбегі зор екендігін айтып, дәріс алушыларға сәттілік тіледі.
Сертификатқа ие болған жандардың қатарында жеке кәсіпкер атануды жөн көрген Айсұлу Талғатқызы да бар. Айсұлу болашақта шағын тігін цехын ашуды көздеп отыр. Онда ол алғашқы кездері тұрмысқа керекті заттарды тігуден бастаса, болашақта құрылыс, әскери сала қызметкерлеріне арналған киімдерді тігуді мақсат етіп отыр. Осылайша Айсұлу келешекте өз кәсібін кеңейтуді көздейді.
Негізінен «Бастау бизнес» көптеген жандардың асқақ армандарын жандандыруға өз септігін тигізіп келе жатқан бірегей жоба. Мәселен, 2017 жылы осы жоба аясында облыс бойынша 1125 адам оқытылса, ауданымызда 189 адам оқытылып, оның ішінде нақты 116 адам өз кәсібін ашу үшін шағын несиелерге қол жеткізген. Берілген несиенің нақты мөлшері 402,300 млн. теңгені құрайды. Ал, 2018 жылы осы бағытта 182 адам оқып, 410,365 млн. теңгеге 108 адам ие болған. Ағымдағы жылы бұл көрсеткішті палата қызметкерлері екі есеге арттыруды көздейді. Қазірдің өзінде «Бастау бизнес» жобасы бойынша 90 адам дәріс алып үлгерген. Бүгінгі таңда олардың несие алып жеке кәсібін ашуына барлық жағдайды жасау көзделіп отыр.

Ж. СӘДУАҚАС.

Поделиться ссылкой: