Ботулизмнің алдын алу
23 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Бекітілген жұмыс алгоритміне сәйкес кеше облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев арнайы жұмыс сапарымен ауданымызға келіп, бірқатар әлеуметтік нысандардың, сондай-ақ, құрылыс заттарын өңдеуші жеке шаруашылық серіктестік өкілдерінің атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Облыс әкімі орынбасарының жұмыс сапары Малдыбай ауылындағы жаңадан бой көтеріп жатқан медициналық пункттен басталды. Өздеріңізге белгілі, биыл аудан аумағында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында дәл осындай 9 медпункт салу жоспарланған. Мінеки, қара күздің екінші айы да түгесілуге жақын. Өкінішке орай, аталмыш нысандардың құрылысы 60-70 пайызға ғана аяқталған. Еркебұлан Әбілханұлы аудан әкімінің орынбасары Руслан Оразханға тез арада шешім қабылдап, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілу барысын қадағалауды тапсырды. Содан кейін, облыс әкімінің орынбасары Луговой ауылының тұрғындарына үй салуға берілгелі отырған инфраструктуралық жоба жұмысының жай-жапсарына қанығып, жұмысты жүргізіп жатқан мердігер компания басшыларымен тілдесті. Мұнда да шикілік көп. Яғни, ауыз су, электр желісі тартылмай тұрып, алқапқа шағал тас төселініп қойған. Бұл мәселе бойынша
Еркебұлан Дауылбаев жеке пікірін білдіріп, тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылмай келгендігін айтты. Бұдан соң, Еркебұлан Әбілханұлы «Құлан жолдары», «Алғабас кірпіш зауыты» ЖШС секілді құрылыс заттарын өңдеуші кәсіпорын жетекшілерімен тілдесіп, пікір алмасты. Содан соң, Құлан ауылында салынғалы отырған «Жастар саябағының» эскиздік жобасымен танысқан облыс әкімінің орынбасары мұндағы жасалып жатқан жұмыстарға да көңілі толмайтынын жеткізді. Одан кейін, Еркебұлан Дауылбаев «Сұлутөр» кинотеатрында аудан жұртшылығымен кездесіп, тұрғындардың сұрақтарына ден қойды. Артынша «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Нәтижесінде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты мысалдар арқылы жауаптар қайтарылып, ұсыныстар хаттамаға жазылды.
Облыс әкімі орынбасарының бекітілген кестеге сәйкес жоспарланған жұмыс сапары аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында қорытындыланды. Өз сөзінде Еркебұлан Дауылбаев мемлекеттік қызметте жауапкершіліктің жүгі басым екенін атап өтіп, іскерлікпен нәтижелі жұмыс жасау қажеттігін ескертті.
Марат Жолдасбекұлы.