Әлеуметтік көмекке өзгеріс енгізілді

672 Views

17 қазан күні «Сұлутөр» кино­театрында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлі­мінің басшысы Б.Шамаев күні бүгінге дейін атаулы әлеуметтік көмек алып келген отбасылармен кездесті. Жиында жаңа заңда енгізілген өзгерістер жай­лы сөз қозғалып, халыққа кеңінен түсін­дірілді. Ағымдағы жылдың 1 қаза­нындағы есепті мерзімге атаулы әлеу­меттік көмекке барлығы 45544 отбасы (232271 адам) қайырылған жоқ. Оның ішінде 9632 отбасына (табыстары асқан, жалған мәлімет ұсынған) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмады. Ал, 35497 отбасыға (179497 адам) 14,5 млрд. теңге төленген. Қазіргі уақытта облыс бойынша 6914 отбасыға зерттеу жүргізіліп, 933 отбасы 133,5 млн. теңге бюджетке қайтаруы тиіс болған. Бү­гінгі таңда 26,8 млн. теңге қаражат тұрғындардың өз еркімен қайтарылған. Міне, осындай мәселелерге байлнысты, әлеуметтік көмек көрсету тетіктерінде жаңа өзгерістер күтілуде. Бүгінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отба­сыларды талдау нәтижесінде 50%-ға жуығы көпбалалы отбасылар екендігі анықталған. Көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәр­дем­ақыны 42500 теңгеден 73375 тең­геге дейін, атаулы әлеуметтік кө­мекке еселенген мөлшерде белгілеу ұсынылады. Б.Шамаев: «Мемлекеттік жәрдемақы 4 баласы барларға — 42 500 тг, 5 балалыларға – 53 125 тг, 6 балаға – 63 750 тг, 7 балаға – 73 375 тг (айына әр балаға орта есеппен 10 625теңгеден) берілетін болады. Тағы бір айта кетерлік жайт, атаулы әлеуметтік көмекке бірнеше өзгерістер енгізілді. Жәрдемақы мөлшері кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы табысының айырмасы ретінде бар­лық отбасы мүшелеріне төленеді. Тағайындау тоқсан сайын жүргізіледі, өтініш берген отбасы жалған ақпарат берген, заңсыз алған жағдайда 6 айға өтініш беру құқығынан айырылады. Одан аз болған жағдайда, мемлекет сол айырма санды ғана төлей алады. Сондай-ақ, табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілді әлеуметтік пакет берілетін болады. Мысалы, мектепке дейінгі жастағы балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен, ал, мектептегі балалар үшін мектептен тегін ыстық тамақ, күнделікті мектепке дейін және кері жол жүру, сондай-ақ, мектеп формасы мен оқу құралдары мемлекет есебінен берілетін болады» — деді. Жиын барысында жәрдемақы түрлері мен олардың берілу реті нақты түсіндіріліп, қатысушылардың сауалдарына жауаптар қайтарылды.

Салтанат Қарасаева.

Поделиться ссылкой: