«Жас Ұлан» ұйымы көшбасшыларының форумы

2 072 Views

«Кемелді келешекке – кемеңгер Елбасымен!»

Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі білім бөлімінің аудандық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бірлестігі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы және «Балалар мен жасөспрімдер қозғалысын және қоғамдық ұйымдарды дамытудың ұлттық бағдарламасы» жобасы аясында аудандық «Кемелді келешекке-кемеңгер Елбасымен!» атты «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы көшбасшыларының форумы Максим Горький атындағы орта мектепте өтті.
Форумға арнайы шақырылған қонақтар, Тұрар Рысқұлов аудандық Жастар ресурстық орталығының инспекторлары, аудан әкімдігінің білім бөлімі және «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшылар, 220 жасұландықтар мен көшбасшылар, еріктілер тобының мүшелері, мектеп тәлімгерлері қатысты.
Форум барабаншылар мен керней­шілердің дабылымен басталды. Ту тапсыру рәсімі көрсетілді.«Жас Ұлан» ұйымының Туын Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің оқушысы, ұйымның белсенді мүшесі Зайда Бәзілбек, Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы, көшбасшы Әсел Абдыхалықоваға салтанатты түрде, зор сенім білдіре отырып тапсырды. Жаңа ұланбасы жерлестеріміздің даңқты ерлігі мен өнегесі негізінде ерлікке үйренуге және Отанға шексіз қызмет етуге, елінің болашағы үшін игілікті істерді атқаруға әрқашанда дайын екенін айтты.
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің жасұландықтары барлық қатысушыларды орнынан тұрғызып «Сәлем достар! Біз Жас Ұлан…» сәлемдесу флешмобын көрсетті.
10000 мыңнан аса мүшесі бар «Жас Ұлан» ұйымы Елбасының бастамасын қуаттап, осыған дейін атқарған игілікті шараларын «Жас Ұлан» ұйымында жалғастыруда. Бұл ұйым балаларға жаңа ой әкеліп, өзекті мәселелерді қозғап, жаңа серпін берді. Құландық ұландар да аталмыш ұйымның бір кірпіші болып қаланады. Осы уақытқа дейін балалар әлемінде талай игілікті істер атқарған жас ұландықтар талай жетістіктерге жетті. Осы форумда «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына 7-16 жас аралығындағы ауданымыздың үздік 15 оқушысы салтанатты түрде қабылданды. Ұйымға қабылданған оқушыларымызға төсбелгі мен галстук тағу рәсімі жиын қонақтары мен аудан тәлімгерлеріне берілді.
Салтанатты сәтте, өздерінің ізгі ниетін білдіру үшін «Кемелді келешекке – кемеңгер Елбасымен!» атты тақырыпта ашық мінбе жарияланды. Ашық мінбеге: Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің ұланбасшысы Алина Еркін, Айтқұл Шынәсілов атындағы орта мектептің оқушысы Ақбота Есіркеп, Максим Горький атындағы орта мектептің оқушысы Алина Жексен шықты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды «Еріктілер» жылы деп жариялағанына байланысты біздің ауданымыздың да «Жас Ұлан» ұйымының мүшелері арасынан «Еріктілер» тобы құрылып, өз жұмыстарын бастап та кеткен еді. Форум барысында қайырымдылық шараларымен айналысатын «Құлан KZ» деп аталатын еріктілер тобы көп­шілік алдында өздерінің жұмыс жоспар­ларын қысқа да, нұсқа таныс­тырып өтті.
Ауданымызда дарынды көшбасшы оқушылар аз емес. Осы жыл ішінде ұйымның қоғамдық жұмыстарына атсалысып, белсенділік танытқан оқушыларымызды және ұйымның жұмысын жандандырып, өскелең жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше үлес қосып, әрбір жасұландықтардың жүрегіне Отансүйгіштік пен елжандылық сезімін сіңіруде еңбек еткен, бір мақсатта әрекет етуіне жағдай жасап, бағыт беріп жүрген мектеп тәлімгерлерін марапаттау рәсімін аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Бақтияр Асқар мен аудандық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының үйлестірушісі жүргізді.
Форумның соңы жасұландықтардың концертіне ұласты. Концертте Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп пен Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің жасұландықтары флешмоб ұйымдастырды. Ақбұлақ орта мектебінің «Ай-Ару» бишілер тобы қазақша биден шашу шашса, Ақтоған орта мектебінің оқушысы Мансур Қожахмет, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы Серік Азамат, Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушысы Мерей Алтынбекова тамаша әнімен көрермендерді тәнті етті.
Заманауи Қазақстанның ұлтжанды, рухы биік, білімді, жаңашыл жасұлан­дықтары алдағы уақытта Елбасы сенімін, ел сенімін ақтайтыны сөзсіз.

Эльзат Тілеубаева,
аудандық «Жас Ұлан» балалар
қоғамдық ұйымының үйлестірушісі.

Поделиться ссылкой: