Әлішер Ерғали Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алды

1 034 Views

Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен (грек-рим, еркін күрестен әйелдер және ерлер арасында) өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Әлемнің 100-ге жуық мемлекетінен 900 балуан қатысқан айтулы додада ел спортшылары ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсет­ті. Айта кетейік, елорда төрін­де жалауы желбіреген әлем чемпионатында еркін күрестен ау­данымыздың қос бірдей өрені ел намы­сын қорғаған еді. Өкінішке орай, 86 келі салмақ дәрежесінде биыл Қазақстан чемпионатында топ жар­ған Әділет Дауланбаев алғашқы бел­­десуінде-ақ жастар арасындағы әлем чемпионы үндістандық Дипак Пуния­дан ұтылып қалды. Бірақ, Пуния финалға шығып, жерлесіміз жұбаныш белдесуге қатысуға мүмкіндік алды. Алайда, Әділеттің бұл бәсекеде де жолы болмады. Колумбия­лық балуаннан жұбаныш кездесуін­де жеңіліп, қола медаль үшін болатын сайысқа қатыса алмады.
Ал 20 жастағы жас пері, жерлесіміз Әлішер Ерғали Сарыарқаның төсінде жасындай жарқылдап, білікті мамандар тарапынан жоғары баға алды. 97 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Құланның қайсар жігіті Нұр-Сұлтанда жайылған бозкілемде жартылай финалға дейін алқынбай жетті. Жартылай финалға шығу үшін Әлішерге жапониялық, германиялық, моңғолиялық балуандарды жеңу керек болған. Әлішер аталған елдердің балуандарын жеңіп, жартылай финалда ресейлік Абдулрашид Садулаевпен күресті. Әрине, ресейлік балуан 2016 жылғы Рио Олимпиадасында 86 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанғанын білеміз. Одан бөлек, Садулаевтың бір емес, үш дүркін әлем чемпионы деген атағы тағы бар. (Биыл да бұл спортшыға тең келер ешкім табылмады. Садулаев — төрт дүркін әлем чемпионы атанды). Қысқасы, 23 жастағы Садулаевты жеңбек түгілі, одан ұпай алудың өзі қиынның қиыны болып тұр осы салмақтағы барлық балуандар үшін. Дегенмен, біздің жерлесіміз Абдулрашидтің атағынан қаймыққан жоқ. Иә, 8:1 есебімен ұтылды. Бірақ, Садулаевпен қалай күрескенін айтсаңызшы. Белдесу аяқталған соң, ресейлік балуан Әлішерге құрмет көрсетіп, қарсыласының лайықты дәрежеде күрескені үшін оның қолын көтерді. Ал қола жүлде үшін болған бәсекеде жерлесіміз солтүстік македониялық балуанға есе жіберді. Жас қой әлі. Шіркін-ай, Әлішер осы белдесуде жеңгенде кілең мықты балуандармен бірге тұғыр биігінде тұрар ма еді. Кайл Снайдер, Шариф Шарифов, Абдулрашид Садулаев. Расымен де, атағы жер жарған балуандар ғой бұлар. Жеңіліс балуанды одан әрі шыңдайтыны анық. Бұйырмаған шығар. Бірақ, еркін күрестен ұлттық құраманың ең жас балуаны Әлішер Ерғалидың мықтылығын барша Алаш жұрты залдан да, экранның арғы жағынан да көрген болар деген ойдамыз. Әлішердің болашағы жарқын. Оған ешқандай күмән келтіре алмаймыз.
Құрметті оқырман, біз бұған дейін Әлішерден сұхбат алып, аудандық газет бетіне жариялаған едік. Әлішер сонда: «Ел аузында мәңгілікке айтылып жүретін күрес жасап, бұйыртса жеңімпаз атансам деймін» деп еді бізге берген сұхбатында. Жүлде бұйырмаса да, Әлішер өз уәдесінде тұрып, қазақы намыстың ұшқынын елорда төрінде көрсете білді. Әлішер Ерғали Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында үздік бес балуанның қатарына енді. Ең бастысы, 2020 жылы Жапония астанасы Токио қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдама бар. Бұны қалайша ерлікке баламассыз енді…

Көгершіндік жігіттер жеңімпаз атанды

Өткен сенбіде Көкдөнен ауылдық әкімдігі мен жастар ресурстық орталығының осы ауылдағы жастар ісі жөніндегі инспекторы Әбіләшім Мырқасымовтың ұйымдастыруымен шағын футболдан жарыс өтті. Жарысқа алты команда қатысты. Жарыстың ашылу рәсімінде ауыл әкімі Төлеген Атабаев пен ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Болат Махаметкерім-тегі сөз сөйлеп, командаларға сәттілік тіледі. Айта кетейік, ауылдағы шағын футбол алаңы мемлекеттік «Өңірлерді дамыту» және ауыл жастарының қаржылай демеушілігімен салынып отыр. Әсіресе, алаңның салынуына кәсіпкерлер Бақытжан Тойғанбеков пен Нұрсейіт Даутовтың тигізген көмегі зор екен.
Тартысты өткен футбол жарысында Көгершін ауылының жігіттері жүлделі I орынды жеңіп алса, Көдөнен ауылының қос бірдей командасы жүлделі II және III орындарға ие болды.

Топтаманы дайындаған: Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: