Еткен еңбек, төккен тер елеусіз қалмайды
«Ортақ Отан — Қазақстан»
«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі жойылады» деген К.Д.Ушинскийдің ұлағаты үнемі ізденіс үстінде жүретін, бар білгенін өзгелермен бөлісе білетін Роза Мамбетияроваға қарата айтылғандай. Біз бүгін білім берудегі тың әдіс-тәсілдерімен талайды тамсандырған озат әрі тәжірибелі педагог жайында кеңінен сыр шертетін боламыз.
Роза Арыстанбайқызы — Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол білім саласына республикалық және облыстық деңгейде өз үлесін қосып келеді. Педагог-шебер санатындағы білімді де білікті ұстаз мұғалімдік қызметін алғаш бастаған сәттен-ақ көпке үлгілі, өз ортасына сыйлы, ата-аналар мен оқушылар арасында беделді болды. Шәкірттерінің жүрегіне ізгілік дәнін сепкен дарынды ұстаздың оқыту үрдісі тікелей оқушы мен мұғалім арасындағы ынтымақтастыққа негізделді. Сабағында жаңа инновациялық технологияларды пайдалану арқылы оқушыларын сыни ойлауға, шығармашылыққа, бәсекеге қабілетті болуға тәрбиелейді. Әр сабағы ұлттық құндылықтарға толы десек артық айтқандығымыз емес. Сонымен қатар, өнердің қолдаушысы, ана тілінің жанашыры ретінде ұжымда да, қоғамда да белсенділік танытып келе жатқан жаңашыл ұстаз.
Ұлағатты ұстаздың білім, тәрбие саласындағы жетістіктері мен еңбегі ұшан теңіз. Атап айтар болсақ, ол Қазақстан Республикасы педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында І (ілгері) деңгей бағдарламасын игерген көшбасшы мұғалім. Одан бөлек, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан ұйымдастырылған «Оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарға сараптама жасау және сынақтан өткізу нәтижелерін қарастыру» жөніндегі пәндік комиссияның» мүшесі. «Ұлттық тестілеу орталығының» ҰБТ пәндері бойынша тест тапсырмаларының сарапшысы және аты аталған орталықтың жоғары оқу орындарына түсу емтихандарына арнаған тест тапсырмаларын әзірлеуші. Сонымен қатар, ҰБТ-ны өткізу кезінде апелляцияларды қарау үшін құрылатын республикалық апелляциялық комиссия мен облыстық білім басқармасы тарапынан құрылған ең үздік шығармашыл ұстаздар тобының белді мүшесі болып табылады. Бұлардың барлығы Роза Арыстанбайқызының білім беру саласында жоғары деңгейде атқарып жүрген шығармашылық еңбектері және республикамыздың білім саласына қосқан қомақты үлестері деуге болады.
Еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан ұстаздың жазған еңбектері де өте көп. Солардың бірі — «Рухани жаңғыру жағдайында заманауи білім берудің инновациялық тәсілдері» атты еңбегі. Аталмыш жұмысы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Білім берудегі инновациялар: ізденіс және шешімдер» атты V халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында ұстаздарға ұсынылған болатын. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында өткен «Ақтөбе облысы үздік педагогтерінің іс-тәжірибе жұмыстарын тарату» атты республикалық семинарға, Тараз қаласында өткен «Мәңгілік Ел идеясы және білім берудегі модернизация», «Ұлы Дала Елі құндылықтары және білім беру индустриясындағы интеграция» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысқан. Шараға ұсынған баяндамасы мен мақаласы жинаққа енгізілген. Сондай-ақ, Роза Арыстанбайқызы облыстық және республикалық деңгейде бірнеше ашық және шеберлік сынып сабақтарын өткізген мұғалім. Дәлірек айтар болсақ, «Ежелгі дәуір әдебиеті» тақырыбында республикалық онлайн сабақ, республикалық семинарда «Мезгіл бағыныңқылы сабақтастың жасалу жолдары» тақырыбында ашық сабақ, облыстық үздік педагог байқауында «Ақан серінің әні «Балқадиша» тақырыбында ашық сабақ, «Оқу сауаттылығының негізі – мәтінмен жұмыс» тақырыбында республикалық шеберлік сынып сабағы, облыстық онлайн-семинарда «Мәтіннің түрлері» тақырыбында шеберлік сынып сабақтарын көпке үлгі етуге болады. Ұстаздың шығармашылық еңбегінің бір парасы ғылым саласымен де ұштасады. Бұл орайда оның жүлделі орынға ие болған және аудан, облыс көлемінде таратылған авторлық бағдарламаларын мысал ретінде келтіруге болады. Мысалы, «Жай сөйлем синтаксисі», «Сөз тіркесі синтаксисі», «Құрмалас сөйлем синтаксисі», «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Ежелгі дәуірдегі балалар әдебиеті», «Түркі халықтарының әдебиеті», «Эссе жазудың теориясы мен әдістемесі» атты авторлық бағдарламаларын және педагогика саласына арналған әдістемелік еңбектерін көмекші құрал ретінде аудан, облыс көлеміндегі көптеген мұғалімдер пайдалануда. Сондай-ақ, аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда өлеңдері, мақалалары, баяндамалары мен педагогикалық еңбектері үздіксіз жарияланып келеді.
Өз бақытын білім саласынан тапқан ұстаз, қаланың емес ауыл балаларын оқытуды, оларға сапалы білім беруді таңдапты. Кейкеріміздің ойынша дарынды балалардың басым көпшілігі ауылдан шығады деп есептейді. Тек есептеп қана қоймай, сол ойын іске асыра білген мұғалім талай дарынды балалардың бағын ашқан. Олардың қатарында медиа саласында еңбек етіп келе жатқан біздің әріптестеріміз Айжан Қасымова мен Әлішер Өмірзақ бар.
Кездесу барысында кейіпкерімізге «Оқушыларын осындай жетістіктерге жеткізудің сыры неде?» деп сауал жолдадық. Біздің тараптан қойылған сауалға ұлағатты ұстаз былай деп нақты жауап қайтарды. «Дарынды оқушыларды дайындауда мұғалім «Ерінбей еңбек етсең, алынбайтын асу жоқ» деген ұстанымға сүйенуі қажет. Ұстаз бұл ұстанымын оқушыларынан да талап еткені дұрыс. Сонда ғана айтарлықтай нәтижеге жетуге болады. Мәселен, мен дарынды балаларды жеке дайындаймын. Шындығын айту керек, кейде оқушы саны мыңнан асып жығылатын үлкен мектепте дарынды балаларды дайындау мүмкіндігі болмай жатады. Бірақ, ол мен үшін сылтау емес. Оның да жолын табуға болады. Қажет болса, оқушыны үйіне алып кетіп дайындаймын. Осылайша оқушыға көбірек көңіл бөлуге тырысамын. «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, шәкірт тәрбиелеуде жетістіктерге жетудің сыры, ең әуелі, ұстаздың талантты болуында, екіншіден, білім мен еңбекті тәжірибеде ұштастыра білуінде жатыр» деп жауап берді.
Еткен еңбек, төккен тер ешқашан елеусіз қалмайтыны белгілі. Роза Арыстанбайқызының білім саласына қосқан елеулі үлестері аудан, облыс, республика тарапынан жоғары бағаланып, төмендегідей марапаттаулар берілген. Атап айтар болсақ, Республикалық, облыстық «Үздік педагог — 2013» байқауының жеңімпазы атанып, Қазақстан Республикасы «Білім беру ұйымының үздік педагогі» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Қазақстан Республикасы Білім беру саласының Құрметті қызметкері» төсбелгісі кейіпкеріміздің кеудесінен орын тапқан. Сондай-ақ, Роза Арыстанбайқызы білім беру саласындағы жемісті еңбегі үшін сан түрлі мекемелердің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Ұстаз дейтін ұлы қызметті мінсіз атқарып, еліміздің білім беру саласына елеулі үлес қосып жүрген қандас бауырымыз Роза Мәмбетиярованың еңбек жолы жайлы сыр шерткенде, батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген сөзі еріксіз ойға оралды. Шыныменде, кездесу барысында ұлы қызметтің ауыр жүгін арқалаған ұстаздың оқушы жүрегінен орын алғанына көзіміз әбден жетті.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.