Ел ертеңі — жастар

717 Views

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінде «Мен ертеңі елімнің» атты дарынды оқушыларға арналған аудандық форум өтті. Форумды А.Байтұрсынов атындағы орта мек­тептің оқушылары, жасұландықтар Мағжан Алпамыс пен Алина Еркен жүргізіп отырды. «Бір ғасыр бұрын Алаштың ардақтысы Мағжан ақын сенім артқан Алаш жастарының арманы орындалып, еліміз еркіндік алды. Біз қазір тәуелсіздік туы тұғырлы, айбыны асқақ елдің біріне айналдық. Егемен елдің бүгінгі ұрпағы – біздер ең бақытты ұрпақпыз» деп сөз өрбіткен кешегі Мағжан ақынның көзіндей болған Мағжан Алпамыс «Жас Ұлан» ұйымының Ұланбасшысы, Ақтоған орта мектебінің оқушысы Жансая Мұратбековаға сөз берді. Жансаяның жалынды сөздерінен кейін республикалық жарыстардан жүлде алып жүрген Б.Момышұлы атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Нұржан Ауесбаев, Абай атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Әліби Жұмабек, №1 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Алена Хорешкова, А.Шынәсілов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Аруна Қалауовалар мінберге көтеріліп, өз жетістіктерімен бөлісті.
Форумда халықаралық, респуб­ликалық байқаулардың жеңімпаздары аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, облыстық, аудандық байқауларда топ жарған оқушыларға білім бөлімінің алғыс хаты табыс етілді. Салтанатты шара соңы мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты.

М.Сейдашым.

Поделиться ссылкой: