Шоқ тілді Шона
33 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Өткен аптада Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бауыржан Үдергенов ауданымызда болып, «Нұр Отан» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Тұрғындардың тілегіне Бауыржан Арынұлымен бірге аудандық полиция бөлімінің басшысы Қайрат Қапаров пен партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанатбек Арыстанбеков те құлақ түрді. Каменка ауылының тұрғыны Гаухар Мұсабекова 2016-2017 жылдары танысына банктен екі жүз мың теңгеден екі мәрте несие алып берген екен. Танысы төлемей кеткен. Сот арқылы өндірмек болғанына қарамастан танысы соттың шешімін орындамай қашып жүрсе керек. Енді соны өндіріп беруді сұрап, Үдергеновке үміт артты. Абай ауылының тұрғыны Біржан Сейтовтың жағдайы да Гаухардың оқиғасына ұқсас. Оның айтуынша оған белгісіз бір адам Нұрсұлтаннан хабарласып тұрғанын айтып, «Әлеуметтік көмек алуға өтініш берген екенсіз, алайда банкте қарызыңыз бар көрінеді. Соны тездетіп жапсаңыз біз сізге жеті жүз жиырма мың теңге аударамыз» деп сендірген. Қарызданып жүріп несиесін жапқанмен әлеуметтік көмек әлі түспепті. Осының ақ-қарасын анықтап беруін өтініп келіпті.
Қоғамдық қабылдауға келгендердің өзгесі қоғамдық тәртіпті ретке келтіру мәселесін көтеріп, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Мәселен, Құлан ауылының тұрғыны Марат Чулекеев Панфилов көшесіне бейнебақылау орнату, ондағы көпқабатты үйлердің айналасында болатын тәртіпсіздіктер жөнінде сөз қозғаса, Сапаралы Қоңыратбаев қоғамдағы құқық бұзушылықты азайту үшін учаскелік полиция инспекторларының санын арттыру керек деп есептейді. Сол секілді Абай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысқұлбек Секербеков учаскелік полиция инспекторларын қызметтік көлікпен қамтамасыз ету керектігін сөз етті.
Қабылдауға жазылған әр тұрғынның тілегін мұқият тыңдаған Бауыржан Үдергенов көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын көрсетіп, аудандық полиция бөлімінің бастығы Қайрат Қапаров пен оның бірінші орынбасары Қайсар Сүлейменге нақты тапсырмалар берді.
Р.S. Қоғамдық қабылдауда учаскелік полиция инспекторлары үшін жағымды жаңалықты естідік. Бауыржан Арынұлының айтуынша келер жылдың көктемінде аудандағы барлық учаскелік полиция инспекторлары су жаңа қызметтік көліктермен қамтамасыз етіледі екен.
Мереке Ержанұлы.