Ардагерлер ардақталды

896 Views

Үлкенді сыйлау, оларға лайықты түрде құрмет көрсету – ата-бабамыздан мирас болып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салтымыз. Осыған орай, ардагерлерді ардақтау, үлгі тұту кейінгі ұрпақтың тікелей парызы десек, артық болмас.
1 қазан елімізде «Халықаралық қарттар күні» болып белгіленген. Дәл осы күні өмірі өнегеге толы қарияларға құрмет көрсету мақсатында тағылымы мол іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады. Дәл сондай шаралардың бірін алғашқылардың бірі болып аудандық ішкі істер бөлімі ұйымдастырды. Анығын айтар болсақ, аталмыш іс-шара аудандық ішкі істер бөлімінің ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ақылжан Таштановтың тікелей ұйымдастыруымен өтті. Шарапаты мол іс-шараға құқық қорғау саласының ардагерлері, ішкі істер бөлімінің басшылары мен жеке құрам қызметкерлері қатысты.
Шара барысында алғашқы болып сөз алған ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ақылжан Таштанов жиынның мақсат-міндетін түсіндіріп, қарияларды төл мерекелерімен құттықтады. «Сіз­дердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағы­лым­дары­ңыздың орны біз үшін орасан зор. Себебі, әрқайсыларыңыздың ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңізге куәміз. Осы күнге дейін Сіздер талай жасты тәрбиелеп, ізбасар­ларыңызды өсірдіңіздер. Қазіргі таңда олардың басым көпшілігі құқық қор­ғау саласында лайықты қызмет етіп келеді. Сіздер еңбектеріңіздің зейне­тін көріп отыр­ған шақта да ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін таны­тудан жалықпай келесіздер. Сол үшін де өздеріңізге айтар алғысымыз шексіз. Төл мерекелеріңіз құтты бол­сын!» — деп бірқатар ардагерлерді марапат­тап, арнайы сыйлықтар табыс етті. Атап айтар болсақ, құқық қорғау сала­сында 30 жылға жуық қызмет істеп, зейнетке шыққан Әдепбай Нәметқұлов ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып, елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауға атсалысқаны үшін аудандық ардагерлер Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Айта кету керек, Әдепбай ақсақал аталмыш салада жүріп, жергілікті учаскелік полиция және күзет бөлімдерінде қызмет еткен. Ал, Алақшын Мадимаров 1957 жылы жергілікті учаскелік полиция қызметіне орналасып, 1983 жылға дейін куәлік тапсыру бөлімінде қызмет атқарған. 25 жылдан астам ішкі істер бөлімінде қызмет еткен ақсақалға аудандық ардагерлер Кеңесінің Құрмет грамотасы мен Жамбыл облысытық полиция департаментінің басшысы А.Оразалиевтің атынан мақтау қаға­зы табыс етілді. Сонымен қатар, қос қарияға бағалы сыйлықтар да табыс­талды.
Жиын соңында аудандық ішкі істер бөлімінің ардагері, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі Еділхан Жақсығұлов пен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Шалқар Дәулетқұлов та сөз сөйлеп, ардагерлерге ақжарма тілегін арнады. Өз кезегінде сый-құрметке бөленген ақсақалдар алғыстарын айтып, ізбасарларының жұмысына сәттілік тілеп, батасын берді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: