Сынға сығалай қарамайық

782 Views

«Конституция бойынша біздің еліміз — әлеуметтік мемлекет. Сон­дық­тан мемлекетіміз азаматтар алдын­дағы міндеттерін орындауы тиіс» деді ел Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғам­дық диалог – Қазақстанның тұрақ­ты­лығы мен өркендеуінің негізі» де­ген Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында. Мемлекет басшысы өз сөзін­де тұрып, әкімдердің халықпен жүз­десулері азайып кеткенін сын­ға алып, осы олқылықты де­реу ретке келтіруді Үкіметке тап­сырған болатын. Өйткені қоғам­да­ғы әділеттілік ең алдымен атқару­шы билікке байланысты екені айт­­­паса да түсінікті емес пе? Пре­зи­­дент әкімдердің жылына бір жолы халықпен кездесу өткізуін «көзбояу­шылық» деді. «Сондықтан әкімдер күн сайын халықпен бірге болып, қоян-қол­тық жұмыс істеуі керек» деп атап көрсетті.
Айтылған сыннан ең алдымен аудан әкімі қорытынды шығарып, аймақтарды аралау жөніндегі өзінің жұмыс алгоритмін белгіледі. Осы кесте бойынша әкім барлық ауылдық аймақтарды аралап, халыққа ете­не жақын барып, олармен ашық фор­матта пікірлесіп, жұрттың мұң-мұқтажын білді. Иә, осындай кездесулер мен есеп берулерде көп­теген сын-ескертпелер айтылып, проб­лемалар көтерілді. Мәселен, әкім Қонаев ауылында болғанда көптеген әлеуметтік мәселелер қозғалды. Елді мекеннің «Юбилейное» атауы ескірген, бұл туралы облыстық «Ақ жол» газетінде журналист мәселе көтеріп, жұрт алдына Дінмұхаммед Ахметұлының атын қоюды ұсынды. Бұл ұсыныс үш-төрт жылға дейін қолдау таппай, көшелер мен елді ме­кен атауларына маратории жария­лан­ғандықтан кешеуілдеп болса да осы­нау дара тұлғаның есімі ауылға бе­рілді. Бұл жаңа атау елдің еңсесін, тіпті рухын көтерді десек те болады. Енді ауылға кіре беріс жерге көрнекі етіп: «Қонаев ауылы» деп жазып, ол кісінің үлкен билбордқа басылған суретін іліп қою керектігі жайлы да аудан әкімімен болған кездесуде айтылды. Өкінішке орай бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Ал, ол аз десеңіз, «Алматы-Ташкент» тас жолының осы ауылға бұрылатын тұсына ілінген көрсеткіш тақтада әлі күнге дейін «Юбилейное» деген жазу тұр. Бұл ауыл әкімінің салғырттығы, сынға сығалай қарағандығы деу керек.
Біз: «Журналистер төртінші би­ліктің өкілі» дегенді бұрын жиі айту­шы едік, қазір газетте сын аз бол­ған соң ба ол сөздің парқы кетіп ба­рады. Кеңестік кезеңде газет жаз­ған сынға колхоз басшылары, парторгтар, тіпті сот, прокуратура органдары жауап беретін. Журналист көтерген мәселе, сын мақала тіпті аудандық партия комитетінің, аудан әкімінің коллегиясында талқыланып, кемшілікке кеңшілік жасаған лауа­зымдылар тиісті жазасын алатын.
Бүгінгі баспасөз де атынан ауып түскен жоқ, сол баяғы сүрлеумен келеді. Алайда газет көтерген мәселелерге аудан басшылары тарапынан қолдау болмағандықтан «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып келеді. Әйтпеген күнде газет көтеріп жүрген мәселелер көп. Біздің аудан белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың атымен аталады. Күні кеше ғана оқырманымыз Жәнібек Әміренің атынан ол туралы «Тұрар есімі жүрек төрінен орын алса ғой» деген мақала жарияладық. Неге біз осындай дара тұлғаның атын «Т.Рысқұлов» деп қысқартып жазуға тиіспіз? Неге «Тұрар» деп толық жазбаймыз? Егер Шерхан Мұртаза ағам тірі болса осы ойымызды бүк­песіз қолдаған болар еді. Сондай-ақ, газет азаматтарымыздың аты-жөнінің «орысша» ұғыммен яғни кеңестік кездегідей «Иванов Иван Иванович» дегендей тәртіппен жазып жүргенін сынаған еді. Ал, шын мәнінде ең алдымен адамның есімі, одан соң әке­сінің аты. Соңында атасының нәмі жазылуы тиіс. Мәселен, «Дінмұ­хаммед Ахметұлы Қонаев» деген ретпен жазылуы тиіс. Бұл жерде біздің төлқұжатымыздың өзінде аты-жөніміз теріс жазылып жүргені де айтылған болатын. Бұл мәселені ішкі саясат бөлімі Парламент депу­таттарының папкісіне салып берсе нұр үстіне нұр дер едік.
Әлеуметтік салада көтеріліп жүр­ген мәселелерге атүсті қарауға болмайды. Әр сын – сындарлы болсын десек, оған жауап жазу керек. Ал, оны бақылауға алып, аудандық әкімдіктің коллегиясында қарап, тиісті қорытынды шығарылып жатса, біз Ел Президенті айтқан тапсырма үдесінен шыққан болар едік. Сондықтан сынға сығалай қарамайық, ағайын!

Поделиться ссылкой: