Құрметі асқан абыройлы ақсақал

840 Views

Қазақ – тойшыл халық. Әу бастан солай. Бірақ сол тойларда бата беретін ақсақалдарымыздың сөзі қандай еді, шіркін… Жұрт ұйып тыңдайтын. Ал қазір ше? Қазіргі қарттар тойда болсын, ас та болсын бата берудің орнына тілек айтады. Сондай сәттерді көріп, көңіл құлазығанда: «Шіркін баяғының аузы дуалы ақсақалдарының тұқымы мүлде қалмаған ба?» деп назданушы едік. Көкдөнен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Махаметкерім-тегімен сөйлесіп, әңгімелескен соң, ел ішінде тілі өткір, бата сұрасаң, сөздің қаймағын теріп айтатын қариялардың барына қуандық.
«Жақсы аттың қадірін,
Тақым менен бел білер.
Адамзаттың қадірін,
Жақын емес ел білер» дегендей, Болат ақсақалды Көк­дөнен ауылының тұрғындары сыйлайды, қадірлейді. Неге? Өйткені, ол әрдайым халықтың қолдаушысы. Ауылда қандай да бір мәселелер туындай қалса, ақсақал қызметі жоғары лауазымды шеніне қарамастан кез келгенге «бетің бар, жүзің бар» демей, ақиқатын айтады. Ақшасы бар «дөкейдің» сөзін емес, әрқашан қарапайым жұрттың сөзін сөйлейді.
Жалпы, Болат Махаметкерім-тегінің тағы бір ерекше қасиеті — кітапты көп оқитындығы. Ол жай ғана оқып қоймайды, көңілге түйгендерін қағазға түсіріп отырады. Аудандық газетке жақында мақаласы да шыққан еді. Әр кейіпкерімді жазар кезде мен оның міндетті түрде білі­міне баса назар аударамын. Болат ақсақалдың білімі телегей екен шыны керек. Қазақы мақал-мәтелдерді айта жөнелгенде таңғалдым. Осы арада ақсақал айтқан ойлы сөздің бірді-екілісін жазып өтсек дейміз. «Өзіңді көрсеткің келсе, не бітіргеніңді емес, не тындырғаныңды айт», «Көптің көңілінде қалған, Көптің өмірінде қалады», «Қара жерді жамандама, Түбі соған барасың. Қауым елді жамандама, Қарғысына қаларсың» дейді ақсақал. Жоғарыда бата мәсе­лесін сөз еттік қой. Бата сұраға­нымызда кейіпкеріміз:
Е Жаратқан Ием!
Халқымды кең даласымен,
Ақылды данасымен,
Сәбиді жылатпай
Анасымен сақта.
Жұртымды қайғы- қасіреттен,
Өрісі толған малымен,
Табиғи апаттан,
Еліме төнген
қауіптен сақта.
О Халқым!
Бауырым бүтін болсын,
Сарқылмас құтың болсын.
Кең далам медет болсын,
Табиғатымыз тыныштыққа
себеп болсын.
Жаратқан Ием жар болсын,
Халқымызда бәрі бар болсын.
Дінімізге Құдай қуат берсін,
Жолымызға шуақ берсін.
Басқа байлық,
Денге саулық,
Асымызға адалдық,
Жұртымызға амандық берсін» деп батасын берді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: