Жерлесіміз жүлдемен оралды
Облыстық «Aq jol» газетінің бөлім редакторы, ақын Табиғат Абаилдаевтың еңбек жолын аудандық «Qulan tany» газетінен бастағанын оқырман қауым жақсы біледі. Әріптесіміз жуырда ғана Қарағанды қаласында өткен «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық жыр мүшәйрасынан жүлделі екінші орын алып, жазиралы Жамбыл жұртын қуантып еді. Енді міне, жерлесіміз тағы да жүлдемен оралды. Бұл жолы Атырау қаласында қазақ әдебиетінің алыбы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына орай өткен жыр бәйгесінен бәйге алды.
«Алаштың айбоз Әбіші» атты республикалық мүшәйраға елімізден 180 ақын қатысып, кіл мықтылардың ішінен 8 ақын жүлдеге ілікті. Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов бастаған алты алашқа аты мәлім Серік Ақсұңқарұлы, Светқали Нұржанов, Гүлнар Салықбай сынды қазылар алқасы Табиғаттың «Альциона», «Миллениум» атты өлеңдерін жоғары бағалады. Жыр аламанынан екінші орынды еншілеген жерлес ақын 400000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Біз әріптесімізді жүлдесімен құттықтап, биік шыңдардан көріне беруіне тілектестік білдіреміз.
Жерлес ақын Табиғат Абаилдаевтың жыр мүшәйрасынан жүлде алған өлеңдерін 4 беттен оқи аласыздар.