Елдің елдігі- бірлігі мен ынтымақты тірлігінде

868 Views

«Ел болам десең, бесігіңді түзе». Бұл сөздің мәні өзгерген жоқ әлі. Бүгінгі күні біз түзейтін дүние көп. Кеңестік кезеңнің кесірі ме, жаһандық дәуірдің желігі ме, әйтеуір көптеген оябы бөлек құндылықтарымыздың бояуы кетіп қалды. Қазақы қалпымызды, ұлттық болмысымызды, салт-сана, жөн-жоралғыларымызды сақтаймыз десек, кешегіміз бен бүгінімізді безбендеп, ертеңіміз үшін ұялмайтын іс қылған жөн. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ұлттық кодты сақтаудың жөні де, жолы да осы.

Тараз төрінде өткен «Елдік елге байланысты» қоғамдық форум жоғалтқан дүниемізді түгендеп, жыртығымызды бүтіндеп алудың алғы шарты еді. Енді міне, соның заңды жалғасы ретінде аудандық М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінде де аталған тақырып аясында форум өтті. Форумға әкімдік қызметкерлерінен бастап мешіт имамдары, ардагерлер, асабалар, Үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық кеңес, этномәдени бірлестік мүшелері, кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары шақырылды. Төртеу түгел болған форумды М.Төлебаев атындағы саз мектебінің директоры Бердіхан Бабасов жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде «Қоғамның, ұлттың дамуына кедергі келтірер кертартпа дағдылар мен әдеттер белең алған бүгінгі күні елдігімізді, бірлігімізді білдіруіміз керек» деген ой айтты. Форумда сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Бейсен Әлпейісов, мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық орталық мешіттің имамы Сұлтаншәріп Жадыраев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиевалар ұлттық құндылықтар, той мәдениеті, ысырапшылдық пен діни жоралғылар жөнінде келелі ой қозғап, ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Форумды қорытындылаған аудан әкімі Ерболат Садырқұлов «Бұл ауқымды шараның түп төркіні еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан бас­тау алғаны белгілі. Біздің басты құн­дылығымыз –елдің амандығы мен жердің тыныштығы, бірлігі мен бейбітшілігі. Ұлағаты мол ұлтымыз үшін, әлемдік өркениет биігіне беттеген еліміз үшін, тәуелсіздікті ту еткен, мызғымастықты мақсат еткен мемлекетіміз үшін бірлік пен татулықтың маңызы ерекше. Заманмен бірге сана да, талғам да өзгерген уақытта елдік ерекшелік пен ұлттық ұлылықты айқындайтын ақиқат болмысымызды жоғалтып алуға жол беруге болмайды» дей келіп, барша аудан жұртын ел игілігі жолында берекелі тірлік пен ынтымақты істердің ұйытқысы болуға шақырды.

Мереке Ержанұлы.

Поделиться ссылкой: