Ахметтің шәкірттері жарап тұр

586 Views

Жуырда Түркістан қаласында волейболдан жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында об­лыс атынан додаға қа­тысқан «Тараз» ко­ман­да­сы жүлделі II орынға ие болды. Аталмыш ко­манданың сапында өзіндік ойын өрнегімен көзге түс­кен Дархан Сапар мен Ар­дақ Жекен Әлихан Бөкей­ха­нов атындағы орта мек­тептің денешынықтыру пәні­нің мұғалімі Ахмет Мол­да­шевтің шәкірттері екенін айту ләзім.
18 команданың ішінен жүлдеге ілігу әсте оңай емес екенін жақсы түсінеміз. Оның үстіне, бұл анау-мынау жарыстың қатарына жатпайды. Ел біріншілігі. Сон­дықтан мұнда тек мықтылар ғана бәсекеге түсетінін ескерсек, бұл тараз­дықтар үшін үлкен жетістік деуге болады. Осылайша «Тараз» коман­да­сы ақтық сында Алматы облысының атынан додаға түскен «Жетісу» коман­дасына есе жіберіп, жүлделі II орынды қанағат тұтты.

Ауданымызда ұлттық ойынның өрісі кеңейіп келеді

Ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтан елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де әр түрлі турнирлер өткізіліп келеді. Осынау әлемдік аренадағы сұранысқа ие ұлттық ойынды насихаттау мақсатында өңірімізде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып жүргенін көз көріп жүр. Айталық, жуырда тоғызқұмалақтан өткен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы облыстық чемпионат осы сөзіміздің айқын дәлелі.
Тараз шаһарында ұйымдастырылған жарыста газетіміздің тұрақты оқырмандарының бірі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің тізгінін ұстаған М.Чулекеев жүлделі ІІІ орынды иеленді. Бұдан өзге аудан намысын қорғаған қатысушылар Б.Таласбаев жүлделі II орынға ие болса, М.Джумабаев пен әйелдер арасында Г.Орманова жүлделі І орынды еншілеп, тұғырдың бірінші сатысынан қол бұлғады. Жасөспірімдер бәсекесінде көкдөнендік Е.Станбек жүлделі II орынды жеңіп алды. Ал дойбыдан сынға түскен Е.Егімбаеваға тең келер қарсылас табылмады. Ол жарыстың чемпионы атанды.
Есімдері аталған қатысушылар шілде айында Таразда өтетін паролимпиадаға қатысады. Сол жарыста жүлдеге іліккендер Ақтөбе қаласындағы республикалық паролимпиада жарысына жолдама алады. Ендеше, сенімге селкеу түсірмеген жерлестерімізге алда болатын додаларда сәттілік жолдас болсын дейміз.

Салауатты жастар – ел тірегі

Жақында дәл осындай тақырыпта Жастар ресурстық орталығының мамандары Қарақыстақ ауылында аудандық спартакиада ұйымдастырды. Қол күресі, кір тасын көтеру, ұзындыққа секіру және кіші футбол секілді спорттың 4 түрінен өткен спартакиада да әр ауылдық округтерден келген жалынды жастар барын салып өнер көрсетті. Нәтижесінде қол күресінен жүлделі III және II орындарды құландық Алмат Абдықасым мен қарақыстақтық Ержан Қонысбеков өзара бөліссе, жүлделі I орынды өрнектік Айдос Сметов жеңіп алды. Айдос кір тасын көтеруде де қарсылас шақ келтірген жоқ. Осылайша, жүлделі I орын өрнектік оғланның еншісіне жазылды. Бұл сында жүлделі II орынды қорағатылық Нұрдәулет Махмут жеңіп алса, тереңөзектік Керімжан Абдамбай үздік үштікті түйіндеді. Ұзындыққа секіру бойынша жүлделі III орын өрнектік Әли Асқарға бұйырса, жүлделі II орынды тереңөзектік Мадияр Әйімбек жеңіп алды. Құландық Дидар Майко ұзындыққа секіру додасының жеңімпазы атанды. Кіші футболдан Қарақыстақ пен Өрнек ауылдық округінің жастары тиісінше жүлделі III және II орындарды өз еншілеріне жазса, жүлделі I орын құландық жастардың қанжығасында кетті. Жалпы командалық есепте Құлан ауылдық округінің жастары топ жарды. Жүлделі II орын өрнектіктерге бұйырса, Қарақыстақ ауылдық округінің жастары үздік үштіктің қатарына енді.

Топтаманы дайындаған Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: