Құлан қалашығының тарихымен танысты
Бүгінде еліміздегі барлық орта мектептер «Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-7-сыныптарына арналған «Өлкетану» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу» бағдарламасы аясында оқушыларға сабақ береді. Бағдарламаның басты мақсаты туған өлкенің қалыптасуы мен дамуын кешенді сипаттайтын географиялық, тарихи, мәдени, табиғи және басқа да факторлар туралы білім қалыптастыру; туған елге деген сүйіспеншілік сезімге, қоршаған табиғи ортаны аялауға тәрбиелеу болып табылады. Туған өлкенің табиғи байлықтары, тарихи ескерткіштері және мәдени нысандары туралы білімдерін кеңейту де негізгі мақсаттардың бірі.
Аталған бағдарламаға байланысты Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Сәуле Көшкінбаева аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің «Рухани жаңғыру» жобалық офисі мен аудандық Өлкетану музейінде оқушыларға тарихи танымдық сабақтар өткізіп келеді. Жуырда ол 7-сынып оқушыларын Құлан қалашығына апарып, сабақ өткізді. Сабақ барысында тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қайта қалпына келтіру дирекциясының Тұрар Рысқұлов аудандық инспекторы Сымбат Уресбаева оқушыларға қалашықтың тарихымен таныстырып, мол мағлұматтар берді. Оқушылар туған жердің тарихына қанығып, білімдерін кеңейтті.
А.Қабылбекова,
Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.