Құқық бұзушылық саны азайып келеді
Сәрсенбі күні Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бекітілген кестесіне сәйкес «Сұлутөр» кинотеатрында жиын өтіп, онда 2019 жылдың 8 айының қорытындысы нәтижесінде аудан аумағында жедел ахуалдың жағдайы және осы аталған мерзімде аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен атқарылған жұмыстардың тізбегі баяндалды. Жиын барысында баяндама жасаған аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Дархан Абикуловтың айтуынша, аудан аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу, ескерту, қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып отырған. Атап айтатын болсақ, «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Қашар», «Уылдырық», «Борышкер-2019», «Жолда қабылдау», «Допинг», «Есеп», «Мал ұрлығы», «Стоптрафик», «Қару», «Қаңғыбас», «Мигрант», «Абайлаңыз, балалар!», «Учаске», «Пробация», «Қауіпсіз аула», «Тұрмыс» секілді қылмыс пен басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында іс-шаралар өткізілген екен. Сондай-ақ, баяндамашының сөзіне сенсек, орын алған қылмыстар мен жол көлік оқиғаларына талдау жасалып, мұндай аймақтарда барлық жеке құрамды тарта отырып, локальдық жедел алдын алу шаралары жүргізілген көрінеді.
Айта кетейік, 2019 жылдың 8 айында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аудан аумағында жалпы 145 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, оның пайыздық өлшемі 15,7 процентке төмендеген. Былтыр бұл көрсеткіш 172 болған. Баяндамашы өз сөзінде ауыр және аса ауыр — 15, ауыр дәрежеде — 14, орта дәрежеде — 87, ауыр емес дәрежедегі қылмыстар саны — 29 болғанын тілге тиек етіп, қылмысты болдырмауға полиция бөлімі тарапынан көптеген жұмыстар атқарылып жатқандығын айтты. Жиын соңында Қарақат ауылының тұрғыны Үмбет Жанаділов мал ұрлығы мен жалпы аудандағы жастарымыздың тәртіп мәселесін көтерді. Өз кезегінде Дархан Абикулов ақсақал қойған сауалдарға заң жүзінде үн қатып, жан-жақты мысалдармен жауап берді.
Марат Жолдасбекұлы.