Аудан әкімі жаңатұрмыстықтармен кездесіп, пікірлесті
Өткен жұмада облыс әкімі бекіткен жұмыс алгоритміне сәйкес аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Жаңатұрмыс ауылдық округіне барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Ерболат Салқынбекұлы барған алғашқы мекеменің бірі — ауылдық дәрігерлік амбулатория ғимараты болды.
Негізінде, Ерболат Садырқұлов алғаш әкімдік тізгінді қолға алған сәтте аталмыш мекемеге келген болатын. Сол мезетте күніне 25 науқас қабылдай алатын Жаңатұрмыс ауылдық дәрігерлік амбулаториясы ғимаратының аянышты халін көріп, тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеген еді. Қазіргі таңда ауылдық емхананың жағдайы біршама жақсарыпты. Жүктелген тапсырма өз уақытында орындалған. Алайда, мұндағы абаттандыру мен көгеріштендіру жұмыстарына мүлде көңілі толмайтынын жеткізді. Жаңатұрмыс ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Эльмира Естемесова айтылған сынды алдағы уақытта ескеріп, жұмыс жасайтынын айтты. Жалпы, Жаңатұрмысқа жаңа дәрігерлік амбулатория ауадай қажет. Өйткені, қанша жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, іргетасы 1962 жылы қаланған ауыл емханасының жай-күйі тым жұпыны халде тұр. Дегенмен, осы жағдайға қарамастан емхана қызметкерлерінің істеп жатқан еңбектеріне ауыл халқы дән риза. Дәрі-дәрмек тапшылығы мұнда ешқашан болған емес.
Одан кейін, Ерболат Салқынбекұлы Жаңатұрмыстағы басты білім ордасы болып есептелетін Қаныш Сәтпаев атындағы шағын орталықты орта мектеп ғимаратына бас сұқты. Балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Әдібай Табылды, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Шолақ сынды талантты тұлғалар білім алған аталмыш білім мекемесінде оқимын деген оқушыға барлық жағдай жасалған. Яғни, мұнда айтарлықтай проблема жоқ. Биыл ұлттық біріңғай тестілеуде Қаныш Сәтпаев атындағы шағын орталықты орта мектептің түлегі Фатима Әміралиева 136 балл жинап, аудан бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болғанын жақсы білесіздер.
Аудан басшысы Жаңатұрмыс ауылындағы мектеппен жапсарлас орналасқан «Құлыншақ» балалар бөбекжайының ғимаратына да барып, бөбекжай меңгерушісімен пікірлесті. «Құлыншақ» балалар бөбекжайында бүгінгі таңда 115 бала тәрбиелену үстінде. Алайда, ауыл әкімі айтқан дерекке сенсек, 20-ға жуық бала кезекте тұрған көрінеді. Бөбекжай меңгерушісі Гүлнәр Уалиева бұл мәселе спорттық үйірмені жаңа ғимаратқа қоныстандырғанда ғана оңтайлы шешілетіндігін айтады. Бірақ, ауыл жастарына спорттық үйірме де керек. Әңгіме барысында аудан басшысы бұл мәселені алдағы уақытта өзінің назарында ұстайтынын айтты. Бұдан өзге бөбекжайға күрделі жөндеу жұмыстары 2010 жылы жүргізілгенімен, ғимарат терезелері қатты дауыл соққанда тарсылдайды екен. Осы кезде балалардың дегбірі қашатын көрінеді. Бұл мәселе төңірегінде ауылдық округтің әкіміне тиісті шаралар қабылдау керектігін ескертті.
Ерболат Салқынбекұлы Жаңатұрмыс ауылындағы батыр Бауыржан Момышұлының есімі берілген көшеге арнайы барып, кетеуі кетіп тұрған көшенің жағдайын өз көзімен көрді.
Аудан басшысының бекітілген алгоритмге сәйкес жоспарланған жұмыс кестесі ауылдық әкімдік ғимаратында өткен жиналыспен қорытындыланды. «Межеленген кесте бойынша мен бүгін сіздердің ауылдарыңызға ат басын бұрып отырмын. Бұған дейін ауылдағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, қазақ халқының даңқты батыры Бауыржан Момышұлының атына берілген көшенің жағдайын өз көзіммен көрдім. Жалпы, алғаш әкімдік қызметке тағайындалған кезде мен бұл ауылға келген едім. Одан кейін де бірнеше мәрте болдым. Айтайын дегенім, Жаңатұрмыс ауылындағы өзекті мәселелер менің басты назарымда» деді Ерболат Салқынбекұлы жиналыстың әуелгі сөз басында. Содан соң, ауыл әкімі Нұрболат Жамалбеков ортаға шығып, қысқаша баяндама жасады. Ол өз сөзінде ауылдық округтегі халықтың саны 2620 екендігін, мемлекеттік «Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде атқарылған ауқымды жұмыстар тізбегін және салық түсімдерінен жиналған қаражаттың жалпы жиынтық сомасын атап өтті. Бір сағаттан астам уақытқа созылған жиналыста көптеген пікірлер айтылды.
Жаңатұрмыстағы басты проблемалардың бірі газ бен ауыз су мәселесі. Аудан басшысымен еркін пікір алмасу форматында өткен жиында ауыл тұрғындары бірінші кезекте осы мәселелерді тілге тиек етті. Қойылған сауалдарға аудан әкімі кеңінен сөз қозғай отырып, нақты мысалдармен жауап берді. Айтылған ұсыныстың барлығы хаттамаға түсіріліп, тиісті сала мамандарына тапсырмалар жүктелді.
Марат Диханбай.