Кеңейтілген отырыс өтті
13 ViewsКеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Тұрар Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырысқа Жамбыл…
«Қазақ елі – өз мұңын өзі ойлап, өзі ізденіп, тіршілік деген кең майданда сыналған ел». Сұлу сөздің сардары атанған жазушы Ғабит Мүсіреповтың өз заманында көзі көріп, көңілі сезгенін ой елегінен өткізіп, қағаз бетіне түсірген тіркестері. Еш баламасыз, еш боямасыз айтылған-ау. Әшейінде бір-бірін алыс тартып, бір бағанаға жиылмайтын кейіп танытатын қазақтың шынтуайтында, ел басына кенеттен күн туғанда барын бере жүгіретінін білеміз. Өйткені жаны да, бары да, бойындағы тулаған қаны да – қазақ қой.
Таң ата жеткен қайғылы хабар баршаның қабырғасын қайыстырғаны анық. Арыста болған оқыс жағдай күллі қазақ халқының басына түскен аяусыз ауыртпалық болды. «Сіз»-әдеп, «біз»-көмек дегенге салып қолымыздан келген көмектің ұшын болса да созып қалуға тырысып-ақ жүрміз. Мемлекет басшысының өз уақытында сол ортадан табылғаны, ел ағаларының аянбай ат салысқаны көңілге қуаныш сыйлайды. Аудан волонтерларының да арыстықтар қамы үшін ат терлетіп жол жүргенін де газет бетіне жариялаған болатынбыз.
Өткен аптада Арыстан келген 6-12 жас аралығындағы 16 бүлдіршінді құландықтар құшақ жая қарсы алды. Қарт Қарақыстақ етегінде орналасқан Әлия Молдағұлова атындағы жазғы сауықтыру лагерінің директоры Айдар Жұмағұлов «Айналайындар, сендерді көргеніме қуаныштымын! Енді киелі Құлан өңіріндегі қатпарлы тау етегінде тынығып, жаңа достар табасыңдар. Барлықтарың бір-біріңе бауырмал болыңдар» деп ағалық тілегін білдірді. Асыға күткен автобустан түскен балалардың бейнесін көріп, біз де мәз болдық. «Қам көңілдің қайғысына дауа бол, Жолда шаршап шалдыққанға сая бол» деп Ахмет Яссауи айтпақшы, қорқынышын көз жанарына жасырған бүлдіршін көңілінің көктемін келтіру үшін сахнада әсем ән айтылып, би биленді. «Арыспен біргеміз, Бөлінбесін іргеміз» деп қолына қағаз ұстаған лагерь тәрбиеленушілері де арыстық бауырларымен тез тіл табысып, ойын алаңына шақырды. Онысы рас. Әлбетте, айтысқан ауыл болмас, болыспаған бауыр болмас…
Нұрай ЖАЙЛАУБАЙ.