Баукеспе ұры бас бостандығынан айырылды

933 Views

Қазіргі қоғамда не нәрсені болса да тірі жанға сездірмей, «сауысқанның құй­рығын ауыстырып салатын, жатқанның жамбасын кесетін» кәнігі ұрылар көбейіп келеді. Әсіресе, ауылдағы ағайынның азық етіп отырған азынаулы малын қолды қылған қарақшылар әбден басынды бұл күнде. Ұрлықпен тіршілік етіп, әл-аухатын осы жолмен көтеруді көздейтіндерді құрықтау – мемлекеттік мәселеге айналғаны қашан. Дегенмен, олар­ға тосқауыл болар жан жоқ деген ойдан аулақ болыңыздар. Жуырда ау­дандық полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында 3 бірдей дерек бойынша ауыр қылмыс жасаған қылмыскер құрықталды. Істің анық-қанығы түсінікті болуы үшін, болған оқиғаны басынан баяндап берсек.

Ағымдағы жылдың мамыр айының 4 жұлдызында «БМВ» маркалы авто­көлігін сақтандыру полисі арқылы басқарып жүрген азамат сағат 14:00 шамасында ауданға қарасты Бәйтелі ауылының жол бойында бақылаусыз жайылып жүрген бұзауларға көзі түседі. Сөйтіп, бөтеннің мүлкін жымқыруға бағытталған қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында әрекет жасап, 1 бас бұзауды автокөліктің жүк салғыш бөлігіне салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Осылайша қылмыскер өзінің қисыңсыз ойын маусым айының 7-сінде қайталап, сол Бәйтелі ауылынан құны 125 000 теңге тұратын екі бірдей бұзауды біртіндеп ұстап, қолды қылған. Ал келесі күні Жақсылық ауылынан өтіп бара жатып, жол бойында арқандаулы тұрған құны 90 000 теңге болатын Зеңгі баба тұқымын автокөліктің жүк салғышына салып, бұл жолы да ізін суытып үлгерген. Дегенмен, оңай жолмен олжа табуды көздеген күдікті Т.Рысқұлов АПБ-нің қызметкерлерінің жедел іздестіру шаралары барысында іздестіріліп, ұсталды.
Тергеу ісінде тегеуіріндік та­ныт­қан полиция лейтенанты Н.Құдай­бергеновтың сотқа дейінгі тергеп-тек­серу амалдары барысында қыл­­мыскер Қызылорда облысының ту­масы екендігі анықталды. Сонымен қатар, оның 2011 жылы ҚР ҚК-нің 179-бабы 2-бөлігі «а» және «в» тармақтарымен, ҚР ҚК-нің 251-бабы 1-бөлігімен 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, сотты болғаны белгілі болды. Соттылығы жойылмағанына қарамастан, түзелу жолына түспей, меншікке қарсы ауыр санаттағы қылмыстық әрекетті, яғни ҚР ҚК-нің 14-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты Т.Рысқұлов ауданында қайталаған.
Қазіргі таңда қылмыскер Т.Рыс­құлов ауданының сотымен ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігімен 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылып, темір торға тоғытылды.
Р/S. Иә, бүгінде бөтеннің мүлкін ұрлау күн санап көбейіп келеді. Бұл солардың ішіндегі сәтті ашылған қылмыстық істердің бірі ғана. Ал, ашылмай, қат-қатымен құжат ретінде сақтаулы жатқандары қаншама. Сондықтан да, малыңызды құзырлы органдарға тапсырмай, бір сәт бол­сын өзіңіз де қарап қойғаныңыз дұ­рыс болар. Сақтықта қорлық жоқ екенін ұмытпайық, ағайын!

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: