Луговойда жол мәселесі өзекті

597 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты — азаматтардың құқығын қорғау. Жергілікті басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек» деген еді. Бүгінде аталмыш тапсырма өз деңгейінде орын­далуда. Президенттің осы бір тап­сырмасынан кейін облыс және ау­дан бас­шылары шалғайда жатқан ауыл-ай­мақтарды аралап, жергілікті жұрттың тыныс-тіршілігімен жақын таныса бас­тады. Солардың қатарында аудан­ға қа­расты 42 елді-мекеннің барлығын аралап, ондағы мәселелерді өз көзімен көріп, шешу жолдарын іздестірген аудан әкімі Ерболат Садырқұлов та бар.
Өткен аптаның бейсенбісінде аудан әкімі жұмыс алгоритміне сәйкес тоғыз жолдың торабында орналасқан Луговой ауылдық округіне барды. Ондағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көріп, ауылдардағы түйінді мәселелерді халықтың өз аузынан естіп, ұсыныс-талаптарын тыңдады.
Ертеде «Тарты» деп аталған жазық даланың бүгінгі тыныс-тіршілігі ілгері даму үстінде. Луговой ауылында дәл қазір 10 300-ден астам адам тұрады. Ауыл темір жол саласымен тығыз байланысты болғандықтан, тұрғындардың көбісі осы салада қызмет атқарады. Ауылдағы 22 мекеменің 12-сі темір жолға қарасты мекемелер. Олардың қатарында №2 рельс дәнекерлеу кәсіпорыны, Луговой жол дистанциясы, вагондарды техникалық байқау қосыны (ПТО), әскерилендірілген теміржол күзеті (Вохр), теміржол бекеті (Вокзал) сынды мекемелер бар.
Ауылға арнайы іс-сапармен барған аудан әкімі ең әуелі Нұрмағанбетов көшесіне жаңадан төселген жолдың сапасымен танысты. Тексеру барысында көшедегі жаңа жолдың сапасына көңілі толмаған аудан басшысы кемшін кеткен тұстарды айқындап көрсетті. Ізінен тиісті сала басшыларына жұмыс барысын қатаң қадағалау керектігін айтып, нақты тапсырмалар берді.
Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов көше жолдарын тексергеннен кейін, Гүлсім Найзабекова басқаратын М.Горький атындағы орта мектепте болып, ондағы бірқатар мәселелердің түйінін тарқатты. Аты аталған білім ордасында дәл қазір 808 оқушы мен 88 бүлдіршін даярлық сыныбында білім алуда. Олардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Іргетасы 2003 жылы қаланған мектепте мәжіліс және спорт залдары, асхана, лобараториялық сынып бөлмелері бар. Дегенмен, күрмеуі қиын мәселелері де жоқ емес. Ұстаздардың айтуынша спорт зал мен асханаға бақылау камералары керек екен. Сонымен қатар,сабақ кезінде интерактивті тақталарды қосу да айтарлықтай қиындық туғызады екен. Ұстаздарды мұқият тыңдаған аудан басшысы білім бөліміне аталмыш мәселелерді жуық арада шешуді тапсырды. Мектеп асханасындағы ахуалмен танысқан аудан басшысы ас мәзірінде сүт өнімдері болу керектігін алға тартып, тамақтандыру мәселесін басты назарда ұстау керектігін айтты.
Білім ордасынан кейін аудан басшысы 2003 жылы орын алған зілзала кезінде тұрғындарға арнайы соғылған үйлерді аралап көрді. Ондағы электр жүйесі, жол, су, газға қатысты мәселелерге баса назар аударды. Одан соң ауыл әкімі Мұратбек Айтымбетұлының өтінішімен Желтоқсан және Совет Әлімқұлов көшелерінің қиылысына барып, оқушылар өтетін көпірдің тозығы жеткеніне көз жеткізді. Ерболат Салқынбекұлы аталмыш көпірді келер жылы ретке келтіріп, жарықтандыру керектігін айтып, хаттамаға енгізді.
Іс-сапар барысында аудан басшысы «Ынтымақ» шағын ауданы, тұрғындарға берілетін жер телімдері, «Балалар мен жасөспірімдер» орталығы, жеке кәсіпкер Досжан Бейбітовтың жұмыстарымен танысты. Одан бөлек Луговой ауылдық дәрігерлік емханасында болып, ақ халатты абзал жандардың атқарып отырған жұмыстарына баға берді.
Бүгінде Серік Қосшығұл жетекшілік ететін шағын емханада 40-тан астам адам қызмет етеді. Күніне олар 75 адамды қабылдап, емдеу шараларын жүргізуге қауқарлы. Қазіргі кезде 6 тәжірибелі дәрігер, 29 орта буынды мейірбике емханаға тіркелген 9960 адамға қызмет көрсетеді. Емхана қажетті кабинеттер және құрал — жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ақ халаттылар тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетіп, ана мен бала өмірін қорғап, ерекше санатқа жататын аурулардың алдын алуға арналған іс-шараларды арнайы жоспарға сәйкес жүргізіп келеді. Медицина мамандарын мұхият тың­даған аудан басшысы келушілерге са­па­­лы қызмет көрсетіп, жылы жүзбен қарсы алу керектігін ескертті.
Бұрынғы кедендік ғимараттың бір бөлігіне емхана қызметкерлері қо­ныстанса, оның қоймасы бүгінде бос тұр. Соңғы кездері сол бір бос қой­маны спорт залға айналдыру жұмыс­тары кеңінен айтылып жүр. Себебі, Луговойда бірде-бір спорт ғимараты жоқ. Спорт мамандары мен ауыл әкімдігінің қызметкерлері аталмыш нысанды ретке келтіріп, бокс және күрес үйірмелерін ашқысы келеді. Мәселенің мән-жайымен таныс болған аудан әкімі келер жылдың басында құрылыс жұмыстарын жүргізу керектігін басып айтты.
Ауылдағы әлеуметтік нысандарды аралап болғаннан соң, аудан басшысы луговойлық тұрғындармен кездесті. Жиын барысында ең алдымен ауыл әкімі Мұратбек Сванов қысқаша баяндама жасап, осы жылы атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Ауыл әкімі баяндамасында бюджеттің игерілуі, салық түсімі, ауылшаруашылық, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту бағытында атқарылған ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ауыл әкімінің баяндамасынан кейін тұрғындарға сөз беріліп, жиын еркін форматта жалғасты. Кездесу барысында алғашқы сауалды ауыл тұрғыны Бекмұрат Ұзақбаев қойды. Ауыл тұрғыны электр жүйесіне және темір жол өткеліне байланысты сұрақ қойып, ұрлық пен қоқыс тастаудың фактілері азайғанын айтып, жергілікті учаскелік полиция қызметкерлеріне алғысын жеткізді. Аудан әкімі өз кезегінде тоқ тарататын трансформатордың жуырда ретке келтірілетінін айтты. Ал, темір жол өткелін жөндеу аудан әкімшілігінің құзырында еместігін айтып, шешу жолдарын кеңінен түсіндіріп берді. Жиында жайылым мәселесі де көтерілді. Жайылым жайында сұрақты зейнеткер, ауылдың белсенді қарияларының бірі Берікқұл Керімқұлов жолдады. Ауылда жалпы 1238 ірі қара, 6100 қой, 370-ке жуық жылқы бар екен. Аудан әкімі аталмыш сауалға жайылым мәселесі республика көлемінде өзекті екендігін айтып, жан-жақты түсіндіріп, мәселенің шешу жолдарын қарастыруды жауапты басшыларға тапсырды.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан жол, қаңғыбас иттерді аулау, жұмыспен қамту, атаулы әлеуметтік көмек, тариф бағасы, жарықтандыру, балаларға арналған ойын алаңын соғу бойынша сауалдар жолданды. Сұрақтарға нақты жауап берген аудан басшысы кейбір мәселелерді алдағы уақытта шешу үшін хаттамаға енгізді. «Салыстырмалы түрде қарағанда Луговой ауылының әлеуеті өзге ауылдардан көш ілгері. Мұнда су да, газ да бар. Дегенмен, жол мәселесі өзекті. Елді-мекендегі 46 көшенің небәрі 14-тінде ғана асфальт жол бар. Сондықтан да, биыл 11 көшенің жолы жасалынып жатыр. Келер жылы да дәл осылай көңіл бөлетін боламыз. Сіз бен біз болып бірлесе жұмыс жасасақ, қиын істерді еңсеретінімізге сенімдімін» деген аудан басшысы жиынды қорытындылады.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: