Өткеннің өнегесі баянды болашаққа бастайды

749 Views

Тарихты тану кемел келешекке оң қадам бастатары анық. Өткеннің өнегесімен баянды болашаққа бағыт алған қазақ елінің ұлттық қасиеттерін, құндылықтарын талдап көрсеткен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деген еді. Кешегі бабалардың батырлық әрекеттерін, ел мүддесіне ееңбек еткен істерін бүгінгі жас буынға үлгі ету үшін де тарихи жәдіргерлерді құрметтеудің маңңызы зор. Осы мақсатта көненің көзін іздеген тарихшыларбелгісіз қалған ата-бабалардың жатқан жерін тауып, кейінгі ұрпақтары тәу етер орындарын белгілеп, сауапты іс жүзеге асуда. Жақында ғана адай атаның батыр ұлы мен ел қорғаған немересінің жатқан жері табылып, ұрпақтары белгі қойып, бабалар рухына ас берді.
Рас, көбімізде «ұлы жүз оңтүстікте, орта жүз орталық пен шығыста, кіші жүздер батыста» деген түсінік қалыптасқан. Адай атаның ұлы мен немересінің оңтүстік өңірден табылғаны Ұлы даламыздың бар өңірі иісі қазаққа ортақ екенін дәлелдейді. Тарихшылардың зерттеп, анықтаған дерегіне сүйенсек, Шу бойынан Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек ханға қол бастап, ерлігімен үлес қосқан Адай атамыздың батыр ұлы Құдайке мен немересі Мұңал осы маңда қаза тауып, жерленген екен. Ақыртастан ары қарай тауға қарай жүрген жолда суы шипалы бұлақ бар. Оны жұрт Мұңал бұлақ атап кетіпті. Ал, сол тұстағы тау бөктерін Мақпал тауы дейді. Мақпал – Мұңал атаның бәйбішесінің есімі.
–Адай батыр Әбілхайырдан бөлініп, үдере көшіп, Шу мен Сарысудың арасына орналасыпты. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек ханға көмектесіп, қазақтың көптеген руларының басын қосып, шекарасын анықтап, көрші елдермен келісімге келіп, қазақ хандығының ірге тасының берік болуына бір кісідей еңбек еткен. Керей мен Жәнібектің көшіне 300-дей кіші жүздің отбасыларын ертіп, асқар Алатаудың етегіне келіп орналастырып, Керей мен Жәнібектің сенімді серігі, әскер басы болғанын біреу білсе біреу білмес. Жас қазақ хандығының құрамына батыстағы, шығыстағы, солтүстікте тұрып жатқан ру-тайпаларды қазақ хандығының құрамына кіруіне Жәнібекпен бірге араласқан Адайды Керей хан да, Жәнібек сұлтан да қатты сыйлап қадірлеген. Соның нақты бір белгісі Адайға Жәнібек өзі бас құда болып, Бексұлтан төренің айдай сұлу қызы Айымнұрды қалыңмалын төлеп, тойын өткізіп, әпергені. Адайдың осы әйелінен екі бала болған. Бірі Құдайке, екіншісі Келімберді. Келімбердінің ұрпақтары бүгінде Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық және Құлан ауылдарында тұрып жатыр. Адай мен оның балаларының осы маңда тұрғанына кешегі жыраулардан қалған жыр-дастандар дәлел бола алады. Адайлар ерте заманда кіші жүздің басқа рулары сияқты Алатауды мекендеген. Қашаған жырау «Атамекен» деген жырында:
Әзіреттің кең ойы,
Алты судың өн бойы,
Атамыз қонған жер екен,
Алғыр судың бойында
Алшын деген аз ауыл
Қытайменен жау болып,
Көшіпті солай қарауыл, -дегені бар.
Жас Қазақ хандығының нығайып, көлемінің ұлғайып, халықтың саны көбейіп, іргелі күшті ел болғанын көре алмайтын көршілер Қытай, қалмақ, бір жағынан Шайбани мемлекеті тұс-тұстан тыныштық бермей, қайта-қайта шабуылдағанда Жәнібек хан Адай мен өзі бас болып ел шетіне келген жауларға аямай соққы береді. Қапияда Жәнібек қайтыс болады. Бұл кезде Адайдың баласы Құдайке батырдың даңқы асып тұрған кезі еді. Небір шайқастарда жанқиярлық ерлік көрсетіп, жауынгерлердің алдына шығып, «Алшын, Адай!» деп айқайлап ұрысқа кірісетін. Осындай бір соғыста Шайбани әскері оңбай жеңіліс табады. Ойрандалып тоз-тозы шығып қалады. Тек Құдайкенің қолына садақтың оғы тиіп, көп ұзамай қайтыс болады. Құдайкені ел аузында Ойранды атанып кеткен жерден төмен, Алатаудың етегінен бастау алатын Әулиебұлақтан шығатын өзеннің оң сағасына, төбенің бір шетіне арулап жерлейді. Кейіннен осы жерге Келімбердіні де жерлеген. Шайбонилермен болған бір шайқаста Құдайке 100 шақты адаммен жау қоршауында қалады. Сол кезде Келімберді атой салып жау шебін бұзып өтіп, ағасы Құдайке мен жауынгерлерін жау қоршауынан алып шығады. Келімберді небір шайқастарда ағасы Құдайкенің жанында болып, ерліктің небір үлгісін көрсетеді. Ең соңында екі баласының жанына жүзден асқан шағында Адайды да мәңгілік мекеніне жерлеген. Адай қайтыс болғанда қазақтың үш жүзінің игі жақсылары және Хақназардың өзі де бірге арулап жерлейді. Бұл жер ел аузында «Қазақ мола» деп аталады. Кезінде үлкен қорғаны болған және көктасқа есімдері жазылып қойылған екен. Қорғанның ірге тасы ғана сақталған. Маңғыстаулық азамат Ыдырыс Серікбаев 10-15 жылдан бері өз қаржысына Өзбекстанды және Қазақстанның оңтүстік облыстарын аралап, көптеген аңыз әңгімелерді, жыр-дастандарды, тарихи шығармаларды, тарихшылардың мақалаларын, шетел тарихшыларының еңбектерін зерделеп, халық арасында айтылған әңгімелерді мұқият тыңдап, зерттеп, мұрағаттардан құжаттарды қарап, атасы Адай мен оның ұлдары Құдайке, Келімбердінің жатқан жерін анықтау мақсатында көп жерлерді аралайды, іздестіреді. Көнекөз қариялармен сөйлесіп, сілтеген жерлеріне барады. Осындай көп жылғы іздестірудің нәтижесінде Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданына келіп, жергілікті өлкетанушы Бекқұлы Әліұлының айтуымен Жаңатұрмыс ауылына келеді. Мұнда көнекөз қария Қасымбай Кемісбаев, Кемел Азаматов пен Жетпіс Көлбаевтің айтулары бойынша бұрынғы «Жібек жолының» төменгі жағында, өзеннің оң жақ бетінде кезінде үлкен төбе болған екен. Бүгінде шөгіп, төбешік болып қалған жерде үш адамның моласы сақталған. Ортадағы үлкені Адай батырдың, ал жанындағы екеуі балалары Құдайке мен Келімберді жатыр деген мәлімет береді. Жыр-дастандардағы деректермен дәл келіп тұр. Үш моланың төңірегін тазалағанда, бұрынғы қорғанның ірге тасы көрінеді. Ірге толық сақталған, бірақ балшықтан соққан қабырғалары қирап жатыр. Кезінде есімдері жазылған көктас бар екен, кейін қолды болыпты. Ойранды даласының төменгі жағында, Мөңке батырдың атындағы разьездің шығысында, өзеннің оң жағындағы төбенің үстіндегі молалар Адай мен оның балалары жатқан жері осы болар деген тоқтамға келеді. Ал жергілікті халықтың айтуы бойынша әр төбенің басында осы елдің қорымдары бар екен. 1948 жылы зерттеушілер Т.Рысқұлов ауданының маңында Қазақ ауылы деген жердің жанындағы Жарбол деген стансаның барын, одан әрі Әулиебұлақ (өзен) өзенінің оң жағында ұлы Жібек жолының маңында Мөңке батырдың және Адай мен оның ұлдары Құдайке, Келімбердінің жатқан жерлерін картаға түсіріп, схемасын жасаған. Сол схема табылып отыр. Онда батырлардың моласының орны да көрсетілген. Адай батыр мен оның балалары Құдайке, Келімбердінің, немерелері Ер Қосай мен Мұңалдың ерлік істері, батырлығы, халқы үшін атқарған қызметтері туралы жазушы Бектұр Төлеуғалиұлының «Адай тарихы сыр шертеді» деген еңбегінде, көптеген шайқастардың куәсі болған Қазтуған ақынның жыр-дастандарында, шежіреші Өмірзақ Қалбаевтың «Ер Қосай» атты кітабында, Ұзақбай жыршының «Алақай батыр» дастанында, Сабыр жыршының «Алақай батыр» жырында, Ибн Бахуридің «Алғашқы қазақтардың бірігуі» еңбегінде, Алшын Меңдалыұлының «Адай шежіресінде» және басқа да еңбектерінде айтылған, -дейді ардагер журналист Мәскеу Нохрабеков.
Көне көздердің айтуынша, Адай ұрпақтары кейін Маңғыстауға барып, ондағы түрікмендерді Ашхабатқа қуып, жерді өздері иемденген екен. Алтайдан Атырауға дейін созылған байтақ даланы мекендеген қазақ баласының ел мүддесі үшін бірлікке ұйысатынын бабалардың кешегі ісі түгілі бүгінге қалдырған ізі де айшықтап тұр. Тек, жас ұрпақ бабалар салған ізден жаңылмасын деп тілейік.

Қамар Қарасаева.

Поделиться ссылкой: