Кеңейтілген отырыс өтті
11 ViewsКеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Тұрар Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырысқа Жамбыл…
Біз биыл әр салада қажырлы еңбек етіп, ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан жандар жайында кеңінен сөз қозғап, жазып жүрміз. Осы уақытқа дейін ауданның айнасына айналған басылымның бетінде жасы сексенге жеткен ардагерлер жайында мардымды мақалалар талай рет жарық көрді. Осы бір үрдісті әрмен қарай жалғастыру мақсатында біз арнайы Құмарық ауылына барып, талай жылдар бойы егіс даласында тынбай еңбек етіп, мәртебелі марапаттарға ие болған байырғы тракторшы Асан Омаровпен тілдесіп көрдік.
— Дәл осы уақытта егіс даласындағы жұмыс қызу жүріп жататын, – деп бастады сөзін кейіпкеріміз. – Шындығын айту керек ол кездері жұмыс өте ауыр болатын. Қазіргідей салқындатқышы, жеке кабинасы бар тракторлар мен комбайндар ол кезде мүлдем болмаған. Біз сол бір жылдары ауыр жұмыс жасап, еңбекке ерте араластық. Нәтижесінде, жастайымыздан ысылып, әбден шыңдалдық, — деп сол кездегі қиын кезеңдерді баяндап берді.
Асан Омаров 1939 жылы 13 шілдеде Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ата-анасы кезінде Одаққа аты белгілі Карл Маркс атындағы колхозда шопан болып жұмыс атқарған. Сол кездері қарапайым шопанның баласы ауыр техниканы тізгіндейді деп ешкім ойлаған жоқ. Асекеңнің темір тұлпарға деген қызығушылығы оны жолға әкелді. Бозбала Асан орта мектепті бітіргеннен кейін 1958 жылы колхоздың жұмысына мықтап араласып, 1997 жылға дейін колхозда тракторист-комбайнер, шеберхана меңгерушісі сынды жұмыстарды абыроймен атқарды. Ол өзінің еңбек жолында сан түрлі маркалы тракторлар мен комбайндарды айдап, еңбекпен есімі еленді. Атап айтар болсақ, 1966 жылы, «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальмен, 1972 жылы «Еңбек Қызыл ту», 1980 жылы «Ленин» ордендерімен марапатталды. Ал, 1984 жылы «Құрметті колхозшы» медалімен және бірнеше Құрмет грамоталарына ие болған. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, екі рет ауылдық кеңеске, бір рет аудандық кеңеске депутат болып сайланған. Бүгінде ауыл ақсақалы атанған Асан Омарұлының ауданның «Құрметті азаматы» деген атағы бар. Қарапайым шаруаға берілген бұл атақ кешегі қиын-қыстау кезеңдердегі еткен еңбектің жемісі деп білеміз.
Жасы сексенге жеткен Асан Омарұлы өмірлік жары Рәндәкүл апамызбен 4 қыз, 5 бала тәрбиелеп, немере, шөбере, шөпшектерінің маңдайынан иіскеп отырған бақытты ата мен әже. Ұл-қыздарын ерекше әдіспен тәрбиелеген ақсақал балаларының жеткен жетістіктеріне дән риза екенін де жасырмады. Бүгінде Асан ата балаларының бәрі жоғарғы білім алып, әр түрлі салаларда қызмет атқаратындығына үлкен мақтанышпен қарайды. Себебі, еліне қызмет еткен әрбір жанды, мәртебесі биік адам деп есептейді. Ақсақалдың ұстанған өмірлік қағидасы да біреу-ақ. «Өзіңді тәрбиеле. Ал бала сенің істеген ісіңді қайталайды»- дейді көпті көрген қария. Өнер мен білімге жаны құштар немерелерінің санасына да осы бір қағиданы қазық қып қағып келеді.
Қазіргі таңда қария кезінде өзі оқып естіген әңгімелерді ізін жалғаған ұрпағына айтып отыруды әдетке айналдырған. Себебі, үлкендердің айтқан әңгімелері мен жыр-дастандары немерелері мен шөберелерінің болашағына үлкен септігін тигізетіндігіне сенімді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.