Бейбіт елдің ұландары жарысқа түсті

877 Views

Өткен сейсенбіде Құлан агро­техникалық колледжінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жалпы­ұлттық мақаласының аясында және Жастар жылына орай аудандық жас­тар ресурстық орталығының мұрындық болуымен, сондай-ақ, аталмыш білім ошағының алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы, қордағы III дәре­желі сержант, Тәжік-Ауған шека­расындағы қақтығыстарының ардагері Мади Исакуловтың қолдауы­мен «Бейбіт елдің ұланымыз» атты әскери-патриоттық спорттық ойындар өтті.
Аудандық деңгейде ұйым­дас­тырылған бұл іс-шараның мақсаты — жастар арасында патриоттық тәрбиені нығайту, жастарымыздың отансүйгіштік қасиеттерін шыңдау, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдаланып, өскелең ұрпақтың әскери шеберлігін арттыру. Спорттық іс-шараның ашылу рәсіміне аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева, 03811 әскери бөлімінің командирі, полковник Алихан Мулдагалиев, аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Би­жа­нов, Құлан ауылдық округінің әкімі Мұрат Иманбаев, аудан әкімдігі дене­шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев қатысты. Шараның алғы сөзін аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Шәкуәліқызы сөз сөйлеп, ашып берді.
‑ Отансүйгіштік сезімнің азаматтық келісімге ғана емес, мемлекеттің негізін нығайтуға да тікелей ықпалы бар. Ұшса құстың қанаты талатын, шапса аттың тұяғы тозатын кең байтақ даламызды найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған ата-бабаларымыз осынау өлкені бізге аманат етіп қалдырды. Сондықтан болар, ерлігі ел есіндегі батыр бабаларымыздың асқақ рухы бүгінгі жастарымыздың намысын, ерік-жігерін оятып қана қоймай, оларды өз елінің нағыз патрио­ты болып тәрбиеленуіне ерекше мән берілуде. Егемен еліміздің болашақ сарбаздарын жастайынан жауынгерлікке баулу, олардың бойына отаншылдық ерлік рухты қалыптастыру барша қазақстандықтардың ортақ парызы, тікелей міндеті деп білемін. Бүгінгі жарыста мектеп оқушылары спорттық ойындардың бірнеше түрі бойынша бақ сынасып, нағыз мықтыларды анықтамақ. Барлықтарыңызға сәттілік жолдас болсын,-деді аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Содан соң, 03811 әскери бөлімінің командирі, полковник Алихан Мулдагалиев, аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, Құлан ауылдық округінің әкімі Мұрат Иманбаевқа сөз кезегі беріліп, олар да өз кезегінде жастарымызға ой салар тәрбиелік мәні бар сөздер айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ізгі тілектерден кейін қатысушылар 03811 әскери бөлімі қызметкерлерінің қоян қолтық ұрыс кезіндегі жаттығуларын, сондай-ақ, осы іс-шараға арнайы ұйымдастырылған әскери көрме жұмысымен танысты. Жауынгерлердің өнерінен кейін жарыс басталып кетті. Алдымен мектеп оқушылары атыс дайындығынан сынға түсті. Мұнда ереже бойынша 1ер, 1 қыз бала қатысып, ИЖ-38 пневматикалық мылтығымен нысаналы межені көздеу керек. Белгіленген арақашықтық 10 метрді құрайды. Нәтижесінде ұлдар арасында жүлделі III орынды Бірлес орта мектебінің оқушысы Шерхан Жәйліш, жүлделі II орынды №3 шағын орталықты орта мектептің оқушысы Олжас Сатымбай, жүлделі I орынды Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің оқушысы Нұркелді Ахметов иеленді. Ал қыздар бәсекесінде жүлделі III орынды Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Кәусар Баянғали, жүлделі II орынды Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектебінің оқушысы Мадина Адаева, жүлделі I орынды Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушысы Жанбота Исақұл иеленді. АКМ-74 автоматын уақытқа бөлшектеп жинастырудан ұлдар бәсекесінде жүлделі III орын Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушысы Есмат Оразбаевқа, жүлделі II орын Құлан агротехникалық колледжінің студенті Дінмұхамбет Даулыбайға, жүлделі I орын Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы Айсұлтан Амангелдіге бұйырды. Бұл сында қыздар бәсекесінде жүлделі III орынды Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушысы Аяжан Меркібай, жүлделі II орынды Құлан агротехникалық колледжінің студенті Аяулым Дүйсенбайқызы, жүлделі I орынды Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы Жазира Серік жеңіп алды. Бұдан соң қатысушылар кермеге тартылудан (подтягивание) жарысты. Бұл сында жүлделі III орын Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Нұрсұлтан Нұрғазыға, жүлделі II орын Райымбек Смайлов атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушысы Бауыржан Қаңлыбаевқа, жүлделі I орын Бауыржан Момышұлы атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушысы Сағжан Әміржанға бұйырды. Қыздар арасындағы шалқалап жатып кеудені көтеру жарысы бойынша (прес) жүлделі III орынды № 5 шағын орталықты орта мектептің оқушысы Каролина Колесникова, жүлделі II орынды Жамбыл орта мектебінің оқушысы Айжамал Батырхан, жүлделі I орынды №1 мектеп-лицейінің оқушысы Айғаным Мақсатқызы жеңіп алды. 1000 шақырым қашықтыққа жүгіру сайысында жүлделі III орын Максим Горький атындағы орта мектептің оқушысы Ержан Үсеновке, жүлделі II орын Жамбыл орта мектебінің оқушысы Диас Өмірәсілге, жүлделі I орын Райымбек Смайлов атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушысы Нұржігіт Берікке бұйырды. Әскери спорттық қолданбалы эстафета түрлерінен жарыс көркін қыздырған оқушылардың командалық сайысында тиісінше жүлделі III және II орындарды №3 шағын орталықты орта мектеп пен Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушылары жеңіп алса, бұл бәсекенің бас жүлдесін Құлан агротехникалық қолледжінің студенттері өз есептеріне жазды. Айта кетейік, бұл жарыс командалық болғандықтан, сайысқа 5 ер, 1 қыз бала қатысуы керек. Олар алғашқы жаттығуда Калашников автоматын уақытпен шашып жинап, 25 метрге жүгіріп өтіп келесі ойыншыға жалауды ұстатуы тиіс. Жалауды қабылдап алған команда мүшесі газ тұмылдырықпен қорғаныс киімін (ОЗК) №4Б жаттығу бойынша киіп, 25 метрге дейін жүгіріп келесі бір ойыншыға ұстату керек. Үшінші жаттығуда командаласынан жалауды алған оқушы қаппен белгі­лен­ген 25 метрге дейін жетуі тиіс. Содан соң, келесі ойыншылар оқ-дәрі жәшігін алып шығып, дөңгелектерді бағындырып командаласының қолына жалауды тапсыруы керек. Одан кейін екі ер бала дөңгелекті домалатып, мәре сызығынан өтуі керек. Мұнда әр команданың уақыт көрсеткіштері есептеледі. Яғни, біз жазған үштіктің уақыты қарсыластарынан озық болып, жүлдегерлер солай анықталды. Волей­болдан жүлделі III орынды Құлан мектеп гимназиясының қомандасы өз еншілеріне жазса, талай жарыстарда жеңімпаз болып жүрген Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушылары бұл жолы жүлделі II орынды қанағат тұтты. Тартысқа толы ақтық сында қарсыластарынан жеңісті жұлып алған Ахмет Байтұрсынов атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушылары жүлделі I орынды иеленді. Жарыс соңында жарыстардың барлық жиынтық есебі шығарылды. Нәтижесінде жалпы командалық есепте жүлделі III орын Құлан агротехникалық колледжінің білімгерлеріне бұйырса, жүлделі II орын Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушылары жеңіп алды. Ал жүлделі I орын Көгершін ауылындағы Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің оқушыларының енші­леріне жазылды.
Марапаттау рәсімінде қорытынды сөз «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Айбек Сәрсе­хан­ұлына берілді. Ол:- Бүгінгі ойынымыз өз мәресіне жетті. Мінеки, сыннан сүрінбей өтіп, барлық берілген тап­сырмаларды мүлтіксіз орындағын жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне де келіп жеттік. Тәуелсіз еліміздің жастарына әрдайым үлкен сенім артылып келеді. Осы сенімді ақтау үшін біз, жастар, әрқашан кез-келген сынға дайын болуымыз қажет. «Қазақстан — менің Отаным» дейтін жастарға айтарым, әрдайым бойларыңыздағы жастық жалын, туған жерге деген отансүйгіштік сезімдеріңіз сөнбесін,-деді. Осылайша, жүлдегерлер мен жеңімпаздар анықталып, оларға алғыс хатпен қоса, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: